Ел тынысы

0 28

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ 1,5 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Премьер-министр Асқар Мамин Парламенттің қос палатасы депутаттарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2019 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Үкімет басшысы мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне және сыртқы экономикалық конъюнктураның нашарлауына қарамастан, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының соңғы 6 жылдағы ең жоғары өсімі – 4,5%-ға қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар өсімнің 85%-ы шикізаттық емес салаларды дамыту есебінен қамтамасыз етілген.
Экономика өсімінің негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі (4,5%), құрылыс (12,9%), көлік (5,1%) және сауда (7,6%) болды. Негізгі капиталға cалынған инвестициялар 8,5%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 9,5%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы $97 млрд дейін өсті, сыртқы сауданың оң сальдосының өсімі $19 млрд құрады. Инфляция жоспарланған дәліз шегінде 5,4%-ды құрады. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. Ең төменгі жалақы 1,5 есе өсті.
Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 1,7%-ға төмендеді. Бұл ретте экономиканың негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Тауарлар өндірісі 4,8%-ға артты.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыруға және халықты қолдауға бағытталған жедел әрі шұғыл шаралардың 2 топтамасы (биылғы 23-30 наурыз аралығы) қабылданғанын атап өтті. Әлеуметтік әлсіз топтарға қаржылық көмек көрсетілді, оның ішінде қажетті дәрі-дәрмектермен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді, банк несиелері бойынша төлемдер уақытша тоқтатылды, салық және басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Дағдарыс жағдайында жеке сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу және бизнесті ауқымды ынталандыру шаралары қабылданды.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту шараларымен осы жылдың соңына дейін 1,2 млн-нан астам азамат қамтылатын болады. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы аясында 6,5 мыңнан астам жоба іске асырылады. Бұл 255 мың жұмыс орнын ашуға және инженерлік-коммуникация­лық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өңірлерде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бизнестің жол картасы экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады.
Үкімет 2020 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, белсенді түрде іске асыруда. Биылғы 1 тамызға дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Ол еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды.

Жәрдемақы мөлшері көбейді

Жыл басынан бері Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған жеке жәрдемақыны 400 мыңға жуық отбасы алды. Бұл жөнінде «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жеке жәрдемақы енгізілді. Аталмыш жәрдемақы – төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасыларға арналған. Мемлекеттен берілетін көмектің мөлшері бала санына байланысты берілетін. Мәселен, төрт және жеті баласы бар отбасылар 44 448 теңгеден 77 784 теңгеге дейін ала алады. Бұл жәрдемақы елімізде 392 мың отбасына төленді.
Алайда қолданыстағы ережелерде жәрдемақы алушылардың белгілі бір санатының мүдделері ескерілмегені белгілі болды. Мәселен, 16 баласы бар отбасы 7 баласы бар отбасы сияқты жердемақы мөлшерін алатын.
«Аталмыш олқылықты жөнге келтіру үшін Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 13 мамырында 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға арнайы жәрдемақы мөлшерін белгілеген заңға қол қойды. Сонымен, 8 балалы отбасы үшін жәрдемақы – 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 балаға – 111 120 теңге, 11 балаға – 122 232 теңге, 12 балаға – 133 344 теңге, 13 балаға – 144 456 теңге, 14 балаға – 155 568 теңге, 15 балаға – 166 680 теңге, 16 балаға – 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген».
Бүгінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттерінің шемімімен жәрдемақы мөлшерін ұлғайту бойынша 1092 істі бекітті.
Бала санының өзгеруіне байланысты, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім нысанының күндізгі бөлімінде оқитын (23 жасқа дейін) балаларды есепке ала отыра жәрдемақы мөлшері қайта есептеледі.
Көпбалалы отбасылар мөлшері өзгертілген жәрдемақыны 2020 жылғы 1 шілдеден бастап алатын болады.

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, бір топ дәрігерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады.

«Еліміздегі барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Ауырған жанды емдеу, өмірін сақтау – сіздердің қастерлі еңбектеріңіз. Бүгінде көпшілігіңіз пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрсіздер. Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Аман болыңыздар! Мемлекет сіздерге жан-жақты көмек береді» деп жазды Президент Twitter парақшасында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен азаматтардың денсаулығын сақтау үшін жанкешті еңбек етіп, тынымсыз жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің бір тобы мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 20 =