ЕЛ НЕСIБЕСI – ЕҢБЕКТЕ

0 91

2011 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда экономикалық тұрғыда белсендi тұрғындардың 5,4 пайызы ғана жұмыссыздар қатарында. Бұл – шамамен 400 мың адам деген сөз. Жалпы, елдегi жұмыссыздықтың ең шарықтау шегiне жеткен тұсы 1998 жылға тиесiлi екен. Сол кезде iшкi экономикалық дағдарыстың нәтижесiнде елдегi жұмысқа қабiлеттi халықтың 13 пайызы жұмыссыз қалуға мәжбүр болған.
Жұмыссыздықтың екiншi iрi толқыны күнi кешегi әлемдiк эко­номикалық дағдарыс кезiнде бол­ды. Статистикаға сүйенсек, соның нәтижесiнде экономикалық әлеует­тi тұрғындардың 8 пайызы жұмыссыз қалған. Алайда, мұның барлығы уақытша екенiн қазiргi таңдағы тұрақтылық дәлелдеп келедi. Бүгiнде еңбек нарығы осы салада жасалып жатқан нақты бағ­дарламалар аясында қалыпқа түстi. Көрсеткiштердi сөйлетсек, елде жұ­мыссыздық 1993 жылы 6 пайыз болса, 2011 жылы әлдеқайда төмен­дедi. Тағы да көрсеткiштерге көз жүгiртсек, 2011 жылы жұмыс­сыз­дық деңгейi ең төмен ел Австралия болған көрiнедi. 4,3 пайыз ғана. Қазақстанда бұл көрсеткiш – 5,4 пайыз екенiн еске салғымыз келедi. Ресейде – 6,1, Германияда – 6,5, Ұлыбританияда – 7,8, Испанияда – 21,3 пайызға дейiн көтерiлген. Қа­зiр дүниежүзi Қазақстанды әлемдiк экономиканың ең жайлы айлағы деп қарастырады.
Жұмыспен қамту бағдарлама­ла­рына сәйкес тiркелген жұмыссыз­дар қатарында әйелдер мен ауыл­дық тұрғындардың саны басым. Ауыл тұрғындары жұмыс табуға құл­шыныс бiлдiрмейдi. Өз бау-бақшасындағы жемiс пен көкөнiстi өткiзiп, соның нәпақасына өмiр сү­рудi қалыпты жағдайға айнал­дыр­ған. Көптеген әйелдер үшiн еңбек биржасына тiркелу – жаңа жұмыс iздеу емес, аз да болса, уақ­тылы қа­ра­жат алып тұрудың көзi. Өйткенi, олар отбасылық тiршiлiк­тен қол суыта алмайды. Жұмыс iс­тей­тiн күйеуiнiң жалақысын қа­на­ғат тұта­ды. Алайда, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы «Iскер әйелдер қауымдасты­ғымен» бiрлесе отырып, жұмыссыз әйелдер үшiн келесi мамандықтар бойынша тегiн оқыту мен қайта даяр­лауға қабылдау және жолдама берудi қолға алынды. Күтушi, үй тәрбиешiсi – 20 әйелдi, есепшi – 100 әйелдi, iс жүргiзушi – кеңсе ме­нед­жерi – 80 әйелдi оқыту жоспар­лан­ған. Соңғы төрт айдың қоры­тын­дысы негiзiнде республика бойын­ша кәсiби оқуға, қайта даяр­лауға, бiлiктiлiктi арттыруға 4708 адам жiберiлген. Олардың 31-i оқу­ды ойдағыдай аяқтады. Жастар тә­жi­рибесi бойынша 2421 адам жұ­мысқа орналастырылған. Дерек қорындағы бос жұмыс орындарына 2023 адам орналасты. Астана бойын­ша 161 адам қайта оқуға жi­бе­рiлiп, олардың 119-ы жұмыспен қамтылған.
Қазақстанда жыл сайынғы жұ­мыссыздықпен күресу үшiн жаңа бағдарламалар жобасы жасалады. Биылғы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға рес­публикалық бюджеттен 62,3 млрд теңге бөлiнген-тұғын. Былтыр­ғы­мен салыстырғанда, көбiрек. 2011 жылы бюджеттен мұндай бағдар­ламаға 40 млрд теңге бөлiнгенi бел­гiлi. Ол шамамен 100 мың қазақ­стан­дықты жұмыспен қамтуға мүм­кiндiк тудырған. Биылғы бөлiнген мол қаржы 126 мың жұмыссызды лайықты жұмыспен қамтиды деп жоспарланған.
Бұдан кейiнгi жылдарда бөлi­не­тiн қаржы ауқымы 100 млрд теңгеге дейiн өседi деген болжамдар ай­ты­луда. ҚР Еңбек халықты және әлеуметтiк қорғау министрi Гүл­шара Әбдiхалықованың айтуынша, бағдарламаның тиiмдi жүзеге асуы ел iшiндегi кедейшiлiктi 8,2 пайыз­дан 6 пайызға төмендетуге жол ашады. Ал жұмыссыздық деңгейi 5,5 пайыздан арыға көтерiлмейдi. Осындай жағымды көрсеткiштерге қол жеткiзу барлық қазақстан­дық­тардың әлеуметтiк ахуалына айтар­лықтай серпiн бередi, әрi мем­ле­кет­тiң стратегиялық тапсырмалары­ның тиiмдi орындалуын қамта­масыз етпек.
Жаңа бағдарламаның мақсаты анық. Ол – тұрақты әрi өнiмдi еңбекпен қамтамасыз ету арқылы тұрғылықты халықтың табыс дең­гейiн көтеру. Ол жұмыссыздар мен табысы аз қазақстандықтарға ар­налған. Негiзгi басымдық өз бетiн­ше тiрлiк етiп жүрген азаматтарға түсiрiлген. Өз бетiмен күн көре­тiндер саны жалпы халық санының үштен бiрiн қамтиды. Олардың 7,1 пайызы – ауылдық тұрғындар. Олардың бiлiм алу деңгейi де әр­түрлi. Қаладағы өз бетiнше жүмыс iстейтiндердiң 27 пайызы – жоғары бiлiмi бар азаматтар, үштен бiрi – кәсiптiк бiлiм алғандар, жарты­сынан азы мектептi ендi бiтiргендер екен. Ал, ауылда бұл көрсеткiштер басқаша. Жоғары бiлiмдiлер – 8,5 пайыз, кәсiптiк бiлiм алғандар – 15 пайыз, мектептi бiтiрушiлер – 76 пайыз екен. Сондықтан ауылға ар­наулы бағдарлама қажет екенi айтпаса да түсiнiктi.
Қазiргi таңда өз бетiмен жұмыс iстеушiлердi заңдастыру шаруасы қолға алынып жатыр. Зейнеткер­лiкпен қамту, әлеуметтiк сақтан­дыру қорларына жарна төлетудi мiндеттеу керек. Олардың көбi мұн­дай жарна төлеуден бастарын алып қашады. Бiрақ осы елдiң азаматы болғандықтан, ертеңгi күнi қартайса, мемлекет оларды бағып-күтуге мiндеттi болмақ. Сондықтан қазiрден жарна төлеп, мемлекетке, қоғамға, экономика мен айнала­сын­дағы адамдарға пайда әкеле отырып, әр азамат мiндеттi борыш­тарын уақтылы өтеп отыруы шарт. Әйтпегенде, Грекиядағыдай күр­делi дағдарысқа тап болмаймыз деп айта аламыз ба? Бiр кездерi бiздiң елден көшiп кеткен гректердiң та­рихи отанындағы қиындыққа шы­дамай, қайтадан туып-өскен Қазақ­станға оралып жатқаны сол жұ­мыс­сыздықтың ауыр салдары екенi айтпаса да түсiнiктi.

Шынар ӘБIЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =