Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА, Астана қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫНА ЗӘРУ МАМАНДЫҚТАРДЫ ИГЕРУ КЕРЕК

0 254

Эльмира СуханбердиеваЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында өскелең ұрпаққа білім мен патриоттық тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруды жүктеген еді. Осы ретте бас қаланың білім беру саласындағы ауқымды жұмыстары туралы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Эльмира Амангелдіқызы әңгімелеп берді.

– Алдымен елорданың білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттар туралы айтып берсеңіз…

– Астана қаласындағы барлық білім мен тәрбие беру мекеме­лері басшыларының қаты­суымен өткен қалалық кеңесте Пре­зидент Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланды. Әр мекеме бойынша білім сапасын арттыру мақсатындағы басым бағыттар белгіленді. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесе атқаратын іс-шаралар жос­пары жасалды. Мәселен, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету мәселесін шешу, бәсекеге қабілетті, дұрыс шешім қабылдай алатын оқушы тұлғасын қалыптастыруға жан-жақты жағдай жасау, заманауи педагогикалық әдістемелерді жүйелі енгізу, қала мектептеріндегі орын жетіспеушілік пен үш ауы­сымды оқыту мәселелерін шешу жолдарын қарастыру, мұғалімдердің және мектеп бас­шыларының деңгейлік курстардан өтуін қамтамасыз ету және білім сапасын жүйелі бақылап отыратын мектепішілік бақылаудың әдіс-тәсілдерін енгізу жұмыстары қолға алынды.

Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан

«Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс».
– Президент 2017 жылға қарай елдегі барлық мектепті екі ауы­сыммен оқытуға көшіруді тапсырғаны белгілі. Күн санап халқы көбейіп келе жатқан бас қалада бұл мәселе қалай шешімін таппақ?

– Жалпы орта білім беретін мекемелердің әрқайсысы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес болуды көздейді. Елорданың әрбір оқушысына қоғамның белсенді мүшесі ретінде еліміздің әлеу­мет­тік, мәдени және эконо­микалық дамуына өз үлесін қосуына барынша мүмкіндік жасалуы тиіс.

Соңғы жылдары қаламыздағы білім мекемелерінің саны біршама өсті. Бүгінде барлығы 287 білім беру мекемесі бар. Демографиялық ахуалдың жақсаруы мен көші-қон үрдісінің арқасында оқушы саны да артты. Дегенмен, қаладағы 83 мектеп (71 мемлекеттік және 12 жеке меншік) тұрғылықты жері бойынша балаларды оқуға барынша қамтып, орын тапшылығын төмендетті.

– Осы саладағы күйіп тұрған мәселенің бірі – балабақша тапшылығы. Қан­шама ата-ана баласының кезе­гін күту­мен келеді?! Елор­далық бүлдір­шін­дерді мектепке дейінгі біліммен қамтуда қандай жос­парларыңыз бар?

– Біздің балабақшаларда мектепке дейінгі даярлық, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету, тіл үйрену бойынша бірдей жағдай жасалуда. Бұл – сапалы адами капиталды қалыптастырудағы маңызды қадам.

Биыл мектепке дейінгі мекемелер саны 148-ге жетті. «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында балаларды мектепалды даярлықпен қамтуды 94 пайызға жеткіздік. Бірақ, орын тапшылығы әлі де бар.

Осы ретте айта кетейін, қазіргі уақытта қысқа мерзімді топтарға 3688 бала қабылданды. Жаңа ба­лабақшалар ашылған күнде де, мұндай топтарды ашу жұмыстары жалғаса береді.

Бүгінде жекеменшік балабақ­ша­лардан 4510 орын мемлекеттік тапсырыс берілді. 2016 жылға дейін 7260 балаға арналған 30 мем­лекеттік балабақша және бір жапсаржай құрылысы, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен хол­динг­тердің 1400 орынға арналған алты ведомстволық балабақ­шасын ашу жоспарлануда.

– Сапалы білім беру қыз­метінде  мұғалімнің кәсіптік дең­гейі ма­ңызды рөл атқарады. Сіздің ойы­­ңызша астаналық ұстаз қандай болуы керек?

– Астананың білім беру жүйе­сінде 11 856 педагог жұмыс істейді. Олардың 46,5 пайызы – жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. Менің ойымша, қазіргі заманғы мұғалім – сыни тұрғыда ойлай білетін, теориялық білімі терең, оқы­тудың жаңа әдістерін меңгерген, сан­дық технологиялар мен интернет-ресурстарды еркін игере алатын тұлға. Өзінің кәсіби шеберлігін жетіл­діру үшін әр педагог үнемі шығар­ма­шылық ізденісте болуы керек.

– Олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған ба?

– Әрине, мәселен елорда мек­тептерінің басшылары мен мұға­лімдері Кембридж универ­ситетінің бағдарламасы бойынша біліктілік арттыру курстарына белсенді түрде қатысады. Өткен оқу жылы ішінде біліктілігін арттырудың үшінші базалық деңгейін – 410, екінші дең­гейін – 81, бірінші деңгейін – 50 мұ­ғалім игерді. Бұған қоса, «Өрлеу» АҚ тарапынан 2860 қызметкер өз білімін шыңдады, ал биыл 1827 педагог арнаулы курстан өтеді.

Сонымен қатар, «Балапан» бағ­дарламасы аясында 1242 мұғалім жаңа модуль бойынша оқыды. Инклюзивтік білім беру, элек­трон­дық оқыту жүйесін қолдану, көп тілді білім беру бағыт­тары бойынша 903 педагог арнаулы курстан өтті. Педагогтардың кәсіптік біліктілігін арттыруды үнемі назарда ұс­таймыз. Өйт­кені оқыту сапасы, білім беру үде­рісінің инновациялық маз­мұны, мектеп оқушыларының оқу іс-әрекетін ынталандыру педагогтың кәсіби сауаттылығына байланысты.

Қазір ақылды технологияның заманы. Президент алдағы екі-үш жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлт­тық жүйесін қалыптастыруды ескертті. Бұл бағытта қандай жұ­мыстар жүргізілетін болады?

– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттардың бірі – оның қала эко­номикасының қажеттілігіне бағыт­талуы. Биыл мемлекеттік тапсырыс – 870 орынға, оның ішінде жер­гілікті бюджет есебінен – 270, рес­публикалық қаржы есебінен 600 орынға артты. Иә, өзіңіз айтқандай Білім басқармасы дуальдік дайындық элементтерін оқу үдерісіне енгізу жөнінде жұмыстарды бастады. Қаладағы төрт колледжде жеті ма­мандық бойынша экспериментальды бағдарлама іске асырылуда. Және  он колледжге де дуальдік оқыту
эле­менттері енгізілуде.

– Нақты қандай мамандықтар бар?

– Дуальдік оқыту енгізілген мамандықтар тізбесіне негізінен құрылыс, теміржол және электр­мен жабдықтау ма­мандықтары кіреді.

Бұл бағытта политехникалық колледж жұмыс істейді. Үш мамандық бойынша дуальдік оқытуға 1000-нан астам студент қатысады. Оқыту аясында колледждер
8 мемо­рандумға және студент­тер­дің тә­жірибеден өтуі үшін 225 келісімге қол қойды. Нәти­же­сінде 20 шақты студент атаулы шәкірт­ақы және жұмыс беру­шіден жалақы алады. Ал, 225 студент «КНАУФ» фирмасынан білік­тілігін жетілдіргені жөнінде серти­фикат алды. Ең бастысы дуальдік оқыту кезінде түлектерді еңбекпен қамту жүз пайызды құрайды.

– Бұл қызметке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Астаналық білім беруді дамыту бұдан әрі қалай жүргізіледі?

– Біз осы уақытқа дейін жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұдан әрі қарай да білім, тәрбие беру сапасын және балаларды сауықтыру деңгейін арттыруға тиіспіз. Елордалық білім жүйесі алдыңғы орында болуы керек.

Заманауи балабақшалар, мектептер, колледждер – Астананың ең басты байлығы. Білім беру жүйесі қызметкерлеріне артылған жа­уап­кершілікті жақсы түсінеміз және сенімнен шығуға бар тәжі­рибемізді жұмсайтын боламыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 7 =