©2020 Астана Ақшамы
Ел мерейі еңбекпен өседі
Сәрсенбай МЫҢБАЕВ, ҚР кәсіподақтары Федерациясы төрағасының орынбасары, Астана қаласы кәсіподақтары Кеңесінің төрағасы
Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік, экономикалық бастамалары мен халықаралық деңгейдегі салиқалы саясаты еліміздің өсіп-өркендеуіне, демократияның дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, халықтар достығының нығаюына, дүниежүзілік қауымдастықта танымал болуына игі әсерін тигізіп отырғаны сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстанның қарышты қадаммен дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл Елбасының егемен еліміздің болашағын дұрыс бағдарлай білуінің, сондай-ақ, Президент қойған міндетті орындауға халықтың аянбай атсалысқанының арқасында деп білеміз.
Мемлекет басшысы осыдан он бес жыл бұрын, ашығын айтқанда, тәуелсіздігіміз әлі бой түзей қоймаған қиын-қыстау кезеңде Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі Cтратегиясын ұсынған болатын. Сол құжатта белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму межелерінің басым көпшілігінің бүгінде орындалғаны белгілі.
Міне, Ұлт көшбасшысы тағы да Қазақстан мен оның халқының болашағы үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ауқымды бағдарламасын белгіледі.
Президент ХХІ ғасыр Қазақстан үшін «алтын ғасыр» болатынын атап өтті және Үкіметтің, өкілетті және атқарушы органдардың, қоғамның, республиканың әрбір азаматының алдына нақты міндеттер қойды.
Президент өзінің Жолдауында қазақстандықтарды әлеуметтік мәселелерді уақтылы шешуге, азаматтық қоғам құруға, еңбек адамының рөлін көтеруге, кәсіподақ ұйымдарының белсенді де күшті болуына, еңбек дауларының алдын алуға, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құруға шақырды.
Астана қаласы кәсіподақтары белсенділері бұл тарихи құжатпен жете танысып, оның негізгі тұжырымдамаларын арнайы жиналыста желтоқсан айында талқылап, Жолдауда ұлттық экономиканы дамытудың, әлеуметтік мәселелерді шешудің, азаматтық қоғамды құрудың, өңірлік көшбасшылықты және халықаралық беделді қамтамасыз етудің қазіргі жағдайына терең талдау жасалғанын, сондай-ақ, ХХІ ғасырдың шешілуі қажет он жаһандық талабы зерделенгенін атап көрсетті.
Осы тұжырымдарды қолдай отырып, кәсіподақ белсенділерінің жиналысына қатысушылар «Кәсіподақтар – Қазақстанның стратегиялық даму бағытын қолдайды» деген атпен кәсіподақ органдары мен кәсіподақ мүшелеріне арнап үндеу қабылдады.
Үндеуде кәсіподақтардың әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның рөлін нығайтуға, елді әлеуметтік-экономикалық өркендетуге, демократияны дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін, кадрларды даярлау мен қайта даярлауды жетілдіруге, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, жастарға патриоттық тәрбие беруге, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған Жолдаудың негізгі бағыттарын қолдайтынын білдірді.
Бүгінгі таңдағы Қазақстанның кәсіподақ органдарының басты міндеті – кәсіподақтардың қорғау функциясын нығайту, өз қызметін жаңғырту, жаңарту мен реформалау, республиканы әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларын іске асыруға қатысу, мемлекеттік, атқарушы және өкілетті органдармен, барлық деңгейлердегі жұмыс берушілер бірлестіктерімен байланысты нығайту, еңбек адамының беделін және Қазақстанды дамыту бойынша көзделген мақсаттарды орындаудағы жауапкершілігін арттыру, кәсіподақтардың және кәсіптік одақтар мүшелерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету деп есептейміз.
Азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретінде кәсіподақтар заң шеңберіндегі және бизнеспен бірлесе әлеуметтік әріптестік негізінде мемлекеттік және аумақтық әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды орындауға, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға, еңбек адамына қосымша жеңілдіктер мен төлемақылар қарастыруға, әлеуметтік және еңбекке байланысты дау-дамайларды шешуге тікелей қатысатынына сенімдіміз.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағытын іс жүзіне асыратындар еңбек адамы болып табылады. Шындап келгенде, жаңа техника мен технологиямен жұмыс істейтін еңбек адамы. Оның жұмысқа қабілеттілігінен жоғары сапалы тауарлар шығарылады, олардың қолдауымен қоғамдағы келісім тұрақты болады. Сондықтан атқарушы органдар, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, барлық азаматтық қоғам болып мемлекетіміздегі басты құндылық – еңбек адамына қолдау көрсетіп, жұмыстағы және өмірдегі жағдайын жақсартуға көңіл бөлінуі керек.
Астана қаласында еңбекшілерге жағдай жасап, олардың әлеуметтік экономикалық мәселелерін уақтылы шешуге көп көңіл бөлініп отырған мекемелер көптеп саналады. Олардың ішінде «Астана су арнасы» МКК, «Астанателеком» ҚТО, «Астана-Тазарту», «Астана Энергия» тағы басқа да кәсіпорындар бар.
Соған қарамастан, кейбір бизнес өкілдері коммерциялық құпия деген сылтаумен ұжымда қызмет етіп жүрген адамдарды кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырмауға тырысады. Бұл – өте қате пікір. Себебі, еңбекші өзінің мекемесіндегі ішкі жағдайдан хабардар болса, наразылық немесе еңбек даулары болмас еді. Мұндай жағдайлар, әсіресе, құрылыс, көлік, кіші және орта бизнес салаларында кезігіп қалады.
Бұл жерде жұмыс берушілерге айтарымыз – заң талаптарын бұзбау, еңбек адамдарының жағдайын ұжымдық шарт арқылы жасау, кәсіподақ органдарымен әлеуметтік әріптестік негізінде қарым-қатынас жасау.
Жақында Астана қаласында республика кәсіподақ активімен кездескенде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде, әлеуметтік әріптестікті жетілдіруде, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтың рөлі жоғары болуы керектігін атап айтты.
Кәсіподақ органдарын және барлық кәсіподақ мүшелерін күшті мемлекет, дамыған экономика, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру негізінде берекелі қоғамды құру түпкі мақсаты болып табылатын «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыруға белсенді қатысуға шақырамыз.