«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ел кезген Эрнст

0 182

Күнделікті өмірде жан-жағымызға байыппен қарасақ, жақсы ісімен өнеге көрсетіп жүрген жандарды көптеп кездестіруге болады. Сондай ерекше азаматтың бірі деп мемлекеттік күзет қызметінің запастағы полковнигі Эрнст Баймұхамбетов дер едім.

Зейнетке шықтым деп қарап жатпайтын азамат туристік саяхатпен айналысуды қолға алған. Ол өткен жылы велосипедпен Қазақстанның бес облысының белгілі жерлерін аралап шықты. Олардың қатарында өндіріс ошақтары топтасқан Павлодар, Екібастұз, Балқаш, Қарағанды, Семей, Алматы, Курчатов, Талдықорған, табиғаты әсем Баянауыл да бар.
Эрнст Баймұхамбетұлы 35 күнде 3500 шақырым жолды жүріп өткен. Әр өңірде жолдың сапасының әртүрлі екендігіне көңіл аударған. Негізінен, елімізде жолға көңіл бөлуінің дұрыс екендігіне көзі жетіп, жолды жақсартуға біраз шаралардың атқарылып жатқандығын байқаған. Дегенмен кейбір елді мекендердің арасындағы жолдар сын көтермейтіндігін де көрген. Мысалы, Сарқанд қаласына жетердегі жолдың нашарлығы есінде қалыпты.
Еліміздің мақтанышы болатын Баянауыл өңірінде екі-үш күн болып, музейлерін аралап, Қаныш Сәтпаев, Шәкен Айманов мұраларымен жа­қынырақ танысыпты. Курчатов қа­ласында болып, музейін аралау кезінде біздің халқымыздың ядролық зерттеу кезінде көрген қайғы-қасіретін терең сезініпті.
Осы қашықтықты жүріп өту кезінде әртүрлі қолайсыз жағдайларға да тап болады. Ауыр жолдармен жүру кезінде адасып та қалған. Күн­нің ыстығы да үлкен әсер еткен, астын­дағы «арғымағы» да арасында сыр беріп тұрыпты. Осындай ыңғайсыз жағдайларды жеңуіне қазақ халқының бауырмалдылығы, қонақжайлылығы оң әсерін тигізіпті. Жолда адасып жүріп, кешке айдалада Атахан есімді шопанның үйіне қонады. Үй иесі кешкі асын беріп, дәмді қымызбен шөлін басады. Бірде Батырбек атты ақсақал үйіне қондырып, моншаға түсіреді. Енді бірде Қалбатау мен Аягөз арасында Шыңқожа батыр ауылының маңында жас отбасылар қарсы жолмен «Мерседес» көлігімен өтіп кетіп, қайта бұрылып келіп, жұмсақ құрттар беріпті. Осындай халқымыздың жолаушыға деген қамқорлығын әр уақытта байқауға болады. Сол отыз бес күннің ішінде жол бойы палаткаға қонған күндері де болған. Асты өзі да­йындап ішкен.
Эрнст мырзаның байқағаны – велосипедпен туристік саяхатқа шығатындар біздің елде аз көрінеді. Осы уақыт ішінде бір ғана Орал қаласының азаматы А.Қарабаевты кездестіріпті. Шетелдік мотобайкерлерді кездестіреді. Үшарал қаласына тақағанда жалғыз келе жатқан канадалық мотобайкер Юрген деген азаматпен кездесіп, ағылшынша әңгімелесіп, оның Торонто қаласынан шығып, Ресей арқылы Өзбекстаннан өтіп, Қазақстанның Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған қалаларында болғандығын, енді Қытайға бет алғандығын біледі. Міне, шетелдіктер осындай алыс елдерге саяхат жасап жүр­генде, біз өз елімізді толық танып-біл­геніміз жөн.
Саяхатшы Эрнст қытай халқының «Адам саяхаттан кейін саяхатқа дейін­гідей болып оралмайды» деген қанатты сөзінің мағынасын түйсініпті. Биыл жазда тағы да жолға шығып, байтақ еліміздің өзге өлкелеріне саяхат жаса­мақшы.

 

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды