Ел дамуының темірқазығы

0 92

Еліміздің даму көгіндегі темірқазығы – «Қазақстан 2030» бағдарламасы қабылданғанына да 15 жылдан асты. Осы аз ғана жылдың ішінде Қазақстан 15 емес, 150 жылда қол жете бермейтін ұзақ жолды жүріп өтті. Бағдарламада көрсетілген талай межелерді мерзімінен бұрын бағындырды. Айтулы құжатта Қазақстанның дамуына қажетті сан тармақты салалардың әрқайсысы жіліктеліп, әрқайсысының барар бағыты мен алар асуы нақты көрсетілген.

≪Қазақстан 2030≫ бағдарламасында Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары да айқын көрсетілді. Ол әлемнің барлық елдерімен тату қатынастар орнатуды, іргелес көрші мемлекеттермен ағайын елдердей жанашырлық қатынас құру, экономикалық тұрғыдан да, саяси жағынан да қандай да бір елге тәуелді болмауды қарастыратын көпвекторлы саясат ұстану сыртқы саясаттың негізгі бағдары ретінде айқындалды.

Елдің ұлттық қауіпсіздігі ешкімнің қолтығына барып тығылмайтын, алайда бөлінгенді бөрі жейтін мына заманда ықпалдастық үрдісінсіз алысқа ұзамайтынымызды жақсы түсінетін қадамдарға ыңғайластырылды. ≪Қазақстан 2030≫да ықпалдастық деген сөз әлем елдерімен өзара тиімді ынтымақтастық орнату деген мағынада кең ауқымға ие болды. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропалық Одақ секілді алпауыт әріптестерге қарата ≪ұстанымдардың тәуелсіздігін сақтай отырып, өзара мүдделерді қабыстыру арқылы алға ұмтылу≫ қажеттігі жөнінде ишара білдірді.

Қазақстанның шын мәніндегі көпвекторлы саясаты аз ғана уақыттың ішінде көптеген стратегиялық маңызы бар салалар бойынша өзіне қатысты ықпалдастық үрдісін қалыптастыруға мүмкіндік берді, нәтижесінде Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы өзара сенім және іс-қимыл жөніндегі кеңес, Еуразия Экономикалық Қоғамдастығы секілді ықпалдастық ұйымдарының жүрегіне айналды. Ұлттық қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылық және тұтас қоғамның ортақ мақсаттарға жұмыла ұмтылуы – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекет толығымен қол жеткізе алмай отырған, бәріне алынбас қамалдай көрінген дамудың басты шарттарының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау стратегиялық мақсатты ХХІ ғасырдың мемлекеті –жаңа тұрпатты Қазақстанды құру ісімен бөле-жара қараудың мүмкін еместігін бек түсінді. ≪Қазақстан 2030≫-даеліміздің ішкі қарамақай-шылықтар мен қақтығыстардан аман өткені, бұл алдағы дамудың ең басты кепілі болғандықтан, алдағы уақытта да осы құндылықты көздің қарашығындай сақтай білу қажеттігі айтылды. Расында да, Қазақстан ұлтаралық қатынастарды кешенді түрде қарастырып, ешкімді зардап шектірмей, ешкімге қағажу көрсетпейтін дұрыс жолды таба білді. Рас, көп ретте Қазақстан аумағындағы татулық пен тұрақтылық елдің иесі – қазақ халқының сабыр салиқалылығы мен шыдамдылығының арқасында мүмкін болып келе жатыр. Дегенмен, қазақ халқына басқа ұлттардың сыйластықпен қарап, әрі барлық ұлт өкілдерінің өзара түсіністікте ғұмыр кешуіне ешбір мемлекеттің тәжірибесінде бұрынсоңды болмаған, әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы да өзінің зор септігін тигізіп отырғаны шындық.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы мемлекеттің елдегі ұлтаралық татулықты барлық ұлт өкілдерінің пікірлері мен пайымдарын ескере отырып, ортақ шешуге ықыласты екенін көрсетті. Ассамблеяның құрылуының өзі Қазақстанда тұратын саны аз болса да, көп болса да кез келген ұлт өкілінің өзін қоғамдық үрдістерден шет қалмай, барша игіліктердің ортасында боларына сенімін нығайтты. Сөйтіп, қазағын да, қазақ емесін де ортақ отаны – Қазақстанды сүйетін шынайы патриоттыққа тәрбиеледі.

Әрі Ассамблея ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты институционалды түрде дамытуға жол ашты. Кейінірек Қазақстан Халқы Ассамблеясына Конституциялық мәртебе берілуі, ассамблея мүшелеріне елдің ең жоғарғы өкілеттік органы – Парламентке өз мүшелерін жолдауына мүмкіндік жасалуы ұйымның мәртебесін арттырып қана қойған жоқ, Қазақстанда қабылданатын кез келген заңның ұлтаралық татулыққа салқынын тигізбейтініне сенімді арттырып, елдің тыныштығын бұрынғысынан да бекіте түсті.

Өткен 15 жылда еліміз ≪Қазақстан 2030≫ бағдарламасын жүзеге асыру жолында толағай табыстарға қол жеткізді. Тіпті, сатылы түрде жету көзделген көптеген көрсеткіштер бойынша еліміз жоспарланған межеден әлдеқайда озып бара жатыр. Қазақстанның экономикасы қарқынмен өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсара түсуде. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіштер бойынша Қазақстан Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Тіпті, олардың бірқатары дағдарыстың шылауына шырмалып жатқанда, біз сеніммен алға аяқ басып барамыз. Ал, осыдан небәрі оншақты жыл бұрын олармен біздің арамыз, айырмашылығымыз жер мен көктей болатын.

Енді еліміздің алдында мемлекеттің бәсекелік қабілетін барынша арттырып, әлемдік қоғамдастықтың индустриялдық күшін бастаушылардың қатарына қосылу міндеті тұр. Осыдан 6 жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ≪Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу стратегиясын≫ жариялап, еліміздің алдына тың-межелер қойып, алдағы ортамерзімді міндеттерді белгілеген еді. Ол құжат бойынша Қазақстан саяси әлеуметтік жаңғырудың жаңа белесінің табалдырығында тұрды. Елбасының пайымынша, тек шикізат саласының табыстарына қанағат тұтып отырмайтын, ең соңғы үлгідегі технологияларға сүйенген заманауи, бәсекеге қабілетті және ашық нарықтық экономика ғана гүлденген, қарқынды дамушы қоғамның берік тұғыры бола алады.

Осы стратегияның аясында Қазақстаның орта мерзімдік жоспары жасалып, оның басым бағыттары айқындалды. Ол басымдықтардың қатарында Қазақстанның әлемдік экономикамен тығыз ықпалдастыққа түсуі, халықаралық маңызы бар серпінді жобаларды жүзеге асыруы, индустриялды дамуы, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтер шығаруы, Қазақстанның аймақтық және халықаралық экономикалық бірлестіктер мен қауымдастыққа белсене қатысуы арқылы әлемдік экономикамен барынша ықпалдасуы, елдің халықаралық нарықтағы бәсекелік қабілетін нығайтып, экономикасын жаңғырта түсудің қосымша тетігі ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі, экспорттық-импорттық несие жүйесін дамытуды мемлекеттің қолдауы, Қазақстанның жаңа технологияларды жасайтын және оны дамытатын халықаралық компанияларға құрылтайшы ретінде қатысуы, зияткерлік меншік құқықтарымен қорғалған өнімдерді шығаруға жағдай жасауы, ең жоғарғы әлемдік талаптарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құруы, заманауи және бәсекеге қабілетті көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуы, табиғат ресурстарын пайдаланудың ашық саясатын жүзеге асыруы, Алматы қаласын аса ірі аймақтық қаржы және іскерлік белсенділік орталығына айналдыруы секілді мәселелер болды.

Қазақстанның мықты банк жүйесі мен қарқынды экономикалық өсімі оның Орталық Азиядағы басқа да мемлекеттерге қыруар қаржы құйып, инвестиция салуына мүмкіндік береді. Бұл арқылы Қазақстан тек ТМД аумағындағы ықпалдастық үрдісінің ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағының экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші болып отыр.

≪Қазақстан 2030≫ бағдарламасын біртіндеп, сатылы түрде жүзеге асыру елдің әрі қарай тұрақты дамуына басты кепілдікке айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткендей ≪біздің қазіргіден де қарқынды дамуға толық мүмкіндігіміз бар және біз осынау тарихи мүмкіндікті қалт жібермейміз. Ол үшін Қазақстанды жедел түрде жан-жақты жаңғырту жолын таңдап алдық. Бұл – болашақ дамуға қажетті бірден-бір дұрыс жол. Біз Қазақстан мен барша Қазақстан халқының заманауи әлемдегі орнын нықтай түсу үшін, әл-ауқатымызды жақсартып, елдің күллі халқының тіршілік деңгейін қазіргісінен де көтере түсу үшін сыртқы нарыққа да шығып, онда нық орнығуымыз керек. Ол үшін Қазақстанның және тұтас аймақтың қазіргі қауқарын қаперге ала отырып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің жетістіктерін қуып жетуге қажетті екі шараны қолға алуымыз керек. Біріншіден, қазірдің өзінде белгілі бір табыстарға қол жеткізген салаларды жаңғырту қарқынын жеделдетуіміз, екіншіден, сондай жаңғыру үрдісін экономика мен әлеуметтік өмірдің барлық салаларына енгізуіміз қажет≫.

≪Қазақстан 2030≫ бағдарламасының бірінші онжылдығын қорытындылай отырып, ел ағалары оның басты нәтижесі ретінде бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың арқасында, атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, даму институттары мен мемлекеттік холдингтерді, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен ұлттық қорды құрудың нәтижесінде қол жеткен макроэкономикалық тұрақтылықты атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан алдына елдің жалпы бәсекелік қабілетін арттыру, ұлттық тұрмыс стандарттарын қалыптастыру және дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу секілді жаңа міндеттер қойып отыр.

Түптеп келгенде, ≪Қазақстан 2030≫ бағ-дарламасын жүзеге асыру елдің жоғары деңгейдегі әл-ауқатын қалыптастырады. Ең бастысы, мемлекет осы жеткен жетістіктеріне тоқмейілсіп, тоқырап қалмақ емес. Елбасы айтқандай, дамудың келесі кезеңінде қазақ елі бүгінгі таңдағы бізден де жоғары дамыған мемлекеттердің өз алдарына қойып отырған мақсаттары секілді биік межелерді бағындыруы тиіс. Атап айтқанда, дамудың жаңа технологиялық деңгейіне өту, тіршілік қалыбының жаңа көрсеткіштерін бағындыру, заманауи ғылыми базаны дамыту, аса күрделі экологиялық түйткілдердің түйінін тарқату және Қазақстанның әлемдік нарыққа жоғарғы технологиялы өнімдер мен қызметтерді ұсынушыға айналуы секілді міндеттер алдымызда тұр.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі 20 жыл тарих тұрғысынан алғанда қас қағымдық қана сәт екенін сөз басында айттық. Ол тіпті тұтас мемлекетті айтпағанның өзінде бір ғана адамның ғұмырымен өлшегенде де оның тұлғалық болмысы енді ғана қалыптасатын, есейіп, өмірлік тәжірибені енді ғана жинақтай бастайтын шағы. Сондықтан да, осыдан небәрі 20 жылдан астам уақыт бұрын тәуелсіздігін жариялаған, өзі артта қалған мешеу мемлекеттің бүгінгі жеткен жетістіктері сырттан қарап отырған сыншы-сарапшылардың таңдайларын еріксіз қақтырады.

Қазақстан Республикасы аз ғана жылдың ішінде ≪мемлекеттік табыстың≫ шынайы нышанына айналды. Бұл табыстарға Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының, сондай-ақ оның ≪Қазақстан 2030≫ бағдарламасының қосқан үлесіне баға берудің өзі мүмкін емес. Ал, баға беріле қалса ол ≪өлшеусіз≫ деген жалғыз ауыз сөзбен сипатталары анық.

Қазақстан халқының ең қиын кезеңдерде сөзсіз көшбасшының маңына топтасып, бір атаның балаларындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы, ең басты стратегиялық мақсаттарды айқындайтын жауапты сәттерде Елбасына бар қолдауын аямай, жанынан табылуы, одан кейін көздеген мақсаттарға ұмтылу барысында есепсіз тер төгіп, тынымсыз еңбек етуі Қазақстанның осы аз ғана жылда ерен табыстарға жетуінің басты кілті болды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =