Ел болып еңсереміз

0 45

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Халқымызда «Көргені жақсы көш бастайды» деген қанатты сөз бар. Қазақ көшін 30 жылдан астам уақыт бойы бастап келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі халқымызды бірлік пен ынтымаққа шақырады. Төтеннен келген нәубетпен күресуде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың қойып отырған қатаң талаптарын сақтауға үндейді.
Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында бұл індетті ауыздықтады. Елбасы үндеуінде аға ұрпақ өкілдеріне сөз арнап, оларды елмен бірге болуға, ынтымақты болуға, игілікті істердің басында тұруға, салауатты өмір салтын ұстауға шақырды.
Елбасы жас ұрпақ өкілдеріне арнаған сөзінде «Еліміздің болашағы сіздерсіздер, бүгінгі жас ұрпақ егемендігіміздің құрдастары, аға ұрпақ өкілдері сіздер үшін қолынан келгеннің барлығын жасады, енді кезек сіздерде» деп сенім артты.
Елбасының бастамасымен құрылған түрлі бағдарламалардың негізінде өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлердің осындай қиын сәттерде елге пайдасын тигізетін уақыт келді. Елбасы кәсіпкерлерге сөз арнады. Тәуелсіздік алғалы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қазақстан-2050» бағдарламасының ішіндегі индус­триалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында елімізде 1 мыңнан аса кәсіп­орындар ашылды. Көп кәсіпкерлер бүгінде аяғынан тұрды, енді олар мен еліме не беремін деген уақыт келгенін айтты.
Өз кезегінде кәсіпкерлер де Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорына БАҚ мәліметі бойынша 14 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Бұл игі іс әрі қарай жалғасын табады деп сенім артамыз.
Президент пен Үкімет қабылдаған шұғыл шаралар уақытында жүзеге асып, кез келген қиындықты еңсеретінімізге сеніміміз мол. Қиын кезде белді бекем буып, ынтымақ, бірлікті берік ұстап, Президенттің, Үкіметтің талаптарын орындасақ, бұл қиындықтан да шығамыз. Өйт­кені Елбасымыз Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға бастайтын басты бағыттарды айтып берді.

Ауыт МҰҚИБЕК,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

БЕРЕКЕ МЕН САБЫРҒА ШАҚЫРДЫ

– Адамзаттың басына қауіп төніп тұрған дәл бүгінгідей қиын сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы арқылы менің көзіме кешегі кең көкірек ақылман ата-бабаларымыздың дәл өзіндей болып көрінді.
Дау жоқ, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік саясатта өз орнын ойып тұрып алған тұлға. «Түркі дүниесінің ақсақалы» деген мәртебелі атқа әбден лайық атағы тағы бар. Орта Азияның барлық мемлекеті оның сөзіне тоқтайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет етіп құра алғандығымен де сыйлы, құрметті.
Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше «Орталық Азия елдерімен өзара ниеттестік белгісі ретінде Қазақстан мұқтаж елдердің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда гуманитарлық көмек көрсетуге әзір» деп, нағыз көшбасшы елдің басшысы ретінде нық сеніммен қасқайып тұрып айтты. Сондықтан Елбасының болғаны, мынадай алмағайып кезеңде ақыл-кеңесін айтып, ел-жұртын береке мен сабырға шақырғаны – біз үшін зор мәртебе. Әр сөзі бізге күш-жігер беріп келеді.
Коронавирус көп мемлекеттің деңгейін көрсетті. Сол қатарда Қазақстан да сынға түсті. Құдайға тәубе, қиыншылықты белі қайыспай еңсеріп келеді. Осы орайда, өзімді қатты қуантқан бір оқиғаны айта кетейін. Емі жоқ ауру елімізге де кіріп, сақтану шаралары басталып кеткен бір тұста Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық биотехнология орталығына барды. Шынымды айтсам, мен елімізде мұндай орталықтың бар екенін білмейді екем. Орталық туралы ақпарат көзіме оттай басылып, көкірегіме бірден тіпті де зор сенім ұялады.
Көп өтпей, одан да зор қуа­нышты жаңалықтың куәсі болдық. Аталған Ұлттық биотехнология орталығы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы ұжымымен бірлесе отырып, қысқа ғана уақыттың ішінде ең зәру болып тұрған COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеп үлгеріпті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ұжымды таңғаларлық табысымен құттықтап, хат жолдады. Демек, Елбасы ел басқарған жылдары әлемнің дамыған елдерінде бар озық үлгідегі ұлтымызға керекті дүниелердің іргетасын қалап, керегесін тұрғызып қойған екен.Ришат САҒЫМБАЕВ,
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ  «Шаруашылық басқармасы» филиалы құжаттарды аудару және түзету бөлімінің бас менеджері:

КӨҢІЛІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРДІ

– Мына басымызға төніп келген аты жаман індет әлем жұртшылығын әбігерге салды. Соның салдарынан өркениет көшін алға сүйреген алпауыт елдердің экономикасы дағдарысқа түсті. Осыған қарап «мұндай зобалаң шақта Қазақстанның жағдайы қалай болады екен?» деп алаңдағанымыз рас. Бірақ Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа үндеуі көңілімізге сенім кіргізгендей болды.
Ол адамзат тарихында жүз жылдарға созылған соғыстардың, миллиондаған жандарды жалмаған індеттердің болғанын, адамдар ондай зауалдарды басынан өткізсе де, аман қалғанын алға тартты. «Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деп халықтың сенімін беки түсті.
Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Үкімет аталған індетке қарсы күрестің түрлі шараларын қабылдап, атқарып жатыр. Енді осы шаралардың бәрі рет-ретімен, ұтымды жүзеге асырылатын болса, басымызға түскен зобалаңнан да аман құтыламыз деген сенімім мол. Ол үшін Үкіметтің төтенше жағдай бойынша белгілеген ережелерін қатаң орындап, дәрігерлердің нұсқауларына сай амал жасау керек. Ең бастысы, орынсыз байбаламға бой ұрындырмасақ болды. Халқымызда «Дүлейдің өзінен гөрі дақпырты қорқынышты» деген мағынада мақал бар еді ғой, осыны ұмытпайық.Шерзод ПУЛАТОВ,
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары,
Нұр-Сұлтан қалалық өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы:

БІРЛІГІМІЗ БЕН ТАТУЛЫҒЫМЫЗ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үндеуін оқыған соң ерекше бір күйде қалдым. Бізге осындай данышпан көшбасшы берген Жаратушыға алғысым шексіз. Елбасының әрбір сөзінен, үндеуінен, мақаласынан елімізге деген шынайы қамқорлығы, алаңдаушылығы білінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жолғы мақаласында өмірлік маңызы бар ерекше мәселелерге тоқталып өтті.
Індетке байланысты өмір өз ағысын басқа арнаға бұрса, адамзат баласы өзінің құндылықтарын бұрынғыдан бетер түсініп жатыр. Ал достық, ынтымақтастық, ауызбіршілік жұрт арасында жиі байқалып, өмірлік басты ұстанымы ретінде қалыптасып келеді. Шүбәсіз, әлемнің небір ойшыл ғалымдары достық туралы көп айтты. Дегенмен мұны Елбасының өз мақаласында қозғағаны мені айрықша әсерде қалдырды.
Елбасы өз мақаласында адамгершілік қасиеттерге тоқтала отырып, жастарға өз ақылын жеткізді. Осы арқылы өскелең ұрпаққа деген алаңдаушылығын білдіріп отыр. Жастар қазіргі заман талабына сай болуы керектігін, сондай-ақ ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа ала жүру қажеттігін ерекше атап өтті.
Елбасының алғыс айтуынан өз халқына қаншалықты құрметпен қарайтынын байқауға болады. Ол өз мақаласында «Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді» деп ерекше атап өтті. Бұл айтылған пікірмен толықтай келісемін. Біз үшін ең бастысы қиындықтарды еңсеріп, бірлігіміз бен татулығымызды сақтай отырып, алдымызға қойған ұлы мақсатымыз – «Мәңгілік ел» ұстанымына ұмтылуымыз керек.

Тілектес МЕЙРАМОВ,
актер, театр педагогы, профессор, Қазақстанның халық әртісі:

ҰҒАР ҚҰЛАҚ БОЛСА, АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН СӨЗ ЖОҚ

– «Ұғар құлақ болса айтылмай қалған сөз жоқ» деп Мұхаңның (Мұхтар Әуезовтің) бір кейіпкері айтқандай, Елбасының үндеуі талайдың көкейінде жүрген небір сұраққа толық жауап беріп, анау-­мынау күдік атаулыны да сейілткендей әсер қалдырды. Осыдан бұрынғы 20 наурыздағы үндеуінің де негізгі ойы халықты сабырға, бірлікке, тәртіпке шақыру болатын. Расында, алдын алу шаралары уақытылы қолға алынғанның арқасында осы аурудың таралу мүмкіндігі 52 пайыздан 12 пайызға дейін төмендегенін біліп отырмыз. Осының өзі үлкен жетістік емес пе… Әрине, мүлде келмегені тіпті жақсы болар еді, бірақ ол енді қиял ғана. Сол қаза тапқан отандастарымыз үшін бәріміздің қабырғамыз қайысады. Себебі бірге тумаса да, бәрі – біздің бауырымыз, қаны бір туысымыз.
Турасын айтсақ, білім-ғылымы, техникасы мен технологиясы, экономикасы бізден әлдеқайда озық мемлекеттердің өзіне осы вирус қаншама қасірет әкелгені, қанша адамның көз жұмғаны да мәлім. Тіпті бүгінде індет жұқтырған 1,5 миллион адамның үштен бірі ең алпауыт мемлекет – АҚШ-тың үлесінде екенін ескерсек, біздің жағдайымыз Құдайға шүкір етерлік. Қауіпке күле қарап, менсінбеген Ұлыбритания премьер-министрінің өзі госпитальдан бір-ақ шықты. Сол Британияның патшайымы Елизавета ІІ қазіргі ахуалды ІІ дүниежүзілік соғыстың жағдайына теңеуі де бекер емес. Осы орайда карантин ережесін көпе-көрінеу бұзып, оған немқұрайлы қарап, тәртіпке бағынбайтындарға қолданатын жазаның жұмсақ екенін, сондықтан оны қатайту керек екенін баса айтар едім. Сол карантин тәртібін өрескел бұзып пайда тауып жатқан саунаның не түнгі клубтың иесіне 26500 теңге бұйым боп па? Бұл – олардың бір-ақ сағатта табатын ақшасы. Содан соң «ғашығын көрмекке құштар» боп бекеттен өтпек болған бұзақының 15 тәулікке түскенін «махаббаттың құрбанына» балап, «ерлік» санайтын есерге жай сөз өтпейді, оған тек таяқ керек. Біраз шет елдегідей 1000-1500 еуро көлемінде айыппұл салып, яки Үндістандағыдай көшеде дүрелесе, біраз адам ойланар еді.
Осы шаралар күшіне енген күннің ертеңінде-ақ «ойбай, аш қалдық, бала-шағамызды асырай алмай қалдық» деп айғайға басып, жанжал қосқан отандастарымызды да абай болуға шақырар едім. Біздің Үкіметіміз қолдан келген шараның бәрін жасап жатыр, осындайда сәл-пәл шыдамдылық танытып, сабыр сақтасақ болмас па… Тіпті сол сөздер рас болғанның өзінде «көппен көрген ұлы той», қиын-қыс­тау кезеңде бір дәнді бөліп жеген ел емеспіз бе, сабыр сақтайық, ағайын. Осыны Елбасымыз да, Президентіміз де күн құрғатпай айтып жатыр. Тек ұғар құлақ болсын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + twelve =