ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМДЕ

0 184

Астана әкімдігі ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында қаладағы үздік білім беру мекемелерін марапаттады.
Биыл «Үздік мектеп» аталымында №3 мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанды. Ал өзге гранттар төмендегідей бөлінді: «Үздік мектеп алды даярлық ұйымы» – №37 «Арман» балабақшасы; «Үздік қосымша білім беру мекемесі – Балалар көркемсурет мектебі; «Үздік колледж» – Гуманитарлық колледж; «Үздік арнайы білім беру мекемесі» – №1 психология­лық-педагогикалық түзеу кабинеті.

Салтанатты шара «Ел болашағы – білімде» атты мерекелік концертке ұласты. Жылдағы дәстүрге сай бірнеше аталым бойынша Астана әкімінің гранты тапсырылды.

«Әр адамның өмірінде мектепте он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың алатын орны ерекше. Сіздер Астананың, жалпы Қазақстанның дамуына, ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып келе жатырсыздар. Қала әкімдігі де жыл сайын білім беру ұйымдарын қаржыландыруды ұлғайтып келеді. Мәселен, биыл былтырғыға қарағанда, әр мектептің бюджеті екі есеге өсті. Мектептер робототехника сияқты жаңа заман технология­ларымен жарақтандырылуда. Келесі жылдың аяғына дейін барлық орта білім беру орны «смарт мектепке» айналады. Әр сыныпқа Wi-Fi жүйесі тартылады» деді ұстаздарды Астана әкімінің атынан құт­тықтап, грант тапсырған қала басшысының орынбасары Малика Бектұрова.
ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі балалардың құқық­тарын қорғау комитеті бас­шысының міндетін атқарушы Ерсайын Ержан ұстаздарды сала министрі атынан құт­тықтап, бір топ мұғалімге «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерін тапсырды.
Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін және жаңартылған білім беру мазмұнын, халық­аралық білім беру стандарттарын енгізуде ауқымды жұмыс жүргізген 19 елордалық мектеп марапатталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 4 =