©2020 Астана Ақшамы
Ел біріншілігінен күміс еншіледі
Шайбалы хоккейден Астана құрамасы ақпанның бесі мен оны аралығында Қарағанды қаласында өткен ҚР ІІІ қысқы Спартакиадасында күміс жүлдеге ие болды.
Жарысқа еліміздің әр аймақтарынан және Астана мен Алматы қалаларынан тоғыз команда қатысты.
Астаналықтар бірінші ойында 5:4 есебімен Қостанайдың командасына есе жіберіп алған болатын. Одан кейінгі Павлодар облысы командасымен болған ойында 7:4 есебімен жеңіске жетсе, ізінше Алматы қаласы командасын 7:3 есебімен тізе бүктірді. Ұпай санын арттырған астаналық хоккейшілер қатысушылар арасынан топ жарып, спартакиада финалында бақ сынау құқығына ие болды.
Ойын финалы 10 ақпан күні өтті. Негізгі ойыншылары «Торпедо-2» командасынан тұратын ШҚО командасы есепті алғашқы болып ашты. Екінші кезеңде астаналықтар алға шыққанымен, үшінші кезеңде ШҚО құрамасының қарымтасыз салған төрт шайбасы жеңісті айқындап берді. Сонымен финалдық кездесуде 5:2 есебімен ШҚО командасы бірінші орынға шығып, ал Астана құрамасы Спартакиаданың күміс жүлдегері атанды. Үшінші орынды Қарағанды облысының командасы иеленді.
Ербол ЖАНАТ