ЕЛ БАЙЛЫҒЫН ЕСЕЛЕГЕН ЕСЕНОВ

0 167

Биылғы тамыз айында қазақтың даңқты перзенттерінің бірі, әйгілі геолог-академик Шаһмардан Есеновтің туғанына 90 жыл толды. Ол бұдан тура 23 жыл бұрын дүниеден өткен еді.

Қазіргі күндері елінің байлығын еселеп арттырып кеткен ғалымның атын ұлықтаған шаралар жер-жерде өтіп жатыр. Жақында соның бірі Алматыда академик кезінде өзі басқарған Ғылым академиясында керуен керді. Онда Шаһмардан Есеновтің халқына дүниедегі екінші кемеңгер саналған Әбу-Насыр әл-Фарабиді қауыштырғаны, еліміздегі көптеген кен орын­дарының негізін қалап кеткені, мұнайлы Маңғыстау түбегін республика құрамында сақтап қалғаны жан-жақты айтылды. Шынында да атақты Қа­ныш Сәтбаевтың сүйікті шәкірттерінің бірі болып табылатын толымды тұлға заманында тау-тас тараптарын армансыз кезіп, қаншама қазынаның көзін ашты, көптеген тәліптер тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды, республиканың ғылы­ми орталығын басқарып, министр­лік тізгінін ұстады, депутат болып, биік мінберлерден ел мен жердің тағдырын шешуге белсене атсалысты. Ол ғылыми ортада, сонымен қатар, «қазақ сейсмологиясының атасы» ретінде де есте қалды.
Қазақ халқы оның, әсіресе, Маңғыстауды қалай аман сақ­тап қалғанын ұмытпайды. 1962 жылы Мәскеуде Маңғышлақты Түрікменстанға беру жөнінде мәселе қараған КСРО Жоғарғы Кеңесінің президиумы мен Министрлер Кеңесінің біріккен отырысы өтіп жатады. Сол жылдары Қазақстанды басқарып отырған Дінмұхаммед Қонаев мәселені оңды шешу үшін бұл жиынға осы уақытта тек республика ғана емес, сонымен қатар Одақ көлемінде зор беделге ие болып жүрген өзінің геология саласын басқаратын жас министрі Шаһмардан Есеновті жібереді. Маңғышлақ қазынасын ашқан геологтардың бірі болып табылатын 37 жастағы Шахаң сонда алқалы топ алдында түбекті аман сақтап қалуға керекті уәждерді келтіре біледі. Ол бү­гінгі таңда республикада мұнай мен газ өнеркәсібін игеруге қабілетті ғылыми және өндірістік әлеуеттің то­лық қалыптасып үлгергенін дәлелді түрде жеткізіп, бұл кен орындарындағы мұнай қорының Әзербайжандағы ауқымды бірнеше есе орап алатынын айтады. Осындай батыл ойлары мен түйінді тұжырымдары арқасында министрге Маңғышлақ облысын Қазақстан құрамында қалдыру жөнінде шешім шығартуға қол жеткізудің орайы келеді. Көргендердің айтуларынша, отырыстың бұл ұйғарымына Никита Хрущев барынша қатты наразылық білдірген, бірақ көптің кесіміне қарсы ештеңе істей алмай тұрып қалған. Осыдан кейін республиканың бас гео­логы қазіргі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының территорияларынан да жаңа мұнай кеніштерін табады. Ал 1966 жылы ол Маңғыстау облысы аумағынан мұнай кен орындарын ашқаны үшін Лениндік сыйлыққа ие болады.
Болашақ даңқты ғалым-геолог Шаһмардан Есеновтің саладағы ерекше еңбек жолы 1949 жылы 22 жасында Алматыда Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен кейін басталды. Оқу бітірген бойда Жазқазған геология-барлау экспедициясының құрамынан табылды. Білімді де зерек жас маман мұнда бірден академик Қаныш Сәтбаевтың қырағы назарына ілікті. Ұлы ұстаздың жетекшілігімен іске геолог болып кіріскен ол көп ұзамай аға геолог, бас геолог деген сатылардан өтіп, 1956 жылы бас инженер дәрежесіне дейін жетеді. Жас маман 1960 жылы республика геология министрінің орынбасары, 1961-1965 жылдары геология министрі болды. Бұдан кейін 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып, 1967-1974 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы мен оның Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология институтын басқарды.
Шаһмардан Есенов Жез­қазғанда қызметте жүрген жыл­да­рында осы аудан геоло­гиясының неғұрлым күрделі теориялық және практикалык мәселелерін шешуге тікелей қатысты боксит-асбест сияқты маңызды пайдалы қазыналарды іздеу мен барлау әдіс-тәсілдерін анықтау жөніндегі жанды жұ­мыстарға жетекшілік етті. Осы ізденістердің нәтижесінде Жезқазғанда шикізат кенінің бұрын барланған қоры кейін бірнеше еселеп артты. Солар­дың қатарында химия және қорғаныс өнеркәсібіне өте керекті шикізаттың ірі кен көзі ашылды. Өте қысқа мерзімде барланған оның өнеркәсіптік жағынан игерілуі де тез жүзеге асты. Осы ауданның марганец, мыс, металл, никель, кобальт, темір, мыс кендері мен құрылыс материалдары зерттеліп, есепке алынды. Біз сөз етіп отырған толымды тұлға 1965 жылы республикада жүргізілген барлық геологиялық іздеу және барлау жұмыстарына жалпы басшылық етті. Тап осы тұста Қазақстанда пайдалы қазбалардың бірқатар ірі кен орындары ашылып, игеріле бастады. Соның ішінде Маңғыстаудың оңтүстігінде аса ірі мұнайлы-газды аумақтың, Жетібай мен Өзен мұнай орындарының табылып, қысқа мерзімде іске қосылуы үлкен жетістікке саналды.
Ш.Есеновтің Ғылым академиясын басқарған кезінде, 1970 жылы Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған ұлы бабамыз әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына байланысты Алматыда халықаралық симпозиум өткізуден бөлек, Отырар қаласының орнын қазу мақсатты межеге айналып, «Алтын адамның» сұл­басы табылды. Ол ғылым саласын басқарған жылдары ұлттық кадрлар шоғырын қа­лыптастыруда орасан зор жұмыстар атқарылды. Оның президенттік жылдарында ұлт кадрлары арасынан академик атағын алып, корреспондент-мүше қатарына өткендер саны анағұрлым өсе түсті.
Өкінішке қарай, елі мен халқының игілігі мен келешегі жолында ұшан-теңіз жұмыстар атқарған дара тұлғаның 70-ші жылдардың ортасынан кейінгі бар өмірі өзін көреалмаушылық пен әртүрлі бақай есептің салдарынан қуғын мен қысымға толып өтті. Өте шыншыл да әділ болған қарымды қайраткердің ойындағысын бүкпесіз айтатын қайсар мінезі мен турашылдығы да көп жағдайда өзіне зиян болып тиген сияқты. Мұның біраз жай-жапсары белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Дара тұлға» деген мақаласында таратылып айтылады. Академик Ш.Есеновтің басына зауал түсіп, зобалаңға ұшырау 1974 жылдың 15 сәуірі күні басталады. Сол күні аяқ астынан Ғылым академиясының сессиясы шақырылып, Шахаң өз еркімен орнын босатады. Бұл жерден геология министрі болып кеткен қайраткердің, бірақ, содан арғы тағдыры нағыз допша қақпақылданған ойыншыққа айналады. Сол жолда министр болып қайта оралған оның тіпті Орталық Қазақстандағы Ақтоғай-Айдарлы мыс кендері мен Жәйрем полиметалл кеніштерін зерттеп, қорларын анықтап шыққаны да өзін-өзі қорғай алуына сеп болмады. Қазір Құмкөл кен орны аталып жүрген Оңтүстік Торғай иінінен мұнайдың көп мөлшерін табуы да, Батыс Қазақстандағы аса бай мұнай мен газ қорларына жол ашқаны да қудалауға тоқтам жасай алған жоқ. Керісінше, Одақ басшыларының тілін тапқан Есенов өз елінде нағыз тепкі көрудің дүрбелеңіне түсіп кетті. Ақыры оның жұмысынан титтей де кінәрат таба алмаған республика басшылығы 1978 жылдың басында министрлік қызметін де өз еркімен тастап шығуға мәжбүр етті. Сөйтіп, әлем таныған академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Шаһмардан Есенов кеңестік биліктің жүгенсіз әрекеті салдарынан бір күнде бар лауазымынан айрылып, баяғы оқуды жаңа бітірген кезіндегідей Балқаштан 150 шақырым қашықта жат­қан шағын геологиялық экс­педицияның қарауына жібе­ріледі.
Атақты геолог 1979 жылы Қазақ политехника институты жариялаған конкурс бойынша пайдалы қазбаларды іздеу мен барлаудың методикасы кафедрасының меңгерушілігіне келгенде де сол тосқауыл тағы алдынан шығады. Оның мұнда келіп жатқанын біліп қойған басшылар ертесіне сол орынға бекіттірмей тастайды. Ол арада бір жыл өткеннен кейін ғана аталмыш қызметке қол жеткізеді.

Ш.Есеновтің Ғылым академиясын басқарған кезінде, 1970 жылы Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған ұлы бабамыз әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына байланысты Алматыда халықаралық симпозиум өткізуден бөлек, Отырар қаласының орнын қазу мақсатты межеге айналып, «Алтын адамның» сұлбасы табылды. Ол ғылым саласын басқарған жылдары ұлттық кадрлар шоғырын қалыптастыруда орасан зор жұмыстар атқарылды

Өнегелі өмірінің соңы осындай қым-қиғаш қудалаулармен өткен Шаһмардан Есенов үшін біршама шуақты күндер билік басына Нұрсұлтан Назарбаев келгеннен кейін ғана орнады. Ол осы уақытта қайтадан қоғамдық-саяси өмірге араласып, 1990 жылы 12-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Бірақ көп жылдар бойы көр­ген қорлығы мен зорлығы босқа кетпепті, жасы жетпіске қарай жақындаған шамада жүрегі сыр бере бастады. Қайсар рухты қайраткер тұлға, ғұлама ғалым Шаһмардан Есенов соның салдарынан 1994 жылдың 23 тамызында 67 жасында бақилыққа аттанып кетті.
Дегенмен, халқы барда оның аты ешқашан ұмытыл­май­тынын, оның жасаған жарқын істері әрдайым жақсы рәуіште айтылып тұратынын содан бергі өмір ұдайы көрсетіп ке­леді. Академик қайтыс бол­ғаннан кейін бір жылдан соң Ақ­таудағы политехникалық инс­титутқа Шаһмардан Есенов­­тің есімі берілді.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − two =