Ел астанасы – Нұр-Сұлтан

0 383

Наурыз айының 23-інші жұлдызында тәуелсіз Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтанға өзгерді. Мұның қарсаңында Парламент депутаттары қос палатаның бірлескен отырысында елорда атауының Нұр-Сұлтанға өзгеруін бірауыздан жақтап, дауыс берген еді.


Парламент заң жобасын бірауыздан мақұлдады

Ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы сот судьяларының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен екі палатаның бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант берді. Мемлекет басшысы рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елімізді қалыптастыруға және өркендетуге, сондай-ақ елордамыз – Астананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әрі жауапты қызметті атқара отырып, Елбасының стратегия­лық бағытын жалғастыра беретінін айтты. Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі табыс етілді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем тарихына аса көрнекті реформатор ретінде енді. Ол Қазақстанды дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылған заманауи әрі озық мемлекетке айналдыра білді. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек» дей келе, елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге ұсыныс жасады. Әнұранымыз орындалған соң, Қ.Тоқаевқа Президент куәлігі мен штандарты, кеуде белгісі және «Алтын қыран» ордені табыс етілді.
Сол күні Парламент елорданың атауын өзгерту туралы заңды екі оқы­лымда мақұлдады. «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына сәйкес, ел Үкіметі Президентке Астана атауын өзгертуге Конс­титуцияға түзету енгізу үшін рес­публикалық референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Конституциялық Кеңес бұл мәселеге орай оң қорытындысын жіберді» деп мәлімдеді бірлескен отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Отырысқа қатысқан Сенаттың 43 және Мәжілістің 101 депутаты аталған ұсынысты бір­ауыздан мақұлдады.

Ұсынысты елорда мәслихаты қолдады

Алтыншы шақырылған Астана мәслихатының депутаттары 46-ншы кезектен тыс сессия барысында Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту туралы ұсынысты қолдады. «Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі­мен атауды ұсынды. Қала басшылығы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы ұсы­нысты толық қолдайды» деп мә­лімдеді сессияда сөз сөйлеген елорда әкімі Бақыт Сұлтанов. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне тарихи деп баға беріп, Астананы Елбасының перзенті және тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің әлеу­меттік-экономикалық жетістіктерінің көрінісі деп атады. Әкімнің пайымдауынша, бас қала елдің өсіп келе жатқан рөлін, қуатын және одан әрі дамуының жоғары әлеуетін көрсетеді. Сессия қорытындысында депутаттар елорда атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады. Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі жанындағы Респуб­ликалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Айта кетерлік жайттың бірі, елорда атауын өзгерту рәсімін Әділет ми­нистр­лігі ресми түсіндіріп берді. «Конс­титуцияға енгізілетін түзетулер рес­публикалық референдумға (91-інші бап) шығарылады. Референдум өткізу жөніндегі ұсынысты Парламент немесе Үкімет береді. Оны өткізу немесе бас тарту туралы шешімді Президент қабылдайды. Егер Президент бұл ұсыныс­ты Парламенттің қарауына жіберетін болса, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы респуб­ликалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конституцияда көрсетілгендей, 53-інші бапқа сәйкес қабылданады. Елорданың атауын өзгерту туралы Конституцияға енгізілген түзетулер осы рәсімге сәйкес енгізілді» делінген ресми хабарламада.
23 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Конс­титу­ция­сына өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңда: «1-бап. 1995 жылғы 30 тамызда рес­­пуб­ли­калық референдумда қабыл­данған Қазақстан Республикасы­ның Конституциясына мынадай өз­геріс­тер енгізілсін: 2-бапта: 3-тармақ мынадай редакцияда жазыл­сын: «3. Рес­пуб­ликаның әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады.»; 3-1-тармақтағы «Астана» деген сөз «Нұр-Сұлтан» деген сөзбен ауыс­тырылсын. 2-бап. Осы Заң ал­ғаш­қы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген.
Сол күні республика Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Рес­публикасының астанасы – Нұр-­Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды