ЕЛ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕҢБЕКТОРЫСЫ ЕДІ

0 254

Қазақстанның белгілі жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты, «Мәдени мұра» республикалық журналының бас редакторы Дүкенбай Досжан дүниеден озды.

Жазушымен қоштасу бүгін сағат 10.00-11.00 аралығында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында (Омаров к-сі №47 «б») өтеді.

Дүкенбай Досжан – көпшілік сүйіп оқитын қазіргі заманғы қазақ жазушыларының бірі. Оның есімі Қазақ энциклопедиясына және АҚШ-тың «Әдебиет пен өнер адамдары» жинағына алтын әріптермен жазылған. Қазақ жазушысының шығармалары әлемнің он тоғыз тіліне аударылып, жалпы үш миллионнан астам таралыммен жарық көрген.

Дүкенбай Досжан 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Ол шығармашылық жолында он бір роман, жиырма төрт повесть пен жүзден астам әңгіме жазған.

Әкім ТАРАЗИ, жазушы, драматург:

«Мені сіз сыйласаңыз жетеді» дейтін

Біз бір күнде, 9 қыркүйекте туғанбыз. «Лев Толстой, Әкім Тарази, Дүкенбай Досжанов – бір күнде өмірге келгенбіз» деп әзілдейтініміз бар-ды. Мен – аға, ол – іні болып жүретін, қалжыңымыз жарасқан азамат еді.

Оның шығармашылығы туралы жұрттың, оқырманның пікірі әралуан. Оны жасыруға болмайды. Дүкештің романдары ешкімнің жазғанына ұқсамайды.

Ұқсамайтын болғандықтан да көпшілік түсінбеуі мүмкін. Бірақ, маған ұнайтын, түсінетінмін және қолымнан келгенше қолдап жүретін едім.

Дүкенбай өмірде ұяң жігіт болды. Содан кейін болар, оны бәз-бір құрдастары келекелеп, ойнап, мүйіздеп жүретінін талай көрдім. Бірақ, Дүкешім былқ етпейтін еді-ау. Бірде бір топ ақын-жазушылар Маңғыстауға сапарладық. Үш жүз шақырым жол бойында іштері пысса керек, бір құрдасы жұртты күлдіріп, Дүкенбаймен әзілдесе берді. Ананы да айтты, мынаны да айтты… Өзі менің жанымда отырған, әлгі құрдасының шамға тиер сонша сөздерін елеген де жоқ, үнін шығармады. «Дүкеш, сен төзімді екенсің ғой» дедім. «Аға, төзімді болмасам, жазушы болам ба?» дейді сөйтсем. Бұл жауабы маған ұнады. «Мені сіз сыйласаңыз жетеді» дейтіні де бар еді…

Кейін Сәулені кездестірді, дәм-тұздары жарасып, балалы-шағалы болды. Отбасымызбен араласып-құраласып тұрдық, қуанышымызда да, шаттығымызда да бірге болдық.

Еңбектері көптеген тілдерге аударылды. Орыс тілінде бірнеше романы шықты. Жазушының басқа пенделерден бір айырмашылығы бар: қалам иесі өмірден озған соң, оның екінші ғұмыры басталады. Дүкештің де екінші ғұмыры басталғанын тілеймін…

Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Дара ағаштың бір-бір бұтағы сияқты болатынбыз

Дүкенбай қайтты деп естігенде, төбемнен жай түскендей болды. Әрі замандас, әрі құрдас, әдебиетке қатар келгенбіз, қанша жылдан бері бірге жүрміз. Астанаға көшіп кеткені болмаса, Алматыда тұрғанда бір организм, дара ағаштың бір-бір бұтағы сияқты едік. Арамызда көптеген әзіл-қалжың болды, кездесе қалғанда айтып, көңіл көтеретініміз бар-ды.

«Құрдасың болмаса, тойға барма» дейді. Қазір құрдасымыз да сиреп барады. Қатарың болмаса, қарайып та қалады екенсің. Тағы да бір қатарымызды, Дүкенбайды ажал арамыздан алып кетті. Тағдырға не шара? Өкінгеннен, әттеген-айлағаннан басқа пенденің қолынан не келеді? Ылғи да көңілге жұбаныш қылып айтатынымыз, артында бала-шағасы қалды. Талай кітаптары бар, жазам дегендерін жазды.

Өзі өмірде жатып жазатын еді, «мен етбетімнен жатып жазамын» деп айтып жүретін Дүкең. Шалқалап жатып ойланатын, етбетінен жатып жазатын. Енді мәңгі ойланатын болды шалқалап жатып…

Оның Алматыға келіп көз жұмғанының өзінде бір символика бар сияқты. Өйткені, осы жерде ес жиды, жігіт болды, кітап жазды, елге танылды, елін танытты жұртқа. Бірде жақсы, бірде жаман, алақұла пікірлерді естіді. Өмірде де біраз қиындықтарды көрді, адам ретінде, жазушы ретінде. Бірақ, соның бәрін Дүкенбай үндемей көтеретін, төзімді еді. Және оның жүрегі ауырады деп ешкім ойлаған жоқ. «Сен жаныңды бағасың, жылына екі рет демалыс орнына барасың. Бәрімізді о дүниеге аттандырып, жалғыз өзің қалайын деп жүрсің бе» деп әзілдеуші едім. Құдайдың қылғанын қарасаңшы!..

Оны тағдыры Алматыға айдап та келген болу керек. Адам болған, азамат, жазушы, суреткер болған қалаңа барып, қоштасып қайт деген сияқты жазмыштың өзі. Міне, Алматыда көз жұмды. Марқұмды Астанасына әкетіп бара жатқанда кеудемнен жүрегімді ме, бауырымды ма, бүйрегімді ме суырып кеткендей болды. Бұл – қанша әзілдесіп өтсек те, жүрсек те, біздің жасымыздағы адамға ауыр тиеді екен.

Мұндай сөздерді айтамыз деген, үш ұйықтасақ ойымызға кіріп пе?! Өзіңнен бұрын кеткен ағаларың бар, аталарың бар, солармен табысарсың, тіршілікте айтпаған сөздеріңді соларға айтарсың. Бұл жақта не болып жатқанын да әңгімелерсің. Топырағың торқа болсын, Дүкенбай досым, құрдасым!

Азамат ЕСЕНЖОЛ, журналист:

ҮНДЕМЕЙ ОТЫРЫП ҮЙРЕТЕТІН

Дүниеден Дүкенбай аға озыпты…Осы сөзді тосыннан естігенде жүрегім алабұртып, көңілім қабарып, көз алдыма аяулы ағамның бекзат болмысы келді. Бала кезден әйгілі жазушының шығармаларын жата-жастана оқып едім. Кейінірек, арман қуып Астанаға келгенде «Мәдени мұра» журналында төрт жыл бірге жұмыс істеп, әріптес болдым. Әріптес болдым деген тым ресмилеу естілер, тіпті баласындай болдым десем, артық айтқандық емес. Асыл ағаның болмысы да жұмбақтау, тылсым сырға толы секілді көрінетін, көп сөйлей бермейтін, іштей өз ойымен өзі алысып жүретін тұйықтау кісі еді… Қашан көрсең де ақ параққа үңіліп, маржандай жазуын түзіп отырушы еді.

Дүкенбай аға екеуміз оңашада бүгінгі әдебиет туралы, өмірден өткен үлкен жазушылар туралы жиі әңгімелестік. Тілдесіп отырғанда ағыл-тегіл сапырылып кетпей, жүрегінің түбінде жатқан сырларын шым-шымдап қана шығарады… Жалпы, ағаның есіліп, екіленіп сөйлегенін көрмеппін. Ақырын ғана жүріп, баяу ғана ойын айтатын, жазып жүрген шығармалары туралы да ептеп, жұқалап қана әңгімелейтін. Сол кезде жазылған әңгімелерінің денін қолжазба күйінде де оқыдым. Көркем сөзді ерекше кие тұтқан қаламгер «Қара сөз түзеген сайын құлпыра береді» деген тәмсілді жиі қолданады. Ағадан көркем сөзді қалай құбылтып жазуды, әр сөзді орнымен пайдалана білудің сырын ұғындым. Ол мақаланы түзегенде, жай бір қарабайыр хабардың өзі ерекше құлпырып, жасанып шыға келетін. Ол менің шынайы ұстазым болды. Үндемей отырып үйрететін.

Соңғы рет 9 қыркүйекте Дүкенбай ағаны туған күнімен құттықтау үшін қоңырау шалдым. Дауысы қарлығыңқы естілді… Сонда, аяулы ағамның үнін соңғы рет естіп тұрғанымды білмеген екенмін… Бақұл болыңыз, жаны дархан жақсы аға!

Жолтай ЖҰМАТ, жазушы, драматург:

Қош бол, көке!

Жеңгеміз Сәуленің таң атар-атпаста «көкеңнен айырылып қалдық» деген дауысын естіген сәтте тілім таңдайыма жабысып, көпке дейін сөйлей алмадым. Суық хабар ғой осы өлім деген! Бәрімізге кезегімен келе беретін нәрсе екенін біле тұрсақ та, ешкімді ешқашан суық қара жерге қимаймыз-ақ! «Жүре берсе екен, жүз жасаса екен» деп, іштей ізгі ниет үстінде боласың. Күні кеше ғана еді, ағамыз жетпіске толып, үйінде қазақтың белгілі-белгілі азаматтарын жинап, кең дас­тархан жайды. Жазушы-ғалымдар Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрғожа Ораз сынды кісілер болған сол дас­тарханды мен жүргізіп, ағаларға кезегімен сөз беріп едім-ау! Сол күнгі асыл тілектер әлі де құлағымда!

Қонақтар тараған соң тыста қоштасып тұрып, ағаның айтқаны мынау еді: «Жиенжан, алпысқа толғанымда бір мақала жазып едің, енді тағы да жүрекжарды сөзіңді айтсаң қайтеді, менің бар сырымды өзгеден гөрі сен өте жақсы білесің ғой» деп ағалық наз байқатқан. Онысы «мен туралы жазатындар көп қой, алайда, ағайындық сезім бір бөлек» дегені болар деп түйгем. Көп ұзамай «Егемен Қазақстанда» бір беттік мақала жариялаттым. Оны оқып, ағам балаша қуанғаны әлі есте. Кішкентай нәрсеге де шын ықыласымен қуанып, пәк мінезбен мәз болушы еді.

Баладай мінезі бар, жүрегі жылы, ағайын-туысқа бауырмал ағадан айырылу қандай қиын! Әлі де сене алар емеспін!..

Дүкең бізге ақылшы аға бола білді. Бізді, соңынан ерген көп інілерін, қалам ұстауға үйретіп, жазушылық жолға салған қамқор көке еді. Кей-кейде «нағашы-жиен» болып, әртүрлі сөз айтып, жылы әзілдесіп те тұрушы ек!

Енді, міне, әзіліңді де, еркелігіңді де молынан түсіне білетін жаны жомарт аға – үлкен жүректі нағашым мына фәниде жоқ!

Ажалға не шара!

Жатқан жеріңіз жайлы болсын!

Қош бол, көке!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:

Қара сөздің қаймағын сүзген

Қазақ атамыз «дүние жалған» десе, қапияда төнетін ажал әкеткен жақсы адамдарды жоқтап айтқан. Дүкенбай ағаның есімі енді тарихқа кетті. Дүкенбай аға нағыз жазушы болатын. Оның киелі қазақ тілінің мәйегін сүзген прозалық шығармаларында кейінгі ұрпаққа аманаттаған, жазуға саналы ғұмырын арнаған көркем сөз иесі болғанына ешкім дауласа алмас.

Ең алғашқы балаң кітабыма ағалық ақ жол тілеген жазушылардан алғысөз жазған үлкен жазушы Дүкенбай Досжан болды. Шын пейілімен батасын берген екен, әдебиет әлемі мені өгейсіткен жоқ. «Жақсы сөз – жарым ырыс», сондай ақ ниетті ағалардың батасымен көгердім деп ойлаймын. Кейіннен де Дүкенбай аға маған өзінің ықылас-ризашылығын білдіріп жүретін еді.

Электрондық поштама 2012 жылдың 26 қаңтарында келіп түскен хаты менде сақтаулы. Өйткені, ол жазушының жазушыға арналған пікірі ретінде құнды. Хатта тарихи деректі «Көкенай мен Қалқаман» атты әңгімемді шынайы ықтиярымен сүйініп талдап берген. Көңіліне бек қонған сөз тіркестерін теріп, қызықтап кететін. Рухани қолдайтынын білдіретін эмоционалды тұстары да бар.

Кез келген жазушы өмірден өтсе де артында жарқырап кітаптары қалады. Өзімен қоса сөзі өлгеннен ауыры жоқ. Қазақтың үлкен жазушысы Дүкенбай ағаның таңдамалы кітаптары әдбиет үшін қазыналы деп ойлаймын. Марқұмға иман байлығын берсін, үй ішіне артының жақсылығын берсін.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

Бейне бір Бейімбеттің үлгісіндей

Тұла бой –
тұнып тұрған қазына еді,
Кітабы –
оқырманға азық еді.
Мән-жайды мәнерімен түсіндіріп,
Мен жайлы бір мақала жазып еді.

Шығармаң шамшырақтай – арайлы әрі,
Түнекті ысыратын маңайдағы.
Пушкиннің жырларындай
Естен кетпес
Ескерткіш орнатушы ең талайға әлі.

Әйтеуір, өткізбедің босқа күнді,
Бүгінге жақындатып тас дәуірді.
Керемет
кейіпкер боп жүруші едің,
Әзілге қарық қылып достарыңды.

Ешкімнің отырмадың сөзін бағып,
Көрдім мен шын шабытты кезіңді анық.
Қоғамға қажет болған тақырыпты,
Алдымен тастаушы едің өзің жазып.

Кей кезде күй кешсе де толқымалы,
Бәйтерек биігінде ол тұрады.
Дейтін жұрт:
– Дүкенбайдың кітаптары
Түбінде бір дүкенді толтырады.

Олжа ғып оқырманға
Ол жазғанын,
Көрініп
иесіндей кен-қазбаның.
Астында қалатындай отыратын,
Үйілген тау-тау болып қолжазбаның.

Өтті ол атағына кір түсірмей,
Қаламын қолдан әсте бір түсірмей.
Жазды ол күні-түні қажымастан,
Бейне бір Бейімбеттің үлгісіндей.

Е, Дүке, шыныменен кеткенің бе?
Қараймыз
қимай енді өткен күнге.
Шын шебер шәкірттерің
Шығар әлі –
Өзіңнің тәлім алып мектебіңде.

Жасұлан АБДРАМАНОВ, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері:

Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаза

Жексенбі күні белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның өмірден озғандығы туралы қаралы хабар қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып өтті. Сұм ажал бір кемеңгерімізді ортамыздан алып кетті.

Суық хабарды естігенде еріксіз көзіме жас алып, тіпті сене алмадым. Көз алдыма Дүкенбай көкеммен болған сонау балалық шақтан бергі кездесулерім келіп жатты. Ерекше кездесулердің бірі мектеп қабырғасындағы бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде болып еді. Жазушы бір топ оқушының арасынан мені шақырып, аты-жөнімді сұрап, «өскенде кім болғың келеді?» деп сұраған. Мүдірместен: «Сіз сияқты мәшһүр жазушы болып, қызықты кітаптар жазамын» дедім. Ол мәз болып, өзінің қаламсабы мен бірнеше кітабын естелікке сыйлап еді.

Айтпақшы, бұған дейін, мен Дүкенбай көкеммен сәби шағымда жүздесіппін. Қаламгердің ауылға келгенін естіген әжем мені арқасына салып, Дүкеңе алып барып, түкіртіп, батасын алған екен. Бұл – менің бір жасқа енді толған кезім.

Кейіннен жазушымен мектеп қабыр­ғасында, студенттік шақта жиі кездесіп, хат алмасып тұрдық. Шығармаларынан алған әсерлерімді айтып, басқа да сауалдар қойып, оның жиі мазасын алушы едім. Және жазған хаттарым ешқашан жауапсыз қалған емес. Өмірінің алпыс жылын қазақтың әдебиеті мен мәдениетін көркейту жолына арнап, артына қисапсыз мол мұра қалдырған Дүкенбай көкеміздің жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!

 

Астана қаласының әкімдігі белгілі жазушы, көркемсөз шебері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Дүкенбай Досжанның
өмірден озуына байланысты, марқұмның отбасының, туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 10 =