ЭКСПО – ЖЕТІСТІКТЕР АЛАҢЫ

0 463

ERA_3967

Кеше Тәуелсіздік сарайында «ЭК­СПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың басын қосқан алқалы жиын өтті. Бұл – Париждегі Халықаралық көрмелер бюросы бас ассамблеясының 155 сессиясында «ЭКСПО» көрмесін Қазақстанда өткізу туралы ресми шешім қабылданғаннан кейінгі алғашқы шара.

Екі күн қатарынан өтетін жиынға халықаралық көрмелер бюросының басшылығы, ЭКСПО Комиссары хатшылығының қызметкерлері мен елімізде өтетін көрмеге ресми шақыру алған 86 мемлекеттің 200-ден астам өкілі қатысуда.

ERA_4110

Жиында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы елімізде өткізілетін көрменің басты ерекшелігі тақырыбында жатқанын атап өтті.

– Халықаралық көрмеге арқау болып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбы қазіргі таңда өзекті болып отыр. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Қауіпсіздік жағынан талапқа сай келетін әрі арзан энергия көздерін пайдалануға әлемнің көптеген елдері құштар. Осы саладағы тәжі­­рибелер кім-кімнің де қызығу­шы­лығын тудырары сөзсіз. Қазақ елі «Болашақтың энергиясы» тақырыбын көтеру арқылы күллі адамзатты алаңдатып отырған мәселені дөп басты. Сондықтан жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған ха­лықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін айшықтайтын алаңға айналатынына сеніміміз кәміл, – деді Бақытжан Сағынтаев.

ERA_4061

Жаһандық шараның 160 жылдан аса тарихында көрменің көптеген мемлекеттерге табыс әкелгенін байқауға болады. Демек, ЭКСПО-ның елімізде де пайдасы аз болмайтыны анық. Көрме арқылы Қазақ елі әлемге танылып қана қоймай, мемлекеттік маңызды жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік тумақ. Ал, халықаралық шараның Астана үшін тиімділігін айтпасақ та түсінікті. Бұған алқалы жиын қаты­сушыларының сөздері де дәлел.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ сәулет және құрылыс департаментінің бас менеджері Айдар Марат ЭКСПО көрмесінің бас жоспарын таныстыру барысында қалашық құрылысын салуға 8 мердігер компания қатысып жатқанын жеткізді. Кешен құрылысы 2016 жылдың жел­тоқсан айында аяқталмақ.

Департамент басшысының айтуынша, көрменің инфрақұрылымы бүгінгі Астананың тұрақты даму динамикасын көрсете алатындай жасалып жатыр.  «ЭКСПО-кешеннің өзі қала аумағына кіреді. Астананың Бас жос­пары бойынша оған 175 гектар жер бөлінді. ЭКСПО-қалашық Назарбаев университеті мен медициналық клас­тердің маңайында орналасады. Бұдан бөлек, 150 гектар жер көрменің қосымша нысандары мен көлік ин­фрақұрылымына бөлінген. Онда қо­ғамдық көлік пен тұрақтар орналасатын болады» дейді Айдар Марат.

Көрме кешені орналасатын ау­мақтың 42 пайызы павильондарға беріледі. Ал, қалған территорияда мәдени шараларды өткізуге арналған ашық және жабық алаңдар болады.

ЭКСПО-қалашықта Қазақстанның ұлттық павильоны (7855 шаршы метр), 4 тақырыптық павильон (8800 шаршы метр), көрмеге қатысушы мемлекеттердің павильондары (47160 шаршы метр), үкіметтік емес ұйым­дар мен корпоративтік қаты­сушылардың (9560 шар­шы метр) павильоны және үздік тәжірибелер аймағы (3350 шар­шы метр) орналас­пақ.

ERA_3923

Халықаралық көрмені өткізу бас шаһардың бітім-болмысына да соны серпін әкелетін болады. Астана жаңаша түрленіп, инфрақұрылымдары жаң­ғырады. «ЭКСПО-2017» халық­ара­лық мамандандырылған көрмесіне дайындық және оны өткізу дирекция­сы» ЖШС-ның басқарушы директоры Мұхтар Ғазизовтің айтуын­ша, көрме қарсаңында Астанада құны 55 млн еуроға татитын күн электр стан­сасы салынады. Нысанның құры­лысы үшін 125 гектар жер қажет кө­рінеді. Станса 2016 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Бүгінде стансаға арналған жер телімін бөлу тұрғысындағы шаралар жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, елордада 2 жаңа автобус бекеті пен 10 паркинг салынады. Бүгінде  автобус бекеттерінің техникалық-экономикалық негізде­мелері дайын тұр.  Жоба бойынша, автобус бекеттері Тілендиев пен Бейсеков даңғылдарының қиы­лыстарында және Абылайхан даңғылы бойында салынатын болады.

Ал, паркинг құрылысының алғашқы кезеңінде біреуіне 1729 көлік сыятын 3 паркинг бой көтереді. Содан кейін 4085 көлік қоюға арналған 7 автопаркинг салынбақ.

Халықаралық көрме қатысушы­ла­рының өзара кездесуінде көрмені ілгерілету бағдарламасы, «Болашақ энергиясы» симпозиумын өткізу, контент-жоспар, еліміздегі туризм әлеуеті секілді мәселелер де талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Енді мұндай жиын «ЭКСПО – 2017» көрмесі басталғанға дейін жыл сайын өткізілетін болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =