«ЭКСПО» туризм әлеуетін арттырады

0 177

Алдағы жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктерін ғана емес, елдің бай тарихы мен мәдениетін төрткүл әлемге паш етуі тиіс. Мемлекетіміздің әр аймағында ұлтымыздың өткен жолынан сыр шертетін, шетелдіктерді қызықтыратын тарихи мекендер баршылық. Ел ішінен қазақ халқының тамырын тереңнен тартатын өнерімен қонақтарды тамсандыратын өнерпаздар да табылары сөзсіз.

SONY DSC
SONY DSC

ҚОНАҚТАР КҮЛЛІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АРАЛАЙДЫ

Ірі халықаралық шараны ұйымдастырушылар да сол мақсатты көздеп, көрме қаты­сушылары мен қонақтарына өңірлерге сапарларды дайындап қойыпты. Жақында ҚР Инвес­тициялар және даму министрі мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің бірлескен бұй­рығымен туристік бағдарлар тізбесі бекітілді. Оған жалпы алғанда Астана мен Алматы қалалары мен еліміздің он төрт облысын қосқанда 73 маршрут енгізілді. Бұл дегеніміз – меймандар Қазақстанның бүкіл аймағын аралайды деген сөз. «Атың барда жер таны желіп жүріп» деп қазақ айтпақшы, қонақтар көрме өтетін кезеңде ұйымдастырушылар сайлап берген көлікпен Алтайдан Атырауға дейін көсіліп жатқан ұланғайыр даламызды көріп қалады.
«Туристік сапарлар Астанадан бастау алады. Елорданың еншісіне 6 бағдар тиіп отыр. Ал ең көп маршрут мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласына бұйырды. Алатау баурайындағы әсем шаһар бойынша 19 бағдар белгіленді. Қалған маршруттар облыстардың еншісінде» дейді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустрия­сы департаментінің директоры Марат Иғали.

25
Оның айтуынша, туристік негізгі бағдарларды анықтау мақсатында аталмыш депар­тамент «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен облыс әкімдіктерімен бірлескен жұ­мыстарды жүргізді. Бұл мар­ш­руттарды белгілегенде, ту­ристік сапарларды сәтті ұйым­дастыруға жол ашатын басты талаптар да назарға алынды.

САПАРЛАР АСТАНАДАН БАСТАЛАДЫ

«Көрме қатысушылары мен қонақтары ең алдымен Астанаға келіп, «ЭКСПО-2017» ке­шенін аралауы тиіс. Оларға ұсы­нылатын бағдарлама да тарихи, мәдени және сәулеттік тұрғыдан мазмұнды, ұлттық бояуы қанық болуы керек. Өңірлердегі туристік нысанның жайынан хабар беретін ақпараттық анықтаманы да қызықты етіп ұсынуға тиістіміз. Туристік бағдарға этно және экотуризм элементтері енгізілуі қажет. Туравтобустарға арналған тұрақтардың болуын да естен шығармадық. Туристік нысан­дарға апаратын жолдарда ны­санның қайда орналасқанын көрсететін белгі де орнатылуы керек. Музейлер аудиогидтермен қамтамасыз етілуі тиіс. Экскурсия жүргізетін гидтер шет тілдерінде сөйлей біліп, олардың біліктілігі де жоғары болғаны жөн деп отырмыз. Кейбіреулерге ұсақ боп көрінетін мәселелерге де назар аудардық. Атап айтсақ, туристік автобустарды теледидар мен аудиогидтермен жабдықтауды, туристік топтарды синхронды аударманың жеке қабылдағыштарымен қамтамасыз етуді, тоқтайтын жерлерде телефонды қуат­тан­дыратын жерлердің, қоғамдық дәретханалардың болуына дейін ойластырып қойдық. Сондай-ақ, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі веб-сайтты жасауды да шештік» дейді М.Иғали.
Көрмеге қатысушылар мен қонақтар сапарларға жеңіл автокөліктермен, автобус­тармен, теміржол мен әуе қаты­насы арқылы шығады. Кейбір жерлерде жаяу, салт атты және велосипедпен де жүре алады. Оларға тау өзендері мен жасанды каналдармен жүру үшін үрленетін үлкен қайықтар – рафтинг те ұсынылады.

ЕЛ ЖҮРЕГІ ЕЛОРДА

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры айтқандай, Астана қаласы бойынша алты туристік бағдар белгіленген. Ұйымдастырушылар алдымен көрмеге қатысушылар мен қонақтарға елорданың ажарын айшықтайтын көрікті орындарды аралатады. Олардың қатарына «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «Астана-Бәйтерек» монументі, «ЭКСПО» көрме кешені кіріп отыр. Осы жерден шығып, «Бурабай – Қазақстанның маржаны» бағдарламасымен қонақтарды бұл курортқа апару көзделуде. Ал одан кейін Алматыға гранд-тур ұйымдастырылмақ.
Екінші кезеңде қонақтар «Думан» ойын-сауық орталы­ғына, Астаналық циркке, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық ке­шеніне, Астананың орталық саябағына барады. Әрі қарай «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрын, «Ғашықтар» саябағын, «Нұр Астана» мешітін көреді. Сондай-ақ, оларға «Мәңгілік ел» триумф аркасын, «Қазақ елі» монументін, «Нұржол» сулы-нулы желекжолы бойын­дағы барлық әсем ғимараттарды көрсету жоспарлануда. Әрине, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Тәуелсіздік сарайы, ҚР Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Президенттік» саябағы, Министрліктер үйі, «Ақорда» Президент резиденциясы, «Қазақстан» орталық концерт залы да көрсетіледі.
Қалған төрт бағыт, сәйкесінше, «Елорда, сенің ашылуың», «Kazakhstan Switzerland», «Sights of the capital of Kazakhstan» және «Астана – еліміздің жүрегі» атауларын алған. Бұл бағдарларда да көрме қатысушылары мен қонақтарына ұсынылатын көрікті жерлер баршылық. Бір сөзбен айтқанда, көрме кезінде елорданың сәні мен мәні жарасқан барлық орындар паш етіледі.

БАЯНАУЫЛ, БІР ШЕТІ ҚАРҚАРАЛЫ

bayan-aul

Басқа облыстарды айтатын болсақ, Ақмола өңірінде қо­нақтар Бурабай шипажайына қоса, Қорғалжын қорығына барады. Қарағандының Қарқа­ралысы мен Керекудің Баянауылына сапар шегеді. Жалпы алғанда, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіндегі, батысы мен шығысындағы, орталығындағы барша тарихи жерлерді көреді. Бұл тұрғыдан алғанда, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстандағы туризмнің дамуына да өзінің үлкен үлесін қоспақ. Шындығын айтқанда, қазақстандықтардың өздерінің де елімізде көретін жерлер көп. Сондықтан көрме уақытындағы туристік сапарлар баршаға қызықты болады деп ойлаймыз. Ат-бабаларымыз «Балқан, Балқан, Балқан тау, ол да біздер көрген тау» деп айтатындай, біраз жерді көретін күндерге баршамызды жеткізсін.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 5 =