©2020 Астана Ақшамы
ЭКСПО ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Алдағы маусым айында Халықаралық көрмелер бас ассамблеясында мамандандырылған көрменің басты құжаты – Тіркеу құжаты кеңінен қаралады. Қазақ елі халықаралық бюроның жалауын алғаннан кейін ЭКСПО-қалашығының құрылысын бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев мәлімдеді.
Талғат Ермегияевтің айтуынша, Елбасы Жолдауында айтылған еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жүзеге асыру «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына тікелей байланысты. «Бес жылдыққа бөлінген бұл кезеңде мемлекетіміз дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіруді мақсат етеді. Сонымен қатар, елдің стратегиялық, үдемелі-индустриялық, инновациялық даму қарқынын жеделдетуді көздейді. Президент тапсырмасының бізге тікелей қатысы бар. Өйткені, «Астана Экспо-2017»
ұлттық компаниясының негізгі қызметі – инновациялық жобалар арқылы елімізге инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті экономиканы құруға барынша үлес қосу. «ЭКСПО-2017» көрмесі – қазақ тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шара. Салынған әрбір ғимарат өзімізде қалады және инновациялық идеяларды ел игілігіне жарату үшін қызмет ету керек. Ендеше, жүзден астам мемлекет қатысатын тарихи
жобаны жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Сәтін салса, ЭКСПО қалашығының құрылыс жұмыстары жақында басталады» дейді Т.Ермегияев.
Шынында, ЭКСПО көрмесі өтетін аумақ Астананың жаңа технологиялар мен инновациялар қолданатын бірегей бөлшегіне айналатын болады. Оның кешендерін тұрғызу мен көрмені өткізу шаралары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Бұған қоса, инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
– ЭКСПО қалашығы тек электр энергиясы мен дәстүрлі қуат көздерінің ғана емес, жаңартылатын энергия көздері есебінен де қамтамасыз етілетін алғашқы нысандардың бірі болуы тиіс. Қалашықта «Smart Grid» жүйесі қолданысқа енгізілетін болады. «Smart Grid» – қалашық аумағында сумен жабдықтау және электр қуатымен қамтамасыз ету желілерін бақылай алатын «ақылды жүйе». Бұл жүйе ЭКСПО аумағында орналасатын инфрақұрылымды, оның ішінде қауіпсіздік желісін де толық бақылай алады, – дейді «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы.
Белгілі болғандай, көрмеге дейін және көрмені өткізу кезінде елордада жиырма мыңдай жұмыс орны ашылады. Ал, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізудің мөлшерлі құны екі аптадан кейін белгілі болмақ.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ