ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ туралы қойылым өтеді

0 106

amire-drama-afisha

6 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайы сахнасында «Әміре» драмасының премьерасы өтеді. Көрермен назарына кезекті жаңа премьераны Қ. Қуанышбаев  атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы  ұсынады. Қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтеді.

1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзілік «ЭКСПО»  көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы бедер алады. Кейіс дүниеден береке таппаған Әміренің – Ән-Әміреге айналып өнер көгінен үн қатқаны баяндалады.

Спектакльдің бас кейіпкері «Әміре» бейнесін театр артистері Қасымхан Бұғыбай мен  Асылбек Қапаевтың сомдауында тамашалай аласыздар.

Пьеса авторы – жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек  сіңірген қайраткері, режиссер – Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі – Берік Бурбаев.  Хормейстері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Амантай Жұмашев.

Бұл драматург Р.Отарбаев пен режиссер Н. Жұманиязовтың  Қаллеки сахнасындағы бірлескен екінші жұмыстары болмақ. Бұған дейін «Нашақорлар жайлы  новелла» пьесасының  желісі  бойынша  «Көлеңкесіз жолаушы»  атты драманы дүниеге әкеліп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің  сүйікті қойылымдарына айналған еді. Енді алда «Әміре» драмасы жарық көрмек. Әміренің суреткерлік шеберлігі мен өміріндегі құпиялары жайындағы драматург Рахымжан Отарбаевтың туындысы, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың  қолтаңбасымен үйлесіп сахна атты киелі әлемге жол тартпақ.

Спектакльдің басталуы: сағат 18.30-да.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − thirteen =