ЭКСПО – ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ЖОБА

0 119

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрменің Ұйымдастыру кеңсесінде көрмені ұйым­дастыру және өткізу мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің төртінші отырысы өтті. Бас­қосуда биыл өткен жиындар қорытындыланып, алдағы уақытта қарастырылатын 10 негізгі ұсыныс мақұлданды.

img_1093

Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар бас қосқан алқалы жиында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» ак­ционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Бүгін Қоғамдық кеңестің төртінші отырысына жиналып отырмыз. Алғашқы басқосу жылдың басында, 26 қаңтарда болды. Ол кезде шешімін таппаған мәселелер жетерлік еді: құрылысы аяқталмаған нысандар, қатысуға ниет білдіруші елдердің кемдігі және тағы басқа. Содан бері біраз табанды жұмыстар атқарылды. Жуырда Елбасы осында келіп, жұмыс барысымен танысып, оң бағасын берді. Осы алаңда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монумент салтанатты жағдайда ашылды. Қазіргі уақытта біз ЭКСПО павильондарының ішкі контентін толтыру шаруаларына кірісіп жатырмыз. Бұл – көрменің жоғары деңгейде өтуі үшін өте маңызды істердің бірі, – деді ол.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, биыл халықаралық павильон­дардың құрылысы толықтай аяқталды. Бүгінде нысандарды қатысушыларға тапсыру басталып кетті. Оған қоса, коммерциялық павильондар мен Қоғамдық коммуникация орталығы дайын. Бұрын Энергия зерттеу орталығы деп аталған бұл жерде Бірыңғай қызмет көрсету орталығы, Аккредитация орталығы және Медиа орталық орналаспақ. Мемлекеттік сараптамадан 11 нысан өтті. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін ұлғаймақ.
Қазіргі уақытта құрылысы біткен нысандардың контентіне көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде тақырыптық павильондар мен үздік тәжірибелер аймағы қарастырылуда. Халықаралық конкурстың қорытындысы бо­йынша 25 мемлекеттен 24 жоба іріктеліп алынды. Бұл жұмыстарға әлемдік жетекші мамандар тартылды. Олардың қатарында Нобель лауреаттары бар екен.
Павильондар 8 мемлекетке үлестірілді. Беларусь, Венгрия, Германия, Қытай, Ресей, Сингапур, Түркия, Франция елдері қазірдің өзінде іске кірісіп кетті. Жаңа жылдан бастап қысқа уақыт аралығында 130 қатысушының бәріне павильондарды тапсыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, қатысушыларға тұрғын жайларды беру де басталып кетті. Баспаналар ақысыз болмайды, бәрі жалға беріледі. Көрмеден кейін елорданың тұрғын үйлері 4 400 заманауи жайлы пәтерлермен толысады.
– ЭКСПО – бұл дағдарысқа қарсы жоба. Біз мұны нақты дерек­термен және цифрлармен дәлелдей алдық. Отандық тауар өн­діру­шілердің қолдау мақсатында бірнеше компаниямен ынты­мақтастық орнады. Нәтижесінде 322 отандық тауар өндіруші тартылды. Олармен жалпы көлемі 48,9 млрд теңгеге шақталған ке­лісімшарт жасалды. Соның арқа­сында Қазақстанда 50 мың шама­сында жұмыс орны құрылып, сақ­талды. Сонымен қатар, демеушілік ретінде 126 млн еуро мен 211 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды, – деді Ахметжан Есімов.
Осы уақытқа дейін 18 халықаралық ұйым мен 112 елдің көрмеге қатысатындықтары мақұлданды. Оның 108-і комиссарларын белгілеп қойды. 94 келісімге қол қойылып, 75 елдің ұлттық күндерінің мерзімі анық­талды. Ұлттық павильондардың 89 тұжы­рымдамасы дайын.
Отырыста Қоғамдық кеңестің төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов ЭКСПО кезінде қонақүйлердегі орындар жетіспей жатса, ЖОО-лар жазда жатақханаларын босатып беруге әзір екенін айтты. Оның сөзінше, жатақханаларды шетелдік қонақтарға беру мәселесімен компаниямен қоса, «Астана Конвеншн» ұйымы айналысады. Жатын орындардың бағасы қонақүйлерге қарағанда едәуір арзан болмақ.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшесі, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп гидтерді дайындау барысында олардың бірнеше тілді үйренуіне ғана емес, Қазақстанның тарихы, географиясы және экономикасы жөніндегі мағлұматтарға қанық болуына мән беру керектігін атап өтті.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =