ЭКСПО-1876

0 111

ПАРИЖГЕ ТАРТТЫҚ ҚАЙТАДАН

Иә, ЭКСПО көрмесі ағылшын мен француздың арасындағы қолжаулық болды ма дерсіз. Не шара, олай деуіңізге негіз де, хақыңыз да бар. Бірақ тарихты қайта жазбақ жоқ: 1867 жылы көрме қайтадан Парижде өтті. Ағылшыннан асып түсу – французға ардың мәселесі, ғұмырлық мақсат екенін өткенде айтып өткен болатынбыз. Ендеше, бірден, бастан-аяқ темір қаңқадан құрастырылған залға қойып кетелік.

Эйфель жастау әрі отты кезде…

1867 жылғы көрмені инженерлік жаңалықтардың көрмесі десек болар. Адамзат алғаш рет қу темірді шендестіріп, зәулім сарай салуға болатынын, бәлкім, осы жерден көрді. Сарайларды айлап-жылдап тастан соғатын замандар тарихтың көне беттеріне жылыс­тай бастауы осы тұс: келушілер 26 метрлік әйнекпен қапталған күмбезден бір түйір кірпіш көрмеді. Есесіне, қабырғалары жанаса қойылған темір «тоқыма» ауызды аштырудай аштырды. Бұл инженерлік «басбұзарлықтың», «айуандықтың» авторы – өзімізге әбден таныс Гюстав Эйфель болатын! Өзі аттас мұнара салып, тарихта қалатынын; Дюма сынды бір топ жазушы-ақынның «кәрі кемпірдей темір құбыжық мұнараларың Парижіміздің кейпін кетіріп-ақ тұр» деп, қала мэріне хат жазатынын әлі білмейтін кезі.
Көрерменнің дейміз бе, тамашалаушының дегеніміз дұрысырақ болар – бірде-бір жәдігерді көрмей кетпейтін презентация түрінің алғашқы концепті де осы көрмеде болды десек, артық болмас. Себебі, әйнек күмбез астындағы аллеяда барлығы алақандағыдай көрініп тұрды; ал егер аралай бастасаңыз – бармаған қуыс-қалтарысынсыз қалмас еді. Не дейміз, ағыл­шындардан асып түстіңдер деп, ұйымдастырушыларды қолпаштап қойып, жәдігерлерге беттейік.

Мартеннің мәртебесі

Әлбетте, көрме болғасын, қай ұйымдастырушы да ең алдымен жақсысын алға тартар, жаманын жасырар. Олай болса, 19-ғасырдың көрме аралаушысына көйлек-көншек, көди-сөдиден бұрын, алапат механизмдер ұсынылды. Бір бұрышта – осы күнгі электр генераторларының атасы динамомашинасын көрсетіп Сименс тұрды (есімі сізге ештеңе айтпай ма, қадірлі оқырман?). Бір қуыста Отто мен Лагнен «жұмысты жапырып жатқан» газ турбинасымен жұртты таңдай қақтырып жатты. Бірақ мынау тарихи есімдердің есте қалуы – осы көрмеге Пьер Мартеннің пеші келмегенде екіталай еді.

Француздар саясаттан басқа да салада төңкеріс жасауға қабілетті жұрт екенін тап осы Мартеннің пешімен бір-ақ дәлелдеді. Еңбек өнімділігінен бастап, болат-шойынның сапасына дейін есепке алған мартендер адамзатты «жаңа темір дәуіріне» бір-ақ секіртті десек, әсіре сөз болмас. 1867 жыл – көрер көзге бірден айта қоятын көрінеу пайдасы жоқ, бірақ тереңінен алғанда барлық технологияларға іргетас болған жыл. Және оның басты себебі – мартен пеші. Мысалы, тап осы көрмеге келген атақты неміс металл алпауыты Крупптың 34 тонналық болат білігі (бу машиналарына иінді білік жасауға арналған) айтылмыш мартен пеші технология­сынсыз тіпті мүмкін болмас еді. Тұтас, тігіссіз, ілгексіз (заклепка) металл білік жасау – бүгінгі күннің де технологиялық мәселесі екенін ескерсек, Круппке де, Пьер Мартенді де мадақтап қойған артық болмас. Айтпақшы, Альфред Крупп осы көрмеде өзінің «шойынды бессемерлеу әдісі» атты жаңалығы үшін Гран-Приді жеңіп алды. Қызықты дерек: Крупптың зауыты осы әдіспен – жалпы адамзаттың 1851 жылға дейін шығарған болат көлемін төл әдісімен 1861 жылы-ақ өндіріп тастады!

Бұл кездерде Ресей империя­сының отары болып үлгірген Қазақстан үшін ібір-сібір жұртынан барған дүниелер қызық. Қызық болғанда – сол баяғы: тері, керуерт, ағаш, ыдыс, т.б., яки, технология зерттеушілер үшін артта қалушылықтың алғашқы белгілері осы тұстан көріне бастайды.

1867 жылғы көрмеге осындай құс ұшар биіктен тасталған көздің өзі мамыражай бейбіт замандарды көрсетеді. Шынымен, осы бір тұста адамзат соғыспен емес, игілік жасауда жарысуға уағдаласқандай көрінген еді…

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 19 =