ЭКСПО-1855. Париж

0 151

Кеше Елбасымыз біздің редакциямыздан қарға адым жерде тұрған «Көрме» орталығына келіп, EXPO-2017 шарасына арналған ғимараттар мен инженерлік құрылымдардың жобасын тамашалап, бағасын беріп кетті. 

Әлемнің жиырма елінен келген жоба­лардың әрқайсысынан бір дәнегін алу шешілді. Тақырыбымыздың «жасыл эконо­мика» екені, және барлық әрекет соның айналасында өрбуі тиіс екені жауаптыларға тағы да нықтап айтылды.

Ал әңгімемізге арқау болып отырған ЭКСПО көрмесінің 1855 жылғы нұсқасынан біз басқаша жоспарлар мен пиғылдар көреміз. Әрине, ағылшындарға жүзжылдық соғыстың өші әлі басылмаған француздар о баста-ақ «Лондон көрмесінен асып түсуді» мақсат етіп қойды.

Император Наполеон III үшін бұл көрме құтқарушы болды десек, артық емес. Даңқты Наполеонмен байланысын алға тартып, елдің оған деген ықыласын сәтті арнаға бұрып, билікке қолы жеткенімен, әрі қарай талант таныта алмай, ел тұралап, экономиканың кетеуі кетіп жүрген кездері бұл көрме идеясы іздегенге табылған бола қойды.

Ас та – төк

Расы керек, халық көрмені, оның шығын­дарын бірден қолдады. Енді ше, ата жау – ағылшыннан асып түсіп, «көзін көкшиту» – кеше солардың кесірінен елдігінен айрыла жаздаған қатардағы француз үшін өмірлік мұрат еді. Ал өмірлік мақсатыңа өз өміріңде жетіп кету – тіпті де ынталандыратын жәйт.

Ендеше, ЭКСПО-1855 үшін ең алдымен, Людовик ағзамның ақырып тұрған заманында салынған әжетханасындағы төсенішіне дейін мәрмәрдан соғылған Елисей сарайы есіктерін айқара ашты. Әрбір бедерін даңқты сәулетші қырнап, әйнегіне дейін айтулы шеберлер балқытқан сарайдың өзі-ақ Лондон көрмесі өткен Хрусталь Сарайынан асып түсті. Бірақ «рухани кек алушы» француздар «жығылғанға жұдырық» болсын деді ме, әдейілеп Индустрия сарайын және салды. Сөйтіп, көлем мен кеңістік жөніндегі көрсеткіштер бойынша Лондон көрмесі көмескі тартып қалды деуге әбден болады.

«Эжен, бері келші сен»

Сән мен салтанаттан көшбасшы екенін бір нықтап алған француздар дегенмен, өндірістік тауарлар мәселесімен ауызды аштырып, «аһ» ұрғызған нәрсе ұсына алған жоқ. Артта қалушылықтан гөрі, ірілі-ұсақты төңкерістер мен саяси сеңжүрістерден баяулап қалу деген жөн шығар. Әйтпесе, француз ғылымы осы күнге дейін маңдай алды боп қалып отыр ғой.

Бірақ «арықтығын білдірмес бөрі жонын қампайтар» деген бар. Француздар өндірістік тауардағы мардымсыздығын өнер мен тағам саласындағы жетістіктерімен екі есе жапты. Егер 1855 жылдың 15 мамыры мен 15 қарашасы аралығында Индустрия сарайына барсаңыз, осы күнгі қаншалықты түсініксіз болса, соншалықты қымбат кенептердің авторларын көрер едіңіз. Айталық, Эжен Делакруадан академиялық делінген бағыт­тағы суреттерде шығармашының нақты не дегісі келгенін сұрап алар едіңіз. Ендеше Париж-1855 көрмесінің тағы бір артық­шылығы: богема бір сәт жерге түсіп, олармен тіпті сөйлесу мүмкіндігі болды. Француз және әлем мәдениеттану жылнамаларында пірге айналған өнер адамдарының нақ осы көрме тұсында берген сұхбаттары жыртылып, айрылады.

«Еркек шарап»

Көрменің ұйтқысы болған император Наполеон III саясат сахнасынан абыройсыз кеткен адам. Бірақ тап осы көрме арқылы француз шарабының даңқын асырып, ұлттық бренд те жасақтап кетті.

Батыс, Шығыс Еуропада шарап пен сыра қайнатпайтын халық жоқ. Қазақ пен қырғыздың «менікі!» деп, жеңістік бермейтін ортақ мұралары сияқты, Еуропаның қай жеріне барсаң да «ша­рабың бізден қалған, ана­лардікі – әншейін тосап қана» деуі әбден мүмкін. Дегенмен де, біздерде «француз шарабы» деген ұғым нықтап қалыптасқан. Сөйтсек, шараптарды дәміне және қасиетіне қарай жіктеу – тап осы ЭКСПО-1855 көрмесінде бекітілген. Әйгілі Бордоның Медок (Haut-Médoc) аймағында шоғырланған атақты шарап сарайларының даңқымен дүниеге «Медок классификациясы» атты жіктеу тәсілдері келді. Ол бойынша сусындарға, тіпті адами деуге келетін қасиеттер берілді. Мысалы, «Saint-Estèphe шараптарында «еркектің мінезі бар». Немесе Pauillac сарайының сусындарына «аздаған түтін реңкі тән».

ЭКСПО-1855 көрмесінен біз алатындай бір тәлім бар. Ол – көрме өткізу үшін әлемнің алды, бар саладан алдыңа жан салмай, артың шаң болуы міндетті емес деген сөз. «Біздің неміз бар сонша көрсететін?» дейтін кертартпалар үшін құлаққағысы бар тәлім. Француздар өздерінің дәстүрлі мықты салаларын әдемі қиыстырып алға тарта білді. Көрмеге келіп кеткен бас-аяғы 5 млн адамның барлығы халық туралы өзіне бірдеңе түйіп кетті. Өзімізге де осындай тапқырлық тілейік.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 10 =