ЭКРАНДА – ҚАЗАҚЫ БОЛМЫСТЫ «ШАЛ»

0 179

Қазақстанда Э.Хемин-гуэйдің «Шал мен теңіз» повесі экранизацияланды. Фильм «Шал» деген атаумен көрерменге жол тартты. Режиссері – Ермек Тұрсынов. Автор айдалада өмір сүріп жатқан шағын отбасы арқылы қазақы болмысты ашуға тырысқан. Түз тағысымен арпалыса жүріп, өмірлік ұстанымдарына берік жай ғана бір шалдың азапты өмірі баяндалады. Ұлан-байтақ даланы мекен еткен үлкен ұлттың бір бөлшегі іспетті. Кино кейіпкері бой түзеп келе жатқан ұрпағына киелі даланы мекен еткен ата-бабасының өнеге-ұлағатын мирас етуді көздеген асқақ мұратпен жанталас өмір шынайы көрініс тапқан.

Басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғұзақов ұлы даланың исі сіңген қатпа қара шалдың шойындай берік өмірлік ұстанымын дәл бейнелей білген. Ол бұған дейін «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны», «Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмдерімен танылып үлгерген актер.

Ал фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов: «Жыртқыштың аты жыртқыш емес пе, шамалы қиындықтар болды. Актер жыртқышпен жалаң қолмен күресті. Жекпе-жек алысқанда бет-жүзі анық көрініп қалатындықтан, дублерді ойната алмадық. Әрине, күрестірмес бұрын оларға әлсірететін дәрі еккіздік. Қайткенмен де, мұндай жыртқышпен күресу үшін үлкен жүрек керек. Осындай қиындықтарға қарамастан, Ерболат аға өз рөлін жақсы алып шықты» дейді.

Астана кинотеатрларында көрсетіле бастаған «Қазақфильмнің» кезекті туындысына қызығушылар саны күн санап көбейіп келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + fifteen =