Екпеден кейін иммунитет қалай қалыптасады?

0 16

Педиатр-дәрігер, №3 қалалық емхананың бас дәрігері Сәуле НҰРАШЕВА індетке қарсы екпе алуға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.– Вакцина иммундық жүйе­ні қалай қалыптастырады?
– Вирустың белсенді емес, өлі және тазартылған бөлшектерін енгізгеннен кейін соған жауап ретінде иммундық жүйе ағзада антиденелер шығарады. Коронавирус инфекциясының патогендік вирусы ағзаға енген кезде, вакцинациядан кейін пайда болған антиденелер вирус ақуыздарына қосылады. Бұл жағдайда вирус денеге зиян келтіре алмайды. Зерттеу нәтижелері бойынша зерттеуге қатысатын барлық науқастарда 32-ден 45 күнге дейін, кей жағдайда 56 күнге дейін антиденелер, яғни індетке қарсы қорғаныш ақуызы пайда болады. Иммундық жауап деңгейі әр адамда әртүрлі, ол көбіне сол адамның иммундық жағдайына байланысты болады. Кез келген вакцина вирус жұқтырмауға толық кепілдік бермейді. Бірақ екпе салдырған адам осы дертпен ауырса да, ол вакцина алмаған адамға қарағанда ауруды жеңіл немесе асимптоматикалық түрде өткереді.
– Ағзада COVID-19 инфекциясына қарсы антиденелер қанша уақыт сақталады?
– Екпеден кейін иммунитет 2 жылға дейін сақталады. Вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді. Қоғамдық денсаулық сақтау тарихында ұжымдық иммунитет аурудың өршуіне қажетті реакция бермеген бірде-бір жағдай болған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, халықтың кем дегенде 60 пайызын вакцинациялау кезінде ұжымдық иммунитет қалыптасады. Біреулер айтып жүргендей, вакцина адам бойында COVID-19 инфекция­сын тудыруы мүмкін емес, өйткені өлі және тазартылған вирус адам денесінде көбейе алмайды, тіпті иммунитеті әлсіз болса да ауру туғыза алмайды.
– Статистикаға сәйкес екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін коронавирусқа шалдығу мүмкін бе?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші вакцинадан кейін де екіншісін алмай тұрып адамдармен байланысты азайту және барлық алдын алу шараларын сақтау қажет екенін еске салады. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, сондықтан осы кезеңдер арасында ағза толық қорғалмаған болғандықтан ауруға әлсіз келеді. Сол себепті дертке шалдығу қаупі болады. Кез келген екпе иммунитетке ауыртпалық әкеледі, сондықтан денеңізге иммундық реакцияны тезірек жасауға өзіңіз көмектесуіңіз керек. Ол үшін профилактикалық сақтық шаралары мен шектеулер, яғни маска тағу, қол гигиенасын сақтау және басқа да шараларды жасасаңыз, бұл да иммундық реакция береді.
– Вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін ауру жұқтырып алса, ол адамның екінші компонентті алуына бола ма?
– Ондай жағдайда бұл адам коронавируспен ауырған болып саналады да, екпені 6 айдан кейін алады. Егер екі компонентті егу кезеңі арасында адам ЖРВИ сияқты басқа жұқпалы аурулармен ауырса, онда екінші вакцина біріншіден 21 күн өткен соң емес, қалпына келген соң 2-4 аптадан кейін салыну керек.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =