Екпе жайында ел не дейді?

0 15

Бас қалада вакцинация алғандар қатары артып келеді. Маусым айында күніне орта есеппен 1500-2000 адам екпе алса, қазір күніне 8 мыңға жеткен. Осы орайда екпе салдырғандардың пікірін білдік.– Мен елорда тұрғынымын. Көпбалалы әкемін. Отбасымның амандығы үшін алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдадым. Баршамыз екпе алсақ, бетпердеден де арыламыз. Вакцинацияның өсу қарқыны қаладағы эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға, қалыпты өмірге оралуымызға мүмкіндік береді, – деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев.
Вакцинация адам ағзасындағы нақты бір инфекциялық ауру қоздырғышына қарсы иммунитет қалыптастыру екенін көпшілік түсінсе екен дейді қалалық цирк инспекторы Жолдасбек Имашев.
– Сәуір айында вакцина салдырдым. Осы уақытқа дейін ешқандай кері әсерлері байқалмады. Бәріміз аман-сау болайық, ұжымдық иммунитетті қолдаймын, – дейді ол.
Әлемде 70 түрлі жұқпалы аурудың емі осы вакцинация деп айтуға болады. Қазіргі таңда әлі де екпе салдыруға қарсы азаматтар баршылық. Олар вакцинадан кейінгі дене қызуының көтерілуі, ауырсыну, дененің бөртуі, қабынуы сынды реакциялардан сескенеді. Керісінше, вакцинаны өз еркімен алғашқылардың бірі болып салдырып, коронавирус инфекциясымен күресудің және денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екпе алу деп санайтын жандар да жетерлік.
– Вакцинадан қорықпау керек деп ойлаймын. Менде екпеден соң ешқандай симптомдар байқалмады. Мамандар үш тәулік ішінде дене қызуы көтеріледі, инъекцияның орны қызарады, ісінеді деген еді. Оның бірі де болмады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Өз денсаулығы мен болашағы үшін алаңдайтын әр жанға вакцина салдыруға кеңес беремін, – деді режиссер Әйгерім Тілегенова.

Екпенің қауіпті емес екеніне халық сенімінің аздығы, еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық насихаттың дұрыс жүргізілмеуі мен әлеуметтік желілерде негізсіз ақпараттардың таралуы себепші болып отырғанын алға тартты «Музыкалық жас көрермен ­театры» директоры Асхат Маемиров.
– Мен вакцина қабылдау қажет деп санаймын. Оның бір ғана себебі бар. Мен өмір сүргім келеді және жақын жандарымның амандығы үшін екпе салу керек деп есептеймін. Вакцинация мәселесіне келгенде, халықтың арасында ағарту, түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткені абзал. Соңғы кездері жас ата-аналардың білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні алаңдатады. Жалған ақпараттардың арқасында жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Бұл ретте тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын, – деді А.Маемиров.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =