Екпе жайын жария етеді

0 24

1 шілдеден бастап «Ashyq» қосымшасы арқылы адамның вакцина алып-алмағаны анық көрінетін болады. Бұл туралы елорда әуежайының баспасөз қызметі берген мәліметте келтірілді. Ал «Ashyq»-тың негізгі қызметі адамның коронавирус инфекциясы бойынша ахуалға қандай қатысы бар екенін анықтау ғана еді.

Яғни төрт түрлі түстегі мәртебе беру арқылы дерт жұқтырғаны, аурумен байланыста болғаны немесе сау екендігі айқындалатын. Енді жүйе жетілдірілгені болар, ол әр адамның вакцинацияға қатысты да деректерін шығарып беретін болып отыр. Қосымшаны жасап шығару ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп пен Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелгені белгілі. Олар мобильді қосымшаны қолдану оңай екенін айтқан. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің мәртебесін анықтайды. Биыл 17 қаңтардан қанатқақты жоба ретінде қолға алынған қосымша белгілі бір шағын және орта бизнес нысандарына кіру немесе қызметін пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Вакцина паспортын сату – өрескел әрекет

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Алматыдағы бір емханада медицина мамандары вакциналау туралы жалған паспорттарды 15 мың теңгеге сатқанын жариялады. Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық комитет мамандарының айтуынша, екпе салу бойынша жалған паспорт жасау қылмыстық жаза болып есептеледі, сондықтан кез келген азамат, дәрігер немесе жақын адам мұның заң бұзушылық екенін түсінуі керек және ол жазасыз қалмайды. Әрі бұл жаппай вакцинация процесін бәсеңдетеді. Сөйтіп дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныс құралдарын және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жоспарлаудағы статистика өзгереді. Бұл – стратегиялық кемшіліктер жіберуге әкелетін саяси мәселе. Егер мұндай жағдай орын алса, қылмыстық жаза қолданылады. Вакцинация бойынша ақпараттық жүйеде әрбір жасалған доза көрініп, бақылауда ұсталады. Вакциналарды сатып алуға бюджеттен көп қаржы бөлінеді. Паспорт сатылатын болса, салық төлеушілердің ақшасы босқа кетеді.

Таңдауда – үш түрлі екпе

12 мамырдағы мәлімет бойынша Қазақстанда 1727011 адам вакцина салдырды. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа қарсы вакцинаны 181 мыңға жуық адам алды. Олар таңдауына қарай отандық, ресейлік және қытайлық вакцинаны алды. Сәуір айының соңында елордаға 6 мың қазақстандық препарат келіп түскен болатын. Азаматтарды егу үшін одан басқа ресейлік «Спутник» вакцинасының 90 мыңнан астам дозасы бар. Қытайдан жеткізілген 7400 вакцинаның қазір 6700-ге жуық дозасы қалды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жақында басқарма қоймаларына Sinofarm Hayat-Vax вакцинасының тағы 7400 дозасы келіп түсті. Hayat-Vax вакцинасы – Біріккен Араб Әмірліктері шығарған, белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина. Екпе Қытайдан басқа БАӘ-де өндірілетін болды. Арнайы мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 34 мемлекетіне бұл вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы қолдануға жіберілген. Барлық препараттардың дозаларын жеткізу кестеге сәйкес және «СҚ-Фармация» мен ҚР ДСМ тәртібі бойынша жүзеге асырылады. Вакцинация пункттері медициналық ұйымдарда, сауда кешендерінде ашылған. Егу кабинеттерінің саны жылжымалы бригадаларды іске қосу арқылы үш есе ұлғайтылды.

Медбикелер мерекесі

12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні. Бүгінде Қазақстанда орта медициналық қызметкерлердің кадрлық әлеуеті 185,7 мыңнан астам маманнан тұрады, оның ішінде 2 мың қызметкердің жоғары білімі бар. Медициналық мекемелердегі барлық жұмыстардың 80 пайыздан астамы солардың мойнында. Олар күн сайын, 24 сағат пациенттерге қамқорлық жасайды – тамшылар қояды, таңғыштарды ауыстырады, қысымды өлшейді, температурасы мен жалпы жағдайын бақылайды, ауыр науқастарды емдейді. Науқастарға операциядан кейін алғашқы қадамдарды жасауға, ауруын жеңуге, өз күшіне сенуге көмектеседі. Елімізде ауылдық жерлерде 54 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. 2021 жылы «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша тағы да 3 мыңға жуық қолданбалы ғылым бакалавр мамандары ең игі қызметті атқарушылар қатарын толықтырады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 15 =