Екпе туралы екіұдай пікір

0 170

13 мамырда Мәжіліс депутаттары балаларға міндетті вакцинацияны енгізуді көздейтін жаңа кодекстің жобасын екінші оқылымда мақұлдады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңның жаңа жобасы бойынша ендігі жерде елімізде барлық екпелер міндетті және ерікті түрде болып екіге бөлінеді. Халық соның міндетті түріне қатысты наразылық танытып отыр. Екпе салудың пайдасынан гөрі зияны туралы әлеуметтік желілерде тараған дәйекті, дәйексіз сан алуан ақпараттар да түрлі күмәнді ойларға жетелейді. Ал мамандар соншама дабыл қағатындай дәнеңе жоқ деп басу айтуда.

Мәжбүрлеуге жол жоқ

Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай ­Әзімбаеваның айтуынша, қайта қаралып отырған жаңа қаулы жобасы бойынша 20 түрлі инфекцияға қарсы салынатын екпелер екі топқа бөлінеді. Соның ішінде екінші топқа жататын эпидемиологиялық және клиникалық көрсеткіштерге байланысты инфекцияларға қарсы егілуді учаскелік дәрігер міндетті түрде ұсынады. Яғни, «міндетті» деген сөз алдымен дәрігерге қатысты айтылған, ата-анаға аталған егу шаралары туралы міндетті түрде толық түсіндіріледі, әрі қарай олар ерікті түрде өздері шешім қабылдайды.

Теріс пікірлерді теріске шығарды

Мамандар ел арасындағы вакцина туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайтынын айтады. «Менің ойымша, табиғатында адам баласы үрей туғызатын, жалған пікірге көп көңіл бөлетіні белгілі. Сол себептен жалған айтылған, теріс пікір тез тарайды. Ал медицина саласында арнайы білімі болмаған жағдайда, ондай ақпаратқа сену қиын емес. Халық арасында вакцинация жөнінде пікірлердің таралуына әлеуметтік желілердің, интернеттің кеңінен пайдаланылуы, онда жалған ақпараттың таратылуы әсер етіп отыр» дейді Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева.
Мамандардың айтуынша, вакцинация жүргізгеннен кейін сал болып қалу жағдайлары қазіргі кезде тіркелген емес. Егуден кейін тіркеліп жатқан қолайсыз көріністердің барлығына шұғыл хабарлама беріліп, арнайы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Соңғы 10 жылда вакцина салдырған адамдар арасында вакцинамен байланысы бар асқынулар тіркелген жоқ. Көп жағдайда адамдар егілгендердің денсаулық жағдайының күрт төмендеуін, кейбір аурулардың пайда болуы, мысалы, балалар церебралды паралич немесе сал болуы, сондай-ақ аутизм сияқты ауруларын вакцина алуымен байланыстырып жатады. Алайда тексеру кезінде ол аурулардың егумен еш байланысы жоқтығы анықталып, дәлелденген.

Екпесіз қалғанның салдары

2019 жылы Қазақстанда профилактикалық егуден 6003 адам бас тартқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 4,4% артық. Соның ішінде жеке басының көзқарасы бойынша бас тартқандар басым болып отыр, олардың үлесі – 60%, діни нанымдар – 17%, вакцинаға сенбеушілік – 12,5%, интернет-ресурстар, баспасөз, теледидар арқылы теріс ақпаратқа сеніп бас тартқандар үлесі – 10%. Соңғы жылдары профилактикалық егуден бас тартқан адамдар арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялардың тіркеле бастауы алаңдатады. 2019 жылы егілмеген балалар арасында 122 көкжөтел ауруы тіркелген, оның ішінде бас тарту себебінен егілмегендер – 44 адам. Бұл – екпе салдырмаған балам ауырмайды дейтін ата-аналар пікіріне кереғар мәліметтер. Соңғы уақытта жануарлар тістеген кезде де вакцинациялаудан бас тарту үрдісі байқалады. Мысалы, Ақтөбе облысынан 2017 жылы ит тістеген бір науқас профилактикалық вакцинациялаудың толық курсынан бас тартқанның салдарынан қайтыс болған. 2018 жылғы наурызда дифтерия мен сіреспеге қарсы егілмеген ересек адамда сіреспе ауруы тіркеліп, сыр­қат соңы өліммен аяқталды. Сондай-ақ республикада былтырғы жылдың басынан бері қызылшамен ауырған балалар арасында 22 өлім тіркелген, барлық жағдайда балалар қызылшаға қарсы егілмеген.

Вакцина сапасына талап жоғары

Мамандар Қазақстанда вакциналардың сапасына өте қатаң талаптар қойылатынына сендіреді. Қолданар алдында вакцина бірнеше тексеруден өтеді. Сарапшылар вакциналардың эпидемиологиялық тиімділігі мен иммуногендік қасиеттерін қоса, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің мәліметтерін зерттейді және талдайды. Қазақстанда тек бір ғана вакцина – обаға қарсы вакцина жасалады. Басқа вакциналар шетелдік компания­лардан сатып алынады.Нұршай Әзімбаева, Денсаулық сақтау минис­трлігінің бас сарапшысы:

– Міндетті профилактикалық вакциналар бірнеше ауруға қарсы егіледі. Оның ішінде А вирус гепатиті, В вирус гепатиті, В типтегі гемофил инфекциясы, дифтерия, жатыр мойнының қатерлі ісігі, көк жөтел, қызылша, қызамық, пневмококк инфекциясы, полиомиелит, сіреспе, туберкулез және паротит бар. Қолданыстағы Денсаулық сақтау туралы Кодекстің 91-бабына сәйкес кез келген медициналық көмек пациентке хабардар етіліп, ерікті түрдегі ауызша немесе жазбаша келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс. Вакцинациялау да медициналық көмек қатарына жатады. Сол себептен ешкім ата-ананы немесе баланы вакцинация жүргізуге мәжбүрлей алмайды. Ал міндетті егу тізбесіне енгізілген инфекциялар – егілмеген адамдарда өте ауыр түрде өтетін, көп жағдайдар ауыр асқынуларға апаратын, тіпті өлім-жітімге әкелетін аурулар екендігін айта кеткен жөн. Вакцинация өмірді және бірінші кезекте балалар өмірін сақтауға бағытталған. ДДҰ мәліметтері бойынша, жыл сайын вакцинация 3 млн-нан астам адамның өмірін сақтап, одан да көп адамдардың өмір бойы мүгедек болуының алдын алады. Халықты қажетті иммундаудың деңгейіне қол жеткізбеу вакцинациялау тиімділігінің айтарлықтай төмендеуіне, жұмсалған бюджет қаражатының тиімсіздігіне және біздің азаматтарымыздың ауруға осалдығына алып келеді. Профилактикалық егулерден бас тарта отырып, адам өзін немесе балаларын инфекциядан және оның салдарынан қорғану құқығынан айыратынын есте сақтау керек.

Әсемгүл Жолбасарова, елордалық тұрғын:

– Екі балам бар, екеуіне де міндетті салынатын БЦЖ сияқты екпелерді салдырттым. Бірақ екпені саларда баланың денсаулығына қатты назар аудару керек. Баланың терісі сарғыштанып кетсе, кішкене қызуы, жөтелі болса да салуға қарсымын. Ал қазір жаңа заң бойынша міндетті вакцина салу деп жатыр. Оған қатысты ештеңе айта алмаймын. Салдырса қалай болады, салдырмаса не болады білмеймін. Ол нақты тәжірибеден өтіп, басқа елдердің тәжірибесін көріп, сосын барып салмаса. Біреулер осы коронавирустан Еуропада адам көп өлді, себебі олар вакцина көп салмайды екен дейді. Ал ТМД аумағында адам аз қайтыс болған-мыс, себебі бәрі екпе салдырған. Неде болса халықпен бірге көремін, жан-жағыммен, педиатрлармен сөйлесіп көру керек.

Анаргүл Төлегенова, елордалық тұрғын:

– Төрт балам бар. Екі үлкен қызыма алғанмын. Соңғы екеуіне алған жоқпын. Негізі, менің вакцинаға теріс көзқарасым жоқ еді. Екпелер өте қатты медициналық сүзгіден өтеді, сапасы қадағаланады деп ойлайтынмын. Алайда былтырлары бір көрші келіншек 1 жасқа толмаған ұлы тұмауратып тұрғанда барып вакцина салдырды. Сол баланың вакцинадан кейін басы үлкейіп кетті. Елде де, Түркияға барып та көп емдетті. Ақыры бала 1 жасында қайтыс болды. Сол маған қатты әсер етті. Қорқып қалдым. Вакцина туралы түрлі видеолар келетін. Қарамайтынмын соларды. Жалпы вакцинаға мүлде теріс көзқараста емеспін. Оны қандай жағдайда қолдаймын? Бірінші ол өте сапалы болса, екіншіден, адам ағзасы оны көтере алатындай толыққанды медициналық тексерістен өткесін, сосын шетелге шығатын болса, мысалы, қажылыққа баратын болса, міндетті түрде алу керек, сондай кезде қолдаймын. Бірақ бала туған бойда шеті жоқ салатын екпелерге қарсымын. Үлкен балаларыма екпенің бәрін алсам да солар қолқа асқынуынан тіркеуде тұрды. Қайта салынбаған екі балам сап-сау.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =