Екпе кестеге сай салынуы тиіс

0 62

Мамыр айынан бастап елімізде індет 1,7 есе төмендеді. Соның нәтижесінде Қазақстан – он күннен бері «жасыл аймақта». Бірақ елорданың жалғыз өзі «қызыл аймақта» қалуына бас қалада карантин талаптарының өзге өңірлерге қарағанда 2 есе көп бұзылуы себеп болған. «Ashyq» қосымшасы арқылы денсаулығы бойынша қызыл мен сары белгіні көрсеткен 8884 қазақстандықтың тең жартысы – бас қаланың тұрғындары болып шыққан. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.Осы жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен оның орынбасары Ажар Ғиният әдеттегідей журналистердің отандық екпе экспорты, вакцина төлқұжаты, вакцина зауытын іске қосу, медицинаның өзекті мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал вакцина алғандар және табиғи жолмен бір ауырып тұрып иммунитеті қалыптасқандардың есебімен жақсарды деуге болады. Бірақ соңғысында, яғни ауырғаннан кейін антидене пайда болғандардың жағдайы уақытша ғана жақсы, себебі ауруды қайта жұқтырып алып жатқандар көп. Сол себепті екпенің бірінші компонентін салдырған 2 587 884 адамның қатарын одан әрі арттыра беру керек, бұл әзірге вакцина салдыруы тиіс қазақстандықтардың 26 пайызын ғана құрайды. Қазір Қазақстанда күніне 90-100 мың адам вакцина алып жатыр. Министрлік бұл жұмысты одан әрі жандандырады. Себебі өткенде А.Цойдың өзі айтқандай, күзде елімізде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін мүмкіндігінше қыркүйектің аяғына дейін 10 млн вакцина салынуы керек.
Құзырлы ведомство басшыларының сөзіне қарағанда отандық екпе елімізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазақстандық вакцинаның танымалдылығын арттыру және оны өзге елдерге жеткізу жұмыстары жоспарланған. Дегенмен екпе экспорты – ұзаққа созылатын процесс, себебі басқа елдердің вакцинаны өзара мойындауы, өзіне тіркеуі қажет. Бұл жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылады. Қазақстан қазір өз вакцинасын алуға мүдделі серіктестер іздестіруде. Екпені экспорттау мәселесі Жамбыл облысында салынатын QazVac вакцинасын шығаратын зауытқа тікелей байланысты. Зауыт іске қосылғаннан кейін ішкі және сыртқы нарықты қажетті вакцинамен қамтамасыз етуге қауқарлы болады. «Зауытты іске қосу және жөндеу жұмыстары аяқталды. Құрал-жабдықтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, регламентке байланысты процедуралар жүргізілу үстінде. Күзге қарай бұл зауыт іске қосылып, өндірістік қуатын біртіндеп арттырады» деді Алексей Цой.
Тағы бір өзекті мәселе, бүгінде 10 мың мекеме мен 2 млн адам қолданып жүрген «Ashyq» қосымшасы арқылы тек 18-ден жоғары ересек адамдардың ғана тексеруден өтетіндігі. Ал коронавирусты тек үлкендер ғана емес, балалар да таратушы болып жүргеніне қарамастан аталған қосымша бар ғимараттарға олардың емін-еркін кіріп шығып жүргені қаншалықты дұрыс? Бұл ретте министрлік өкілдері қосымшаны алдымен елдегі ересек адамдардың басым көпшілігі қолдануын қамтамасыз еткеннен кейін жетілдіріп, балаларды да осы сары, жасыл, көк және қызыл статустар арқылы кіргізу мәселесі көтерілетінін жеткізді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 15 =