Екпе екпінін арттыруды тапсырды

0 21

Күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған екпе егу науқаны бір адамның ғана қауіпсіздігіне тіреліп тұрған жоқ. Бүкіл әулеттің, одан қалды бүтін бір елдің, тіпті жер беті халқының басына төнген ортақ қатерден құтқармақ. Сондықтан оның жауапкершілігі науқаншылықтан әлдеқайда жоғары. Ғаламды жайлаған кеселді вакцинаның ғана күшімен жеңетіндіктен, әлемде қазір екпе егу өте қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қазір елдегі санитарлық-­эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған. Қазақстан COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақтан» қайта «сары аймаққа» өтті. Вирустың жұғу индексі – 0,94. Жұқпалы аурулар бөлімшелері 33 пайызға, жан сақтау бөлімшелері 25 пайызға толған. Егу қарқыны артып келеді. Қазақстанда 3 миллион адамға екпе салынып, оның 2 миллионы вакцинаның бірінші компонентін алған. 1 миллионға жуық адамға екпенің екінші компоненті салынды. Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, халықты вакциналау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері туралы осылай есеп берді.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, коронавирусқа қарсы екпені жер бетінде 2 млрд-қа жуық адам салдырған. Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптастыруға қажетті халық санының 20 пайызы екпе алды. Әлі алда елдің 40-50 пайызы екпе алуы керек. Сонда ғана карантин мен маскасыз қалыпты өмірге біртіндеп көшетінімізге сенім бар. Ал екпе салу екпінін төмендетіп алсақ, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың оңынан болмайтыны тағы белгілі. Ел ішінде әлі де гуілдеп тұрған екпе жайлы аңыздар мен қауесеттерге сеніп отыра берсек, екпе салу қарқыны кеміп, індет те қайта асқынып кетуі мүмкін дейді мамандар. Осыған орай, кешегі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдағы уақытта эпидемиологиялық ахуалдың қалай өзгеруі мүмкін екенін болжайтын үш сценарий ұсынды.
– Вакцинациялаудың тиімділігі 60 пайыздан кем болмайтын пессимистік сценарий кезінде биыл маусым-қыркүйек айларында ауру жұқтырып тіркелгендердің саны 95 мыңға жуық адамды құрайды. Екінші реалистік сценарий бойынша вакцинацияның тиімділігі 80 пайыздан кем емес болып, аталған мерзімде тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 69 мың адам болады. Ал вакцинацияның тиімділігі 95 пайыздан кем емес болған кезде, жаз бен күз айларында тіркелетін дерт жұқтырушылар саны шамамен 61 мың адамға жетеді, – деді ол. Дегенмен осылардың ішінде қай сценарийдің жүзеге асып кетуі азаматтардың вакцинация мәселесіндегі белсенділігіне тікелей байланысты болмақ. Екпе салдырушылар қатарының артып келе жатқанынан болар, қазір дерттің таралуы төмендеп, оң динамика байқалған, яғни эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқаны білінді. Себебі соңғы аптада аурулар саны сәуірдің аяғы мен мамырдың басындағы бір апта ішінде болған ауру көрсеткішімен салыстырғанда 4 мыңға азайған. Сөйтіп соңғы айда ауру 20 пайызға төмендеген. Емделіп жатқан науқастар санының 15 мамырдан бергі 10 күн ішінде 38 мыңнан 32 мың адамға дейін азайғанын, оның ішінде стационарлық емделіп жатқан науқастар саны 14 мыңнан 12 мыңға дейін, амбулатория­лық емделуде 24,5 мыңнан 20 мыңға дейін кемігендігін айта кету керек. Халықтың екпе алу қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін вакцина қоры жеткілікті, бірінші компоненттің шамамен 320 мыңы және екінші компоненттің 650 мыңы бар.
Халықты екпе салғаннан кейін де вирус жұқтырғандар туралы ақпарат тағы ойландырып қойды. «Ақыры вирус жұғады екен, онда несіне салдырамыз?» деп шамданады көбі. 19 мамырдағы дерек бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінен кейін 541 адам, ал екінші дозасынан кейін 104 адам вирус жұқтырған. Вакцинадан кейін вирус жұқтырудың ең ұзақ мерзімі екінші компонентін салдырғаннан кейінгі төртінші аптада болған. Денсаулық сақтау саласының өкілдері екпе адам ағзасына тек вакцинаның екінші кезеңін алғаннан соң алты аптадан кейін ғана әсер етіп, иммунитет қалыптаса бастайтынын ескертті. Медицина докторы, биолог және medsupportkz басшысы Ботагөз Каукенованың айтуынша, адам вакцинациядан кейін, вакцинация салынған күні де коронавирус жұқтырып алуы мүмкін.
– Вакцинада антиденелер жоқ. Оларды вакцинаға жауап ретінде сіздің ағзаңыз жасайды. Антиденелер жасау үшін денеге уақыт қажет. Бұл әдетте 2-3 аптаға созылады. «Спутник V» бірінші дозасынан кейін 3 аптадан кейін екінші дозаны салдыру керек. Одан кейін 2-3 аптадан соң денеде антиденелер пайда болады, – деп түсіндірді ол. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың да пікірін қоса кетсек. «Біз, бірінші компонент болсын, екінші компонент болсын, вакциналаудан кейін міндетті түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Мәселен, ресейлік «Спутник V»-дің тиімділігі – 92 пайыз. Демек, осы вакцина алған адамдардың 8 пайызы коронавирусты жұқтыруы мүмкін. Себебі вирусқа қарсы иммунитет қалыптаспайды. Жалпы екпе алған адамдарға шаққанда вакцинадан кейін коронавирусты жұқтыру көрсеткіші бірінші компоненттен кейін 0,02 пайыз, ал екінші компоненттен кейін 0,03 па­йыз болып тұр. Екпеден кейін вирус жұқтырғандардың бір бөлігі Hayat-Vax вакцинасының бірінші компонентін, қалғандары ресейлік «Спутник V» вакцинасын салғызған. Осының өзі екпенің тиімді екенін көрсетіп отыр. Адамдар вирусты инкубациялық кезеңде, яғни вакциналаудан кейін 14 күн ішінде жұқтырады» деп толықтырды ол.
Қалай десек те апта басында Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин елдегі вакциналау қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Сол үшін вакцина қоры толтырылып, егу пункттерінің саны арттырылып жатыр. Сондықтан елде екпе жетіспеушілігі деген проблема мүлдем жоқ. Қазіргі егу науқанын кеңейту пандемиямен күресуде ең маңызды міндет болып табылатынын жеткізген ол Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − fourteen =