Екпе егу екпінді жүруде

0 83

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы мен мұғалімдерді коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жалғасты.

Тәртіп сақшыларының арасында вакцина алдымен тұрғындармен тығыз байланыста болатын, вирус жұқтыру қаупі жоғары полицейлерге салынады. Олардың арасында учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полицейлер, ювеналдық полиция және басқа да қызметтер бар. Вакцина салмастан бұрын міндетті түрде дәрігер дене температурасын, жүрек қағысын, артериялық қан қысымын, тыныс алуын және жүрек-қан тамырлары жүйесін, ауыз қуысын тексереді, эпидемиологиялық анамнез нақтыланады. Вакцинацияға тек екпеге қарсы көрсеткіші жоқ қызметкерлер ғана кіргізілді. Патрульді полиция қызметінің инспекторы Айбек Құрамысов вакцина алғаннан кейін өзін қалай сезініп тұрғанын айтты. «Медициналық тексерістен кейін вакцинаның бірінші компонентін алдым. Өзімді бір қалыпты сезініп тұрмын, жұмыс орнындамын. Вакцинацияның вируспен күресте көмегі тиетініне сенімдімін. Пандемия басталғаннан бері полиция қызметкерлері түрлі жағдайға ұшырап, вирус жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда алдыңғы шепте жүр ғой» деді полиция аға лейтенанты. Вакцинация Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің емханасында өтті.
№85 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жансерікова бірінші кезекте оқушыларының қауіпсіздігі үшін екпе алғанын айтты.
«Нақты нұсқаулықты берді. Сондай-ақ екпе алғаннан кейін алдағы 3 күнде болуы мүмкін белгілер туралы да көрсетілген. Бәрі қысқа да нұсқа, түсінікті тілмен жазылған. Біз еліміздің азаматы әрі патриоты ретінде екпе салдыруға келдік. Ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бірінші кезекте балалардың қамы үшін салдық. Менімен бірге тағы 7 әріптесім келді» дейді ол. Екпе салар алдында оларға екпені салу рәсімінің алғышарттары жазылған «Пациент бағдары» беріледі. Егілген адамдар дәрігер бақылауында болады.
«Біз оларды алдын ала жасалған тізім бойынша шақырамыз. Оларды жалпы бір қарап, сосын екпе туралы ақпараттар береміз. Пациенттің келісімінен соң ғана егіледі. Сосын сол жерден кетпей, бөлмеде 30 минут отыра тұрады. Осы аралықта ешқандай аллергиялық әсері болмаса, үйіне жібереміз» дейді «Шипагер» емханасының жалпы практикалық дәрігері Сандуғаш Зұлпұхарова. Педагогтар мен тәртіп сақшыларына Қарағандыда өндірілген отандық Гам-КОВИД вакцинасы салынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 15 =