Екпе алушылар қатары көбейді

0 41

Елордада халықты ресейлік және отандық екпемен жаппай егу жалғасып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанда COVID-19 вакцинасын 115 мыңнан астам адам алғанын мәлім етті. Оның ішінде қазақстандық вакцина 1 600-ге жуық адамға егілген.Жұрт екпе егу үшін медициналық ұйым­дарға да, егу пункттері ашылған қаланың сауда-саттық және ойын-сауық орталықтарына да кезекке тұрады. Жақында Байқоңыр ауданындағы тағы екі ірі сауда үйі «Биг Шанхай» мен Орталық базарда егу орындары ұйымдастырылды. Өткен тәуліктің өзінде 1700-ге жуық адам егілді. Мамыр айының алғашқы мерекесінде тұрғындарды егу қаланың сауда кешендері жанындағы пункттерде көбірек жүргізілгені байқалады. Өткен демалыс күндері егу пункттерінің саны артты. Мәселен, «Биг Шанхай» мен Орталық базардағы егетін нүктелер таңғы сағат 10-нан кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. Басқарма қоймаларындағы вакцина дозасының саны туралы да хабарланды. 4 мамырдағы жағдай бойынша вакцинаның 20 мыңға жуық дозасы болса, өткен демалыс күндері «Спутник-V» бірінші компонентінің тағы 5 мың дозасы жеткізілді.
Құзырлы ведомстводағылар хабарлағандай, егу пункттері ашылған 7 сауда орталығында барлығы 9600-ден астам адам екпе алған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бас-аяғы 115 мыңнан аса адамға екпе салынды. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша халықты екпемен кеңінен қамту үшін егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін көбейгені белгілі. Бүгінде елордада «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» сауда және ойын-сауық орталықтарында, «Биг Шанхай» сауда кешені мен Орталық базарда егу пункттері ашылды. Вакцинация пункттерінің кеңеюіне байланысты бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін қысқартылды, ал сауда және ойын-сауық орталықтарында жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады, олар сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Вакцинациялау қарқынын арттырудың маңыздылығы қазір арта түсті. Себебі осы аптада Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздің 9 өңірі індеттің таралу қаупі жоғары «қызыл аймақта» тұрғанын жеткізді. Оның дерегіне сүйенсек, сырқаттану көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 107-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 108-орында тұр.
«Тәуекелі жоғары аймақта 9 өңір, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстары бар. Өткен аптада Павлодар мен Жамбыл облысы «қызыл аймаққа» өтті. Эпидемиологиялық тәуекелі орташа аймақта Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы және Маңғыстау облыстары кіреді. Ал Қос­танай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары «жасыл аймақта» деді Алексей Цой. Сонымен қатар ол 4 мамырдағы деректерге сәйкес, Қазақстанда COVID-19-дың оң нәтижесімен 330 071, ал теріс нәтижесімен 52 093 науқас тіркелгендігін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 3 =