«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Екпе алған өзін де, өзгені де қорғайды

0 26

Нұр-Сұлтан қаласында вакцина алғандар арасында өткен ұтыс ойынында бағы жанған елорда тұрғыны Әсемгүл Ысқақоваға екі бөлмелі пәтерге иелік ету сертификаты тапсырылды. Оны ұтыс иесіне «GPark» құрылыс компаниялар тобының жетекшісі Ғабит Сәтмағамбетов өз қолымен тапсырды.

616412e78a6cd703680610

Бұл сертификат Әсемгүлге «GPark» құрылыс компаниялар тобы құрылысын жүргізіп жатқан «Rio De Janeiro» тұрғын үй кешенінен өз қалаған кез келген екі бөлмелі пәтерді иеленуге мүмкіндік береді.

– Коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцина салуды біздің компания ұжымы алғашқылардың бірі болып қолдады. Қызметкерлерге үлгі болу мақсатында өзім вакцинаның екі компонентін де наурыз айында алдым.

Кейінірек әкімдік қала тұрғындарын екпе алуға ынталандыру мақсатында ұтыс ойынын өткізгелі жатқанын естігенде демеушілік жасауға қуана келістім.

Жеңімпаз бүгін-ақ біздің маркетинг бөлімінің мамандарымен бірге өз пәтерін таңдай алады. Ол пәтерінің қай подъезде, қандай қабатта болатынын да өзі шешеді, – дейді «GPark» құрылыс компаниялар тобының жетекшісі Ғабит Сәтмағамбетов.

Ал өзін және отбасын қауіпті індеттен сақтау мақсатында екпе аламын деп, баспанаға қол жеткізген Әсемгүлдің қуанышында шек жоқ.

– Шынымды айтсам, ұтыс ойыны болған күнге дейін екпе алғандар арасында пәтер ойнатылып жатқанын естімеппін. Сондықтан да болар, туған әпкем қуанышты хабарды жеткізген кезде сене қоймадым. Кейіннен әкімдіктен хабарласып, ұтыс иесі екенімді айтқанда ғана барып сендім.

Вакцинаны жолдасым және үлкен қызыммен бірге №7 қалалық емханада салдырдым. Ол кезде ұтыс ойынына қатысып, пәтерге ие болу деген ой болмады. Бар болғаны өзімді және отбасымды індеттен сақтағым келді. Былтыр дәл осы инфекцияны жұқтырып, бір ауырып тұрдым. Сондықтан COVID-19-дың қаншалықты қауіпті ауру екенін жақсы білемін.

Оның үстінде Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында қызмет етемін. Қызмет барысында қаламызға сапарлап келген түрлі адамдармен араласамыз. Сол себептен мен вакцинаны өзімді қорғау үшін алдым, – дейді Ә.Ысқақова.

Әсемгүл Ысқақова 3 баласы және жолдасымен бірге 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Пәтерін кеңейтуді көптен армандап жүрген отбасы мұндай тосынсыйға дән риза.

Жалпы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында екпенің алғашқы компенентін қала тұрғындарының 60 пайыздан астамы алып үлгерді. Тұрғындарды ынталандыру мақсатында вакцина алғандардың арасында 20 iPhоne маркалы телефон, тұрмыстық техникалардың ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Вакцинация пункттері орналасқан сауда-ойын сауық орталықтары да өздерінде екпе алғандар арасында кішігірім конкурстар өткізіп, жеңілдігі бар сертификаттар табыстады. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ұтыс ойыны # Birge платформасында өткен. Әрі оған екі компонентті де Нұр-Сұлтан қаласында алғандар ғана қатысыпты.

Жеңімпазға пәтерді тарту еткен «GPark» құрылыс компаниялар тобының жетекшісі Ғабит Сәтмағамбетовтің қайырымдылық қоры мұндай игі шараларда үнемі бой көрсетеді. Жыл басынан бері қор 17 отбасыға баспана тарту етіпті. Негізінен, пәтер көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғызбасты аналарға беріледі екен. Сондай-ақ пәтер алуға ешқандай мүмкіндігі жоқ азаматтарға да Ғабит Сәтмағамбетовтің қайырымдылық қоры қамқорлық танытады.

Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде Ғабит Сәтмағамбетов Nur Otan партиясының қалалық филиалындағы қоғамдық қабылдауына келген 5 азаматқа пәтер сыйлапты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды