«ЭКОТАКСИ» ҚЫЗМЕТI ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИIМДI?

0 116

ERA_8200

Былтырғы жылдың аяғында Астанада «Экотакси» қызметі тұсауын кесіп, елордалық жолаушылар экологиялық отынмен жүретін көліктердің қызығын көре бастаған болатын. Бұл жобаның маңыздылығы неде? Бүгінге дейін жоба өзін-өзі қаншалықты ақтады? Әңгімеміз осы жөнінде.

«Жасыл» жобаның жақсылығы

Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО – 2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндетті жүзеге асыруға орай «Astana Green City», «Astana Mobility» және «Welcome to Astana» атты үш маңызды жоба қолға алынған болатын. «Astana Mobility» жобасының аясында осы «Экотакси» қызметі дүниеге келіп, ол 2013 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысына ұсынылды. Жобаның мақсаты – елордада экологиялық отынмен жүретін көліктерге арналған ірі такси паркін ашу және Астанаға келімді-кетімді кісілерге қоғамдық қызметтің заманауи түрін ұсыну болатын. Бұл жобаны Президент қолдап, өзі осы таксопарктің алғашқы жолаушысы атанды. Экологиялық таза көліктердің тұсаукесерінде сөз сөйлеген Елбасы бұл жобаны іске асыру – «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізуге қала инфрақұрылымын даярлаудағы алғашқы қадамдардың бірі екенін атап өткен еді.

Қазіргі таңда күллі әлемді экологиялық мәселе алаңдатып отырғаны белгілі. Дүние жүзі жасыл экономикаға көше бастауы да сондықтан. Елімізге үлкен жауапкершілік ретінде жүктеліп отырған «ЭКСПО» көрмесінің тақырыбы да – болашақ энергия­сы. Яғни, қауіпсіздік жағынан барлық талаптарға сай келетін, қоршаған ортаға зияны тимейтін, өзі үнемді энергия – бұл. Ғаламшарды толғандырып отырған мәселені өзек еткен еліміздің өзі де өзгеге үлгі ретінде біртіндеп «жасыл» жолға көше бастауы керек. Экотакси де – осы мақсатты жүзеге асырудың бір жолы. Таксопарк басшылығының айтуынша, мұндай жобаның баламасы Орталық Азияда жоқ көрінеді. Бұл еліміздегі такси паркі саласындағы бизнестің дамуына жаңа серпін береді дейді олар.

Астана күніне – тағы 70 көлік

Жалпы экологияны қорғауды міндетіне алған жобалар тегіс жасыл түсті болып келеді. Астаналық экотаксилерде де жасыл реңк бар. Осы ерекше белгісі арқылы оларды алыстан бірден тануға болады.

«Экотакси» қызметі іске қосылғанда, оңтүстіккореялық «SsangYong Kyron» маркалы 100 көлігі жолға шықты. Бұл сан 2017 жылға қарай 500-ге жеткізілмек. Ал биыл Астана күніне қарай «Peugeot Partner Tepee» маркалы 70 автокөлігін іске қосу көзделуде. Сондай-ақ, заманауи таксопарк құрылысын салу, теміржол вокзалы, «Хан шатыр» СО, «Керуен» СО алаңдарындағы автотұрақтарда экотаксилерге арналған орындар ашу жоспарланып отыр.

Жалпы экотаксилер – экологиялық жағынан ғана емес, қауіпсіздік жағынан да таптырмайтын көліктер. Өзі сұйытылған газбен жүреді. Бағасы бензинге қарағанда екі есе арзан. Такси салонының ішінде жолаушыларға жайлы жағдайдың бәрі жасалған. Атап айтқанда, таксидің қайда жүргенін диспетчерлер монитор арқылы бақылап отырады. Соның арқасында экотаксиді шақырған жолаушылар көлікті көп күтпейді. Жүргізуші демекші, «Экотакси» қызметіне жұмысқа алынған азаматтардың көлік жүргізудегі тәжірибесі ғана емес, оның сыртқы түр-келбеті де тартымды болуы керек екен. Салонда жүргізуші де, жолаушы да темекі тартуға болмайды. Бұған қоса, такси POS-терминалымен жабдықталған. Кез келген банктің карточкасымен төлем жүргізуге болады. Егер шұғыл жағдайда телефон соғу керек болса, бұл қызмет түрі де таксиде ұсынылады. Сонымен қатар, әрбір жолаушыға бөтелкедегі таза су беріледі. Барар жеріңіз алыс болса, салон ішіндегі газет-журналдардың соңғы нөмірлерін ақтаруға болады, оларды үйіңізге алып кетуге де рұқсат.

Таксидің құнын таксометр есептеп шығарады. Бұл – жүрген жолыңыздың қашықтығына байланысты. Негізгі тариф, яғни, 5 шақырым. дейін – 750 теңге. Егер баратын жеріңіз осы қашықтықтан асып кетсе, әр километріне 120 теңге төлейсіз. Жолай дүкенге немесе дәріханаға, басқа да орындарға кіріп-шығуға болады. Таксидің 10 минут күткені – тегін. Одан асып кетсе, әр минутына 28 теңге төлеуге тура келеді. Аэропорттан алып келу – 2700 теңге. Әрине, қаладағы «жабайы таксимен» салыстырғанда, бұл арзан баға емес. Есесіне, қауіпсіздігіңіз 100 пайыз сақталады.

Жұмыстар мен тапсырыстар

«Экотакси» қызметі іске қосылған күннен бүгінге дейінгі мерзімде 70 мың тапсырыс келіп түсіп, соның 59 800-і орындалған екен. Күніне желіге 90 көлік шығады. Соның 65-і күндіз, 25-і түнде жұмыс істейді. Әр экипаж бір ауысымда орта есеппен, 15 тапсырыс орындайды екен. Жолай алып кететін жолаушыларды есептемегендегі сан – бұл.

«Экотаксиге» қызметке тұрғысы келгендерге талап қатал деп жоғарыда айттық. Соның әсері болар, бүгінге дейін 600 адаммен әңгімелесу жүргізіліп, 180 жүргізуші жұмысқа қабылданған екен. Қазір 80-і жұмысын жалғастырып жатыр.

Бүгінде экотаксилердің 26-сында төлем қабылдау терминалы орнатылған. «Барлық көлігімізге де терминал орнатар едік, бірақ банктерде бұл қондырғы жетіспейді екен. Дегенмен, биыл екінші тоқсанның ішінде қалған таксилерді терминалмен жабдықтау жөнінде банкпен келісімге келдік» дейді таксопарк басшылығы.

Айтпақшы, осы жылдың 1 маусымына дейін экотаксилерге Wi-Fi нүктесін орнатып, жолаушыларды сымсыз тегін ғаламтормен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + eleven =