ЭКОНОМИКАМЫЗДЫ СҮЙРЕЙТІН ЭЛЕКТРОВОЗ

0 99

Бұрнағы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананың арнайы экономикалық аймағында орналасқан электровоз құрастыру зауытының ашылу салтанатына қатысып, осында шығарылатын KZ8А сериялы алғашқы электровоздың тұсауын кесті.

Өндірістік аумағы 27 522 шар­­шы метрді құрайтын жаңа за­уыт­­тың іргетасы 2010 жылдың мау­сым айында қаланған. Оның жыл­ына екі секциялық 50 элек­т­ро­­воз шығаруға қауқары бар.­ Фран­цияның «Альстом Тран­­с­порт» компаниясы жасап­ шы­ғар­­­ған қуатты теміржол көлі­гі­­ Қа­зақ­­стан­ мен­ ТМД және Бал­­тық елдерінің табиғатына бейім­­деле жасалған екен.

Яғни, элект­ровоз -50 °C пен +50 °C аралығындағы ауа райы өзге­ріс­теріне төтеп бере алады.

Жаңа заманның заманауи элек­тро­­во­зы­ның кең кабинасы да кір­се шық­қы­сыз.­ Он­да ма­ши­нист­ке қажеттінің бәрі бар: микротолқынды пеш, тоңазыт­қыш, жұмсақ орындық. Тіпті, еденінің өзі жылытылады екен.

Мемлекет басшысына жаңа жобаны таныстырған «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин тарту күші 9 мың тоннаға жететін қауқарлы KZ8A сериялы электровоздың қазіргі таңда Ресейде сынақтан өткізіліп жатқандығын, ал 2013 жылғы қаңтардан бастап Қазақстандағы сынағы басталатындығын айтып өтті.

Заманауи үлгіде жасақталған элек­­тро­­­воз­ құ­рас­­ты­ру­ за­уытына кө­ңі­лі толғанын білдірген Мемлекет бас­шы­сы салтанатты рәсімде сөз­ сөйлеп, бұл маңызды жоба эко­но­ми­ка­лық­ дамуға үлкен сер­пін беретінін, технологиялық тұрғыдан өнімділігі жоғары зауытқа ТМД аумағы да ерекше ықылас танытып отырғанын жеткізді.

– Екі жарым жылдың өзінде елімізде 550 жаңа кәсіпорын пайдалануға берілді. Жүздеген мың жұмыс орны ашылды. Бүгін біз Қазақстан үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Темір жол көлігі – Қазақстан эко­­номикалық дамуының күре­та­мыры. Экономикалық даму та­­­­сы­­­мал­даусыз мүмкін емес. Сон­­­дықтан да инфрақұрылымға зор­­ маңыз берудеміз. Мемлекет бұл­­ іске үлкен қаржы бөлуде, – деді Елбасы.

Жаңа зауыттың Кеден ода­ғы ел­дерін электровозбен қамти­тын­дығын айтқан Мемлекет басшысы «бұл Қазақстанның инвесторларға салықтық жеңіл­діктер, жер бөлу секілді барлық қо­лай­лы жағдайларды жасап отыр­­ғандығын көрсететінін» атап өтті.

Салтанатты шара барысында Достастыққа қатысушы мем­ле­кет­тер­дің­ темір жол көлігі әкім­ші­ліктері Кеңесінің төрағасы Петр Кучеренко Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа «ТМД-ның «Құрметті теміржолшысы» ата­ғын тапсырды.

Электровоз құрастыру кәсіп­орнына үш компания 11,2 миллиард теңге инвестиция салыпты. Зауыттың 50 пайыз акциясы ҚТЖ-ға (Қазақстан) тиесілі бол­са, Трансмашхолдинг (Ресей) және Аlstom (Франция) ком­панияларының әрқайсысы 25 пайыздық акцияны еншілеген. Сондықтан, зауытты үш компания бірлесіп басқаратын болады.
Жоспарға сәйкес, кәсіпорын өз жұмысын 2013 жылдың қаң­тары­нан бастап, 2016 жылы жобалық қуатына енетін болады.

Кәсіпорында өнімнің шығуына байланысты жұмысшылар саны бүгінде – 47. Кейін зауыттың өнімділігі артқан кезде олардың қатары 650-ге жететін болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =