Экономикалық және сыбайлас қылмысқа қарсы жұмыс жаңаша жүргізілуде

0 121

ef547172150089116b712e38001

Мемлекеттік сатып алулар саласында жемқорлар мемлекетке 110 млрд. теңге шығын келтірді. Бұл туралы  Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті.

«Ахуалдық орталықтың сараптамалық материалдарының негізінде келтірілген 110 миллиард теңге залал бойынша 516 қылмыстық іс қозғалды», – деді М. Ахметжанов.

Былтырдан бері агенттікте Ахуалдық орталық жұмыс істеп жатқанын еске салып өткен ол, оның қызметкерлері мемлекеттік органдар мен өзге де ашық ақпараттық көздерді пайдаланып, келіп түскен мәліметтерге талдау жасап, құқық бұзушылықтың проблемалық аймақтарын анықтау тұрғысында сараптамалар жүргізетінін атап өтті. Сонымен қатар, олар шағын және орта кәсіпкерліктің қызметіне араласпайды.

 2013 жылы Қаржы полициясында он мыңнан астам қылмыс тіркелген. Ал биылғы бес айда өндірісте бес мыңға жуық қылмыс тіркеліп отыр. Оның ішінде 27 пайызын ауыр және аса ауыр қылмыстар қамтыды. Барлық қылмыстардың ішінде 65 пайызы (1,5 жылда) экономикалық қылмыстарға қатысты, 21 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлық қылмыстары болса, ал қалғандары өзге қылмыстарға байланысты. Өткен жыл мен биылғы бес айда келтірілген шығындар бойынша анықталған жалпы сома 290 млрд. теңгені құрады. Тергеу барысында қабылданған шаралар кезінде оның 157 млрд. теңгесін өтеу шаралары жүзеге асырылды.

М.Ахметжановтың сөзіне қарағанда, былтырдан бастап есептегенде бүгінде жемқорлық қылмыстары үшін түрлі деңгейдегі 300-ге тарта басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 22-сі – республикалық деңгейдегілер, 83-і – облыстық, сондай-ақ қалғандары қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.

Осы орайда ол бұрынғы екі облыстың әкімдері мен ұлттық компаниялардағы, ведомстволардағы бұрынғы лауазымды қызметкерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істер қоғамдық резонанс тудырғанын атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 6 =