ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТАСУДЫҢ ҰТЫМДЫ ТҰСТАРЫ ҚАНДАЙ?

0 164

Ернар Бакенов

Енді бірнеше күннен кейін Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қояды. Экономикалық интеграцияның тиімділігі неде? Қандай мүмкіндіктерге жол ашылады? Осы жөнінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бакеновпен әңгімелескен едік.

– Ернар Бақытжанұлы, сіздің ойы­ңыз­ша, Еу­ра­зиялық экономикалық одақты құру­дың қандай қажеттілігі бар? Мем­ле­кет­тер арасындағы қарым-қаты­нас бұрынғы қалпында қала берсе болмай ма?

– Үш ел арасындағы интеграциялық процестің алғашқы қадамы Кедендік одақ ретінде басталғаны мәлім. Одан кейін Бірыңғай экономикалық кеңістік ретінде қанатын кеңге жайды. Ал, алда құрылғалы тұрған Еуразиялық экономикалық одақ алдыңғы екеуінің іргесін кеңейтіп, әрі қарай дамыта түспек. Бұл еліміздің экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Айталық, Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында бірқатар кедергілер мен тосқауылдар бар. Ал одақ құрылса, осы жағдай біржақты реттеліп, тауар, қызмет көрсету, капитал мен еңбек ресурсының еркін айналымы қалыптасады. Мысалы, Қазақстан белгілі бір қызмет түрін тек өз елінде ғана емес, одақтас мемлекеттердің де нарығына шығара алады. Яғни, қызмет көрсету аясы кеңейеді. Бірнеше елдің қызмет көрсету салалары бір-біріне бәсекелестік туғызып, бұл өз кезегінде сапаның жақсаруына әкелмек. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілер мен тосқауылдарды жою арқылы қазақстандық өнімдерді серіктес-мемлекеттерге үздіксіз шығаруға мүмкіндік аламыз.

Еліміздің Еуразиялық интеграцияға қосылуға ниеттеніп отырғанының тағы бір басты себебі – отандық өңдеу өнеркәсібін өтімді нарық арқылы ілгерілетіп, осы салаға неғұрлым көбірек инвестиция тарту. Кедендік одақ құрылған кезде Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылған шетелдік инвестицияның көлемі екі есе өсіп, 2009 жылдан бастап 2012 жылға дейін 88 пайызға, яғни, 1,8 млрд доллардан 3,4 млрд долларға жетті. Ал, жалпы инвестиция көлемі 34 пайызға артып, 28 миллиард теңге болды. Бұл нені көрсетеді? Демек, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті деген сөз. Сонымен қатар, Қазақстан тиімді салық саясаты мен қолайлы инвестициялық климаттың арқасында серіктестеріне қарағанда шетелдік капиталды көбірек тартуға мүмкіндігі бар. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің бір-бірімен интеграция орнатуға мүдделілік танытуының тағы бір себебі – мемлекеттердің транзиттік әлеуетін дамыту. Қазіргі күні бұл салада ілгерілеушілік бар. Былтыр еліміздің Ресей аумағына теміржол арқылы тауар тасымалдау көлемі 24,8 млн тоннаны құраған болатын.

Еуразиялық интеграция құрғаннан кейін одақтас мемлекеттер сауда саласын өркендетуді де көздеп отыр. Осы орайда Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы тауар айналымы 2013 жылы 24 миллиардтан асқанын атап өткен жөн.

– Еуразиялық экономикалық одақ құру барысында мемлекеттер қандай тәуекелге барғалы отырғанын айта кетсеңіз?

– Тәуекел тек Еуразиялық эконо­ми­калық одақты құру барысында ғана емес, кез келген жаңа істе болады. Эконо­микалық одақтастар ең бірінші аумақтық және жаһандық дағдарысқа қарсы төтеп бергелі тұр. Әлемде, соның ішінде еуразиялық кеңістікте өтіп жатқан шынайы интеграциялық үдерістер әлемдік экономикадағы циклдік ауытқуларды реттеп, сол арқылы интеграциялық экономикалық тұрақтылықтың орнауына жол ашады. Жаңа стратегиялық басқаруға көшудің, жаһандану саясатынан аймақтану саясатына өтудің бірден-бір себебі – осы. Шынтуайтында, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік құру, Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуы – әлемдік нарық­тағы жағымсыз жағдайлардың кері әсер етпеуіне мүмкіндіктер жасауды басты мақсат еткен бастамалар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ, нарықты ырықтандыру Одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары үшін жаңа бәсекелестік орта қалыптастырады.

– Одақ құрылғаннан кейінгі Қазақ­станның даму келешегін қалай елестетуге болады?

– Болашақ Еуразиялық экономикалық одақ отандық бизнестің дамуына даңғыл жол салатынын жоғарыда айттық. Мысалы, біз Бірыңғай кедендік аумақ қалыптастыру арқылы ішкі нарық көлемін айтарлықтай ұлғайта алдық. Бүгінде Кедендік одақ елдері нарығының жалпы көлемі 2 триллион АҚШ долларын құрайды. Адам ресурсы – 168 млн, аумағы – 20 млн шаршы метр, ал өндірістік әлеуеті – 600 млрд доллар. Бұл дегеніңіз – үлкен кеңістік.

Екінші, Кедендік одақ пен бірыңғай экономикалық кеңістік құрылғалы еліміздің инвестициялық тартымдылығы артты. Енді Еуразиялық интеграция орнықса, инвестиция тартуға бұдан да ауқымды жағдайлар жасалатыны сөзсіз.

Үшінші, Кедендік одақ шеңберінде бизнеске қолбайлау болып отырған тосқауылдарды алып тастау бағытында едәуір шаруалар атқарылып жатыр. Бұған қоса, қазақстандық кәсіпорындардың серіктес елдер нарығына еркін тауар тасымалдауға мүмкіндіктер жасалуда. Атап айтқанда, былтыр Кедендік одақ елдеріне шығарылған экспорт көлемі 5,9 млрд АҚШ долларын құрады. Отандық кондитерлік өнімдерді экспорттау бірден 3 есеге, трансформаторды экспорттау көлемі 11 есеге, цементті сыртқа тасымалдау 16 есеге өсті. Сонымен қатар, Еуразиялық интеграция отандық кәсіпкерлерге Ресей мен Беларусь елдерінің мемлекеттік сатып алуларына жол ашатын болады. Оның көлемі – жыл сайын 198 млрд доллар деген сөз.

Міне, осындай бизнеске қолайлы жағ­дай­лар ел экономикасының келешегі жарқын болуына септігін тигізері – дау­сыз.

Әңгімелескен Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 5 =