©2020 Астана Ақшамы
Экономикалық дамудың локомотиві
Елбасы Жолдауында Еуропа мен Азияға, Америкаға, теңізге тікелей шығатын көліктік-логистикалық кәсіпорындар құру қажеттігін, осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Асхат АКЧУРИН, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті
Мемлекет басшысы айтқандай, біз транзиттік әлеуетімізді дамытуға тиіспіз. Осы мәселелерге қатысты «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ да бірқатар шаруаларды қолға алды.
Темір жол көлігі Қазақстан Республикасы экономикасында жүйе құрушылық рөл атқарады. Осы саладағы жоспарлы жұмыстар сыртқы экономикалық қатынастарды жүзеге асыра отырып, елдің экономикалық тәуелсіздігі мен аймақтар дамуының кепілі болып табылады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк және жолаушылар тасымалы, логистика, телекоммуникация, инфрақұрылым, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отыр. Еуразиялық құрлықта орналасқан Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін барынша белсенді пайдалануға ұмтылуда. Соның бір дәлелі, 2011 жылы Жетіген-Алтынкөл (293 шақырым) және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара (146 шм) темір жолдарын салды. Ал былтыр Жезқазған-Сексеуіл (988шм) және Арқалық-Шұбаркөл (214шм) магистральдық темір жол желілерінің құрылысын бастады. Бұл жолдар халықаралық темір жол дәліздерінің қашықтығын едәуір қысқартатын болады.
Бұған қоса, бүгінде 14 заманауи жоба жүзеге асырылуда. Алдағы ЭКСПО-2017 көрме аясында Қазақстанда Астана-Алматы арасында жоғары жылдамдықты темір жол магистралі іске қосылады.
Қазақстанда темір жол көлігімен жүк және жолаушылар тасымалдау көлемі жалпы тасымалдаудың 60 пайызын құрайды: еліміздің темір жол көлігі жүк айналымы жөнінен әлемде жетінші орында болса, үлкендігі жөнінен ондыққа кіреді.
Темір жолдың жалпы ұзындығы 14600 шақырым. Ол республиканың 14 облысын қамтиды. 15 түйісу нүктесі арқылы көршілес бес мемлекетпен шектеседі: Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан.
Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2011-2012 жылдары екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің «Индустрияландыру көшбасшысы» аталымы бойынша арнайы сыйлығын жеңіп алды. Қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық көліктік логистикалық операторы қызметін атқарады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ кадр, әлеуметтік, жастар саясаты мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Жолдауда айтылғандай, «біздің басты мақсатымыз –әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы». Еңбеккерлеріміздің әлеуметтік қорғалуына Ұжымдық салалық келісім-шарт кепілдік береді. Бұл – компанияның барынша кең көлемде қамтылған әлеуметтік пакеті, жеңілдіктер мен түрлі жағдайларға қатысты кепілдіктері жинақталған құқықтық маңызды құжаты.
Қазіргі таңда Қазақстанның темір жол саласында 160 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 91 пайызы – өндірістік, 9 пайызы әкімшілік қызметпен қамтылған. Еңбеккерлердің 25 пайызын отызға дейінгі жастар құрайды.
Біздің бір ғана акционеріміз «Самұрық-Қазына» қорының тапсырмасына орай, ҚТЖ 2020 жылдарға дейінгі сапалық деңгейін көтеру бағдарламасына 17 мың еңбеккерді қысқартуды көздеп отыр. Бұған қарамастан жұмыссыздық пен әлеуметтік наразылықты болдырмау міндеті тұр.
Бұл жерде ерекше атап өтерлік жайт, ҚТЖ кәсіпорындарындағы еңбеккерлер санын қысқарту өндіріс орындарындағы жаңа міндеттердің ашылуымен сәйкес келеді. Яғни, ескі кәсіпорыннан қызметтен босаған еңбеккер ҚТЖ есебінен қайта маманданып, қажетті салаға жіберіледі. Мәселен, «Алматы вагон жөндеу зауыты» АҚ-ынан қысқартуға ұшыраған еңбеккерлердің 97 пайызы, Қостанай магистральдық желісі бөлімшесінен қысқарғандардың 95 пайызы, «Қамқор» Жөндеу корпорациясы» ЖШС-нен жұмыстан босағандардың 79 пайызы басқа жұмыстарға орналастырылды.
ҚТЖ сапына білікті мамандарды тарту – уақыт талабы. 2012 жылы Астана қаласындағы Көліктегі технология орталығында студенттерді дуальдық оқыту жүйесі іске қосылды. Биылғы жылы 17 арнайы мамандандырылған колледждің студенттері темір жолдың әр саласында шеберлігін шыңдайды.
Жалпы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобы былтыр персоналды дамытуға 10 млрд. 800 млн. теңге жұмсады. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 2,5 млрд. теңгеге артық. Темір жол саласындағы еңбеккерлердің өз жұмысына қанағаттану деңгейі 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. КПМГ бағалауы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік басқару рейтингілік деңгейі жоспардағы 64 пайыздың орнына 66,2 пайыздық дәрежеге көтерілді. Еңбек өнімділігі 2012 жылы бір адамға шаққанда 5,3 млн. теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артты.