Экологиялық журналистика – жаңа бағыт

0 61

Қазақстанда экологиялық салаға маманданған журналистерді дайындайтын білім беру бағдарламасы ашылады. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде екі жылдық магистрлік бағдарлама әзірленіп, алдағы уақытта талапкерлерді қабылдайды. Отандық медиа нарық экология мәселелері бойынша маманданған білікті кадрлармен толығады. Мұндай жаңалық 15-19 наурызда Алматыда өткен «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы экологиялық журналистика» атты біліктілікті арттыру курсында жария етілді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтас­тық туралы меморандум аясында өткізілген, эколог-волонтерлер мен кәсіби журналистердің теориялық және практикалық машықтарын ұштастырған 5 күндік оқыту курсынан мол мағлұмат алдық. Өйткені аталған курсқа еліміздегі 50-ден аса БАҚ өкілдерінің арасынан «Astana aqshamy» елордалық газетінің атынан біз де қатысып, 72 сағат бойы тәжірибелі эколог-мамандардың дәрісін тыңдадық.
Бес күн бойы эколог-ғалымдар, еріктілер, журналистер қоршаған ортаны қорғау, экологиялық сананы жетілдіру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды өңдеу, төтенше жағдайларда адамдар мен жануарларды қорғау және т.б. тақырыптарға кеңінен талдау жасап, әрбір тарап өз ой-пікір, көзқарасын ашық білдірді. Әсіресе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы Санатбек Сейдехановтың «Экологиялық тақырыптарға мультимедиялық сторителлинг», Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың «Экологиялық мәліметтердің сенімділігі мен өзектілігін тексеру» атты дәрісінен көп пайдалы мағлұмат алдық. Сондай-ақ эколог-мамандар жаңа экологиялық кодекстің қағидаттары, экологиядағы қауіп-қатерді сипаттау, биосфераның ластануы, экотоксиканттар сияқты мәселелерді де нақты мысалдармен түсіндіріп, БАҚ пен әлеуметтік желіде қалай жазылуы туралы бағыт-бағдар берді.
Біз курстың үшінші күні Алматыдағы кампусқа жасалған экотур барысында биомузеймен, жасыл технологиялар аймағымен танысып, теориялық білімімізді практикамен ұштастырдық. Зертханалық жағдайда судың органолептикалық көрсеткішін талдап, сынамасын алдық. Мұндай тәжірибенің журналистік зерттеулер жазуға пайдасы тиетіні анық. Курс күндері аталған университеттің әл-Фараби кітапханасында «Экология. Тұрақты даму мақсаттары. Журналистика» тақырыбындағы кітап көрмесі, белгілі фотожурналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы Асылхан Әдірайымның «Қазақстанның көркем табиғаты» атты фотокөрмесі жұмыс істеді.
Аталған курсты ұйымдастырушылардың бірі, саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева магистрлік бағдарламаға оқуға түсемін деушілерге бағдарламаның мақсат-мұратын түсіндіріп берді. «Күнде үйдің алдына қоқыс тастаймыз. Мұздатқыш, тоңазытқыш, теледидар секілді техника бұйымдары пайдаға аспай қалса, қоқысқа тастамаймыз. Оны тапсыратын арнайы жерге апарады. Мұның барлығы экологиялық мәдениет жоқтығын, сананың қалыптаспағанын көрсетеді. БҰҰ мамандары «экологиялық сана» деген терминді ұсынды. Экологияны қорғаудың, оны халыққа жеткізудің жүйелі тетігін ойластыруымыз керек. Адамның санасын өзгерту, қоршаған ортаға деген махаббатын, құрметін арттыру үшін журналистер, БАҚ өкілдері жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – адамзаттың тіршілікті сақтау жолындағы күресі» деді ­
Г.Сұлтанбаева. Ол екі жылдық магистрлік бағдарлама аясында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді көбейтуге ерекше көңіл бөлінетінін қадап айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =