«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Экологиялық жағдайға алаңдайды

0 118

Есіл ауданы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев демалыс күндері Пригородный тұрғын үй алабына барып, тұрғындар алдында есеп берді.

Әкім өткен жылдың жетістіктері мен атқарылған жұмыстары туралы баяндама оқыған соң, тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарын тікелей басшылыққа қойды. Қалың халықтың атынан сөз сөйлеген қария аудандағы экологиялық жағдайдың нашарлағанын жеткізді. «Негізі, біздің ауданның ауасы қала бойынша ең таза еді. Барлығы бізге дем­алу үшін келетін. Ал қазір қазандықтан шығатын қара бу бүкіл жерге тараған. Ал Пригородный аумағында орналасқан бір кішігірім үйден шығатын түтіннің иісі адам шыдатпайды. Олар отынның орнына пенопласт,
резина жағады» деп налыды зейнеткер. Ашынған тұрғынның сөзін қостап, залдан «соның кесірінен біз түні бойы көз ілмедік» деген дауыс шықты. Мәселені мұқият тыңдаған әкім: «Қала бойынша экологиялық жағдай өршіп тұрғанын білесіздер. Ал нақты осы қолайсыздыққа байланысты айтарым, экологиялық полиция­мен бірігіп мәселені шешеміз» деп уәде берді.
Ал қоғам белсендісі Татьяна Поддубная ауданның көгалдандыруы мазалайтынын жеткізді. «Жаңа үйлердің құрылысын жүргізу үшін маңайдағы өсіп тұрған талдарды кесіп тас­таған болатын. Ал құрылыс компаниясына шағымданған кезде, олар инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін талдарды отырғызу мүмкін еместігін айтты. Бұл не қылғаны?» деді ол. Бұл ретте аудан әкімі сүрілген жер үйлердің орнына жақын арада саябақ салынатынын айтты.
Кездесуге келгендердің көбі зейнеткерлер екенін ескерсек, компьютерлік сауаттылықты арттыратын оқу ұйымдастыруды сұрады. Ал екінші бір топ керек жерде жылы аялдама орнатуды талап етті. Бұл мәселе, әсіресе, қыс мезгілінде өте өзекті екені айтылды. Балалар мектепке жеткенше бір жылынып алатын орын жоқ. Жылы аялдамалар осы проблеманы да шешер еді дейді тұрғындар. Аудан әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселенің де назардан тыс қалмайтынына сөз берді.

 

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды