©2020 Астана Ақшамы
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Бүгінгі таңда еліміздегі экологиялық жағдайдың нашарлауы адамзат үшін алаңдаушылық туғызып отыр.
Соңғы кезде аяқ-қолдарының дамуы тежелген, мүшелері жетілмеген сәбилердің туылуы, баланың өлі тууы немесе ананың түсік тастауы жиілеп кетті. Ғалымдардың айтуынша, мұның бір себебі – экологиялық проблемалардың салдары. Мәселен, күнделікті өзіміз қолданатын су сапасының төмендеуі адамның қан айналым жүйесіне, асқорыту мүшелеріне едәуір әсер етеді. Айта берсек, мұндай қоршаған ортаның әсерінен болған жағдаяттар өте көп. Бірақ, мұнымен қалай күресеміз?!
Қоршаған ортаны қорғау туралы түрлі ұсыныстар болып жатады. Науқанға айналған көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүрмейді. Әр ауылды, әр қаланы көгалдандыру мәселесі алдын ала шешіліп, жоспар құрылу қажет. Ірі қалалар, ауылдар топырағының құнарлылығы, суының жеткіліктілігі, оның тазалығы экологиялық тұрғыда негізделуге тиіс. Қаланың шаң-тозаң, қапырыққа айналуы, қоқыс иісінің сіңуі күннен-күнге өрбіп жатыр. Автокөліктің көбеюі, улы газдардың ауаға тарауы қаланы не елдімекенді ластауымен бірге, халықтың денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғаны жасырын емес. Мұндай көріністер Қазақстанның барлық қалаларын, елдімекен, ауыл маңдарын қамтып отыр десек, қателеспеспіз. Бұндай мәселелер қашан шешіледі?! Осыны айта келе, мен ендігі жерде еліміздің экологиялық жағдайларын жақсарту үшін шаралар қолданылып, қоршаған ортаның тазалығы қатаң бақылауға алынса екен деймін.
Индира ҚҰРБАНБАЕВА,
Астана қаласы
№59 мектеп-лицейінің
11 «А» сынып оқушысы