Экология қалай және қашан жақсарады?

0 122

Биыл 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО қазандықтарын толығымен газға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс қаладағы ауаның ластануын екі есеге төмендетеді. Осы күні қос ЖЭО-дан жылына 55,5 мың тонна зиянды қалдықтар ауаға таралады. Бұл шаһарды ластайтын қалдықтардың 40 пайызын құрайды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осыны Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев баяндады.

– Экология мәселесі қала үшін аса маңызды. Сондықтан газдандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. ЖЭО-лар да осы жұмыс­тан тыс қалмады. Өткен жылы 1-ЖЭО-да үш қазандық, 2-ЖЭО-да бір қазандық газға ауыстырылды. Биыл 1-ЖЭО-да жеті қазандық, 2-ЖЭО-да бес қазандық газға көшіріледі. Осылайша барлық қазандық газға ауыстырылады. Қажет қондырғылардың барлығы сатып алынды. Бұл әмбебап қондырғылар қатты отынмен де, газбен де жұмыс істей береді. Осы қыста оларды сынақтан өткіздік. Бәрі де жақсы жұмыс істеп тұр. Бұл шаралар ауаға таралатын қалдықтарды жылына 20 мың тоннаға азайтады, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 3-ЖЭО құрылысы жобасы сараптамада жатыр. Осы айдың аяғында бұл жоба қабылдануы тиіс. Одан кейін бюджеттік тапсырыс әзірленеді. Құрылыстың алғашқы кезеңін келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
Қалалық мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратовтың пікірінше, қазір қала әуежайы сияқты стратегиялық нысандарды да газға көшіру маңызды.
– Әуежайда жылына 800 миллион теңге дизель отынына кетеді. Газ келетін болса, оның бюджеті жеңілдейді, – дейді депутат. Т.Құлышевтың сөзінше, әуежайға газ 2022 жылы тартылады.
Депутат Сергей Шукшев «Агроқалашық» тұрғын алабын газға көшіру, техникалық шарттарды алу жайын сұрады. Баян­дамашының мәлімдеуінше, аталмыш тұрғын алапты газдандыруды биылғы мамыр айында толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Ал техникалық шарттарды берумен «ҚазТрансГазаймақ» компаниясы айналысып жатыр.
Осы орайда мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов газдандыру жұмысын халыққа түсіндіру, тиісті хабарландыруларды тарату жайын көтерді.
– Қазір қаланы газдандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Көптеген тұрғын алапта желілер салынды. Бірақ газға қосу ісі өте баяу жүруде. Тек жеке тұрғын үйлердің иелері ғана емес, бизнес нысандарының өзі сылбыр қимылдап жатыр. Адамдармен кездесу кезінде көпшілігі тиісті ақпараттан мақұрым қалғанын байқадым. Техникалық шарттарды қайдан алу керек, қайда бару керектігін білмейді. Өткенде Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкеннің есебін тыңдағанымызда, ол газға қосу бағасы 30 пайызға төмендетілгенін, газды даладағы құбырдан үйге кіргізумен 60 компания айналысып отырғанын мәлімдеді. Алайда ешкім бұл компаниялардың телефон нөмірлерін, мекенжайларын білмей отыр. Сәйкес ақпаратты бізге берсеңіздер, тұрғын алаптардағы чаттарға таратар едік, – деді Е.Каналимов.
Т.Құлышевтың айтуынша, тұрғындар тиісті ақпаратты «109» қызметіне хабарласып алып жатыр. Барлық мәселе осы қызмет арқылы шешілуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − two =