«ЭкоАсар» – қайырымдылық марафоны

0 31

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «ЭкоАсар» экологиялық марафонының қорытынды кеші өтті. Шараға елордалық 80 білім беру мекемесі қатысты. Нәтижесінде 36 965 келі қайталама шикізаттан 1 миллион 33 мың теңге қаражат түсіп, оған әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына ноутбук сатып алынды.

«Елордалық оқушылар мен бүлдіршіндер қайырымдылық үшін 40 тонна қайталама шикізат тапсырды. ӨКМ операторы үш аптаның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау тақырыбында білім беру мекемелеріне 2383 экологиялық сабақ ұйымдастырды. Оған 140 мыңнан аса бала қатысты. Бұл асардың негізгі мақсаты – балаларды туған өлкесінің табиғатын қорғауға баулу» деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Асымқызы.
Жиналған ақшаға әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына 6 ноутбук және қараусыз қалған жануарларға 1200 келіден астам азық жеткізілген. Сондай-ақ экоасарға демеуші болған компаниялар қосымша 6 ноутбук сыйлаған. Осылайша 12 техника қайырымдылыққа табысталды. «Мен алты баланың анасымын. Жанұямыз үшін баламызға осындай ноутбук алып беру қол жетпес арман еді. Міне, бір күнде арманымызға жеттік. Біздің жағдайымызды түсінген мектеп директорына рақмет» деді күміс алқа иегері Әтіргүл Рахимова.
Экологиялық шараның қорытындысы бойынша, үздік нәтиже көрсеткен мектептер марапатталды. № 54 мектеп 3 тонна 280 кг, №85 мектеп 3 тонна 172 кг, ал №59 мектеп 2 тонна 640 кг қаптама қалдығын қайта өңдеуге тапсырған. Жеңімпаз мектептерге тамшылатып суаруды ұйымдастыруға арналған сертификаттар берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =