©2020 Астана Ақшамы
«ЭКО-ТАКСИ» ІЗГІЛІКТЕН АЙНЫҒАН ЕМЕС
Бізді «Эко-такси» орталығының басқарушы директоры Әділхан Жақыпбековтың өзі күтіп алған болатын. Газетіміздің өткен нөмірлерінде де осы тақырып қозғалғандықтан болар, әп дегеннен әңгімеміз жараса кетті.
«Девальвацияға байланысты сатылымдағы барлық нәрсенің күрт қымбаттағанын білеміз. Автобөлшектерден бастап жанармай бағасы да аспандап кетті. Бірақ, біз сондай қиын жағдайларға қарамастан, такси тұтынушыларына арнап енгізген белгілі бір тұрақты тарифімізден әлі де болса бас тартпақ емеспіз. Соған байланысты тұтынушылардың да саны күн өткен сайын артып келеді. Тіпті, көліктеріміздің қаңтарылып қалған кезі кемде-кем.Елбасының Астананы экологиялық таза қалалардың қатарына қосу мақсатында құзырлы органдарға бірнеше тапсырмалар бергенін де білеміз. Сол мақсаттағы ауаға зиянды қалдықтар шығармайтын жолаушылар көліктері туралы жоспар дер уақытында қолға алынып отыр. Бұдан ешкім ұтылмайды. Халық денсаулығы да, экология да» деді Әділхан Жақыпбеков.
Сондай-ақ, біз елордамызда 18 жанармай құю стансасы бар екенін білдік. Ал, оларға 5 ірі компанияны есепке алмағанда тағы да бірнеше шағын компаниялар газ жеткізу жұмыстарымен айналысады екен.
Қазіргі уақытта жаңа көліктерге тапсырыс беріле қоймапты. Себебі, оның бәрі инвесторларға байланысты екенін білдік. Бірақ, қала ішінде 100 эко-таксидің елдің ойынан шығып жүргеніне өзіміз куәміз. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз.
Кейін бізге эко-такси жүргізушілерінің бірімен сөйлесетін мүмкіндік туды. Оның айтуынша, кез келген тұтынушы әр бесінші шақырымға өз қалтасынан шамамен 750-800 теңге көлемдегі ақша шығындайды екен. Арнайы тапсырыс болған уақытта жүргізушілердің мойнына діттеген жерге 10 минут ішінде жету міндеттелген. Ал егер бұл көліктерді жолдан тоқтатар болсаңыз, көлікке отырғаныңыз үшін 200 теңге ұсынып, одан кейінгі әр шақырымға белгілі бір тарифпен есептелген ақша жұмсап отырасыз.
Бүгінгі күні таксидің қала ішіндегі қозғалысы 10 секторға бөлініп қойған. Ереже бойынша, көліктер тұтынушыға кезекпен қызмет көрсетеді. Бұның бәрі бір орталықтан реттеліп отырғандықтан, басқа таксилердегідей әріптестердің алдын орап кететін жағдайға мүлде жол жоқ. Нұсқаушыдан жеткен тапсырысқа бірінші таксиден бір минут ішінде жауап берілмесе, байланыс екіншісімен орнатылады. Кейде бір тәулік ішінде «Эко-таксидің» көмегіне жүгінген жолаушылардың саны 600-ге дейін жетеді екен. Ал солардың барлығына 70 шамалы такси қызмет көрсетеді. Жүргізушілер екі ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі бөлімдегілер таңғы сағат 5-тен түнгі 10-ға дейін еңбектенеді.
Күн өткен сайын жолаушылардың көңілін тауып келе жатқан «Эко-таксиге» жүргізушілік қызметке орналасқысы келетіндердің де қатары көбейген. Бір тәулік ішінде орташа есеппен 10-20 адам қажетті құжаттарын алып келіп жатады. Бірақ, бәріне бірдей оң қабақ танытыла бермейді. Өйткені, осы жұмысқа орналасу үшін арнайы күрделі медициналық тексерістерден өтуі шарт. Дегенмен такси жүргізушісі болып жүргендердің арасында көп балалы әкелер де, жас жігіттер де жиі кездеседі екен.
Ал бұл көліктерді үйге шақыру үшін қызмет көрсету нөмірлерінен бөлек ұялы телефондарға лайықталған арнайы бағдарламалар арқылы тапсырыс беруге болады. Бұл жөнінен iPad, iPhone және андроид қолданушыларына ыңғайлы жағдай жасалған.
Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ