Екінші тоқсан қалай басталады?

0 581

Көп ата-ананың көкейінде жүрген осы бір сауалға коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия жауап берді. Енді екінші тоқсаннан бастап, оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматта жалғасады.

Таңның атысы кештің батысы тыным таппай еңбек етіп жүрген жұмысбасты ата-аналар үшін баласының қашықтан оқуы оңайға соқпай тұр. Үйдегі оқушыға қарап отырайын десе, түздегі табысы ортаяды. Онсыз тағы болмайды. Ал жұмысқа кетсе, үйде жалғыз қалған баланың өз ықтиярымен жөнді оқи қоюы екіталай. Көбіне телефонға телміріп әлеуметтік желі ақтарып, не аулаға доп қуып кетеді. Ойын баласы емес пе, қайт­сін. Олар да төрт қабырғаға қамалудан шаршаған шығар.
Тоқсан аяқталарда бұрын бала тықыр таянса, қазір бүкіл жанұя болып жамылып бақылау жұмысын орындайды. Кейбір ата-аналар баласы үшін өздері баға алып мәз. Журналға түсетін сандарды аяғаннан емес, қашықтан оқыған баланың білім деңгейінің таяздап кеткеніне күйінесің.
Соған орай, комиссияның шешімімен мектептерде 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді. Бәрі ата-ананың мақұлдауымен жүзеге асады. «Мектепте дәстүрлі түрде білім алсын, үйде отырмасын» деген ата-ана арнайы өтініш жазып, баласын кезекші сыныптарда оқыта алады. Бұл жағдайда оқушылар санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті. Алайда ертең бала індет жұқтырып жатса, таяқтың бір ұшы ата-анасына да тиері анық.
Бала тәрбиесімен тікелей айналысып, денсаулықты бірінші орынға қоятын кейбір ата-аналардың да өз еркінде. Олар өтініш жазбай-ақ қашықтан оқуын жалғастыра бермек.
Білім және ғылым министрлігінің ресми парақшасында жариялаған мәліметінше, қазіргі кезде қазақстандық мектептерде 3,4 млн бала оқиды. Бірінші тоқсанда қашықтан оқыту форматында – 2,4 млн, дәстүрлі форматта 953 мың оқушы білім алған. Ал 647 мың бала кезекші сыныптарда (1-4 сынып), шағын жинақты 3047 мектепте 306 мың оқушы білім алып жатыр.
Екінші тоқсанда оқу форматтары бойынша балалардың болжамды саны да өзгерді. Қашықтан оқыту форматында – 2,2 млн, дәстүрлі форматта 1,2 млн оқушы оқиды. Оның ішінде 800 мыңнан астам бала кезекші сыныптарда (1-5 сынып), шағын жинақты 4010 мектепте 434 мың оқушы, 13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық оқушы (1-7 сынып) білім алатын болады.
Айтпақшы, оқушылар үшін күзгі демалыс 5 қарашадан 14 қарашаға дейін.

Көктем Қарқын

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =