Екінші толқынға қарсы екпінді тыныс

0 51

Әуел баста коронавирустың екінші толқыны күз мезгілінде тұмаудың жылдағы маусымымен бірге келуі мүмкін деген тұжырым бар еді. Шындығында, Қазақстан ол кезеңді қазір-ақ бастан кешіп жатқан сияқты. Әлде бұл сол бірінші толқынның ушығып кеткен жалғасы да болуы мүмкін. Оның бағасын білікті медицина сарапшылары бере жатар. Мұндағы мәселе оны толқын санауда емес, табанды күресте болып тұр. Екінші толқынды қоя тұрып, соңғы аптадағы ахуалға қарап отырып індетпен мемлекет тарапынан күрестің екінші тынысы ашылды деуге болады.

Екі айлық қатаң карантиннен кейін тәжтажал тұқымымен жоғал­ғандай көрініп, әбден еркінсіп, бая­ғы күндердей қамсыз, сақтанусыз тірлікке көшкеніміз рас. Соның салдарынан елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ­ахуал ушыға түсті. Өлім-жітім көбейіп, ауруына ем іздеген халықтың дүрбелеңінен індеттің күш алып кетуіне сәл-ақ қалғандай болды. Симптомсыз науқастарды қайтадан клиникалық белгісі барлармен қоса қойып едік, статистика дереу өзгеріп, Қазақстан коронавирустан әлемде басты орындардың біріне бір-ақ шықты. Бүгінде елдегі індеттің таралу көрсеткіші жұқтырған 50 мыңнан астам адамды құрады.
Осы тұста жаңадан келген Денсаулық сақтау министрінің де іске құлшыныспен кірісуінен оң нәтиже болса, алда көре жатармыз. Дегенмен жаңа министр барынша абыройын төгіп алмай жұмыс істеуге тырысып жатыр. Мақтайтындай ештеңе жоқ болса да құлшыныс бар. Кешегі брифингте ол медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға уәде берді. Себебі қазір барлық жүк пен жауапкершілік дәрігерлер қауымына түсіп жатқаны аздай, кей өңірлерде медицина ұйымдары басшылары тарапынан оларға әділетсіздіктер де жасалуда екен. Сондықтан заң аясында әділетті шешімдердің қабылдануына министрлік мүдделі болатынын жеткізді. Сонымен қатар 7 шілдеде Мемлекет басшысы «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» туралы ҚР кодексіне қол қойып, денсаулық сақтау саласындағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі де күпті көңілге медеу болды.

Табиғи ем дертті жеңуде сеп

Әрине, инфекцияның өзі анық­т­алса, оның емі дәрігердің нұсқаулығымен ғана жүзеге асырылады. Дегенмен тұмау секілді бастапқы жеңіл-желпі түрлерін жеңуде халық арасында кең тараған табиғи ем-домдардың да оң әсері бар екенін ауырып тұрған әлеуметтік желі қолданушылары кеңінен жазып жатыр. Тек пневмонияның бастапқы белгілерінде ғана үй жағдайында қолдануға болатын, ең көп кездескен кеңестерді тізбектедік.
Илхам ИБРАГИМ:
– Күнде ас содасымен тамақты шаю. Зімбір, бал, апельсин қосылған шай көп ішу. Сорпа, қымыз ішіп, С витаминін, цинк қабылдадық. Ас содасы тамаққа жақсы көмек­тесті. Судың орнына «Ессентуки» іштік.
Санжан ЖАНБОЗОВА:
– Ауыз бен мұрынды тұзды сумен қайта-қайта шая беру керек. Жата бермеген жөн. Ыстық сорпа, ыстық шай іше беру қажет. Ауызың дәм сезбесе, тәбетің болмаса да жеміс­терден жеу керек арасында. Сосын жеңіл жаттығулар жасай беріңіз. Қысқасы, жатып қалмау маңызды, өзіңді-өзің «оятып», қызу болса да қорықпаған жөн.
Әселім ӘБІЛДИНОВА:
– Вирусқа қарсы дәрі, С витамині, магний В6, цинк, Д3, борсықтың майын аш қарынға жарты шай қасық ішіп, жарты сағаттан соң ғана тамақ ішесің. Температура болса ғана парацетамол іш. Шар үрле, жеңіл тыныс алу жаттығуын істе, зімбір, лимон, бал қосып ыстық шай іше бер, күнде сорпа іш, қой еті болса да жақсы, компот, морс, жылы су жиі іш.
Самал ЖАЛЫМБЕТОВА:
– Температура жоғары болмаса, антибиотик алмаған жөн. Ыстық шай, лимон, жалбыз, зімбірмен шай, майлы сорпа ішкен дұрыс. Қышқыл жемістер, қышқыл көкө­ніс, помидор көп жеу керек. С витамині керек. Жаңғақтар, дәндер жеу керек цинк үшін, зәйтүн майы жөтелге жақсы, аш қарынға бір қасық ішу.

Әлеуметтік желінің пәрмені басым

Коронавируспен күресте де әлеуметтік желінің пәрмені өз басымдығын көрсетті. Өйткені халық ақпарат құралдарынан гөрі әлеуметтік желіге көбірек сенетіні бұған дейін де айтылып жүрсе, соған қазір көз жеткізе түстік. Ақпарат құралдары шама келгенше барлық ахуалдың тігісін жатқызып айтса, әлеуметтік желіде қалай бар, сол күйінде көресің. Әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне кеңес беріп, аурудан жазылып тұрғандары өз тәжірибесімен кеңінен бөлісуде. Бір-бірін жұбатып, бір-біріне жігер бере бастады. Қателіктерін қайталамауға шақырды. Осы тұстан келгенде әлеуметтік желі коронавируспен күресте жақсы бір пәрменді құралға айналды. Мұны енді мемлекет те пайдалана бастады. Оны дәрігерлер де жеке адамдардан көріп қолдануда деуге келмес, бірақ медицина мамандарының өздері де онлайн-консультация беруге көшті. Telegram-да каналдарын, WhatsApp-та чаттарын ашты. Бұрын әлеуметтік парақшаларын тек ақпарат тарату, баспасөз мәліметтерін шығарып, ресми мақсатта пайдаланып келген болса, қазіргі онлайн консультация секілді кәсіби сипатта пайдалана бастады. Оның жемісі де жоқ емес. Сенделген халық, сансыраған жұрт өз сұрақтарына жауап алуда. Бұл ретте өз емімен бөліскен жеке адамдардың сөзінен гөрі кәдімгі кәсіби мамандар кеңесіне құлақ түру керектігі де айтылуда.

Алексей ЦОЙ,
ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазір әлеуметтік желілерде әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан беймәлім профессорлар мен отандық дәрігерлердің түрлі рецепті мен кеңесі көбейіп кетті. Олар белгілі бір препараттардың да атын атап жүр. Осы ретте аса мұқият болыңыздар. Елімізде халықаралық сарапшылар мен қазақстандық мамандардың шешімімен бекітілген клиникалық хаттамасы бар. Коронавирустың ауыр белгі­лері болмаса, дене қызуыңыз көтерілмесе, КТ өкпедегі сыр­қаттың 20 пайыздан аспағанын көрсетсе, бірден 5-6 антибиотик ішудің қажеті жоқ. Препарат симптоматикалық жағдайда қолданылады, өйткені әрбір дәрінің кері әсерін де ескеру керек.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының
басшысы:

– Бүгінгі таңға дейін елордада барлығы 6057 адам коронавирус жұқтырды. 3302 нау­қас жазылып шықты. Өкінішке қарай, 63 адам ауруды жеңе алмай қайтыс болды. Ресми ақпаратқа сәйкес, маусым ­айында өкпесі қабынған адамдар саны өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Яғни 1700 пневмония жағдайы тіркелді. Күн сайын шамамен 200 адам ауруханаға түседі, соңғы күндері бұл цифр 300-ге де жетті. Сонымен бірге, амбулатория­лық кезеңде нау­қастар үйде ем-дом алып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 4 =