Екінші толқынға дайындық қалай?

0 63

Covid-19 індетінен құтылып, енді қоңыр күздегі екіншісін қарсы алуға дайындалудамыз. Алда тағы не болып кетер деген үрей де, біріншісін жеңсек, келесісін де өткерерміз деген үміт те жоқ емес. Жанға бататыны, жаңа толқынның балаларға тиетіні деген сыбыстың көбейе түскені. Халықтың дайындығы іштей моральдық және ұл мен қыздың иммундық жүйесін жақсартумен байланысты болып тұр. Бұл ретте бұрынғыдан сабақ алған Денсаулық сақтау министрлігінің әзірлігі қалай? Сонымен министрлік тарапынан қазан айына таман 13 модульдық инфекциялық стационар салу жоспарлануда деген ақпарат айтылды. Дәрі жетіспеушілігіне қатысты дау тумауына елдегі дәріханаларға 10 милионнан аса препараттар жиынтығының қойылуы септік етеді делінуде. Бірыңғай дистрибьютор еліміздің медициналық ұйымдарын айлық дәрі қорымен қамтамасыз етіпті. СК-Фармация қоры базасында және өңірлерде 11 тұрақтандыру қоры құрылған. Ауруханаларды толық жарақтандырып болу үшін 2578 жасанды өкпемен демалу аппараттары сатып алынбақ. Соған қоса 23890 кереует оттегімен қамтамасыз етілмек. Қазан айына дейін елдегі барлық аудандық ауруханаларды 100 пайыз цифрлы рентген аппараттарымен қамту көзделіп отыр. Ведомствоаралық комиссия шешімімен елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында 2,7 мың орындық 13 инфекциялық аурухана салынбақ.

МАСКА ТАҒУ – ПАЙДАЛЫ ДАҒДЫ МА?

Бүгінде міндетті маска режимін сақтау – жаңа дерттің таралу қарқынын төмендетудегі қосымша факторға айналды. Оны таққан кезде халық арасында инфекцияның таралуы азаяды. Санитарлық талаптарды күшейтудің арқасында соңғы 4 аптада барлық өңірде халықтың ауруға шалдығу деңгейі айтарлықтай төмендегені рас. Сондықтан ҚР ДСМ министрі Алексей Цой «Маска тағу қоғамда пайдалы дағдыға айналуы тиіс» деді өткен брифингте. Ал оны кімдердің тақпауына болады?
– 5 жасқа дейінгі балаларға, әлеуметтік арақа­шықтық сақталған жағдайда 5 адамға дейін спортпен топтық және жеке айналысқан адамдарға, денсаулығына байланысты таға алмайтын тұлғаларға, сонымен қатар даладағы қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда маска тақпауға болады, – деді министр.
Франция 1 қыркүйектен бастап жабық мекемедегі жұмыс орындарында 1 адамнан артық адам отырса қызметкерлерді маска тағуға міндеттеуде. Әзірге біздегі талап – тек қоғамдық орындардағы шектеу ғана болып тұр. Сондықтан мұның өзі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. Бастапқыда туындаған маска тапшылығы енді болмауға тиіс. Себебі қазір Қазақстанның ішкі нарығы отандық маскамен 100 пайыз қамтамасыз еткенін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.

АҚУЫЗЫ КӨП ТАҒАМДАРҒА МӘН БЕРІҢІЗ

Мамандар коронавирус тақырыбы өзекті болып тұрған қазіргі кезеңде иммунитетті көтеру мәселесіне ерекше мән беру керектігін айтады. Әсіресе, ақуызы көп тағамдарға мән берген жөн.
Оларға тауық, балық, ірі қара, соның ішінде жылқы еті жатады. Солардың сорпасының құрамында ақуыз көп. Сонымен қатар түрлі жаңғақтарды да жеген пайдалы. Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан, қалған 50-60 пайызын көкөністер мен жеміс-жидектер арқылы қамтыған дұрыс болады. Күзде алма, алмұрт, банан, құлпынай, қарақат, таңқурай, итмұрынды көбірек алған абзал. Бұлар табиғи өнім болғандықтан С витаминіне бай. Соған қоса сұйықтықты көп ішеміз. Күніне 3-5 литрге дейін су, компот, морс ішуге болады. Бұған қоса көтеріңкі көңіл-күй де ауырып қалмауға көп септігін тигізеді. Күйзеліске түспеген жөн. Көңіл-күй жақсы болып, жігерленіп жүрсек, иммунитет жақсы көтеріледі, – дейді Астана медицина университеті профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − ten =