Екінші компонентті қай кезде алу керек?

0 23

Коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін 45 немесе 90 күн күтпей, 21 күн өткенде де салдыруға болады. Ол үшін өтініш қалдыру керек.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Министрдің айтуынша, екінші компонентті салдыру уақытын ұзарту шешімі вакцинаны шығарушылардың тұжырымына негізделген. «Бұл – әлемдік тәжірибе. Бізде вакцина шығарушылардың тұжырымы болды. Біз үшін бұл өте маңызды, себебі вакцинаны шығарушылар ғана оның әсері мен тиімділігіне мониторинг жасайды. Сонымен қатар, вакцинаны жеткізген елдердегі нәтижелерді көріп отырады. Бірінші компоненттен кейін де белгілі бір иммунитет қалыптасады және ол 90 күнге дейін интервал жасауға мүмкіндік береді» деп түсіндірді министр.

Алексей Цойдың екінші компонентті 21-інші күні салдыру үшін алдын ала өтініш қалдыру керектігін мәлімдеді. «Бізге көптеген азамат хабарласты, бірі бір жаққа кетіп жатса, енді бірі 21-күні екінші компонентті салдыра алмайтынын айтады. Екінші компонентті қанша күнде салдыруға болады деген алаңдау болды. Осыған байланысты, вакцинаны шығарушылар екінші компонентті 21-90 күн аралығында салдыруға болатынын мәлімдеді. Егер сіз екінші компонентті 21-күні салдырғыңыз келсе, жергілікті емханаға немесе біріншісін салдырған пунктке алдын ала барып, екінші компонентті салу туралы өтініш қалдырсаңыз болады, салып береді» деді ол. Министр екінші компонентті алу уақыты өзгеруі тек «Спутник V» вакцинасына қатысты екенін, қалған вакциналар бұрынғы тәртіппен салынатынын айтты. Сонымен қатар, ай сайын қазақстандық QazVac вакцинасының 100 мың дозасы жеткізілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Алексей Цой вакциналау паспортын сату мәселесіне қатысты пікір білдірді. Журналистер «Әлеуметтік желіде жұрт паспортты 5-15 мың теңге арасында сатып алуға болатынын жазып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұған қатысты қандай шаралар қолданады?» деген сауал қойды. «Жалған паспорттарға келер болсақ, бұл тіркелген алғашқы оқиға болып отыр. Бұл ақпаратты алғаннан кейін мен Алматы әкімдігіне хабарластым. Таңертеңнен бастап бақылауға алдық, күш құрылымдарымен жұмыс барысын талқылап, күдіктіні ұстадық. Әлеуметтік желіні бақылап отырмыз. Мұндай жағдайлар туралы мәліметіңіз бар болса, біз ақпаратты қабылдауға дайынбыз. Біз барлық медицина қызметкеріне бұл қылмыстық жаза екенін ескерттік. Дәрігер болсын, маңындағы қызметкерлер болсын, бұл заң екенін түсінуі керек. Біз бәрін тауып, жазалаймыз. Мұны дәлелдеу оңай. Өйткені әр доза ақпараттық жүйеде көрініп тұр. Егер мұндай жағдай болса, қылмыстық іс қозғалады. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» деп жауап берді құзырлы ведомство басшысы. Бұған дейін Алматы тұрғыны бірнеше клиника атынан вакцинацияның электронды паспортын ұсынғаны туралы ақпарат жарияланды. Әр клиникаға байланысты паспорт бағасы 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейін болған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 1 =