Екі қолға – бір күрек

0 17

Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың қатары 84,7 мыңға жетті. Бұл күні елімізде жұмыс табылады, керісінше, құлқы жоқтардың саны көп пе? Әлде жұмыспен қамту орталықтары ұсынған қызметтер көңілінен шықпай ма?Қалалық жерлерде жұмыссыз­дық деңгейі бір жыл ішінде 4,2 пайыздан 4,3 пайызға дейін ұл­ғайса, ауылдық жерлерде, керісін­ше, 3,4 пайыздан 3,2 пайызға дейін қысқарды. 2019 жылдың үшін­ші тоқсанының соңындағы жағдай бойынша 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың 31,4 мыңы немесе 37,1 пайызы – жоғары білімді. Жоғары білімі бар жұмыссыздардың саны бір жылда 6,9 пайызға өсті. Ал жоғары оқу орнын әлі аяқтап үлгермеген 4,1 мың (4,8 пайыз) жас бар. 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың көбі – кәсіби орта білімді: 33,6 мың адам немесе 39,7 пайыз.
Қайта оқыту жұмыстары мен түрлі гранттар, микрокредиттер беріліп жатыр. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына 19 000 адам жұмыс сұрап барған. Оның ішінде 6119-ы – жастар. Олардың 5788-іне екі қолға бір күрек табылған. Бұдан бөлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 1025 жас қатысып, қызметке орналастырылды. Бір айлық жал­ақылары – 70 139 теңге.
Жастар неге дайын жұмысқа бармайды?
– Бас тартатын кездері, әрине, кездеседі. Өйткені жастарды жалақы жағы қанағаттандырмайды. 70 мыңды азсынады. Ал тәжірибе болмағаннан кейін мекемелерде де жоғары еңбекақы төлей қоймайды, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Исекеев.
Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова бұл мәселенің бірнеше себебі болуы мүмкін екенін алға тартады. Солардың ішінде негізгісі – жастарға орта білім алу кезеңінде жеткілікті деңгейде бағыт-бағдар бермеу.
– Жұмыссыз жастардың болуының бірінші себебі – 11-сыныпты бітіргенге дейін олардың өзінің кәсіптік бейімделу жұмыстарының болмауынан. Екінші, ол жастардың әлі күнге дейін өздерінің әке-шешелеріне, мемлекетке сенуі. Үшіншіден, қызығушылық болмауы. Яғни ұсынылған жұмыс қызығушылығын тудырмаса, ол жерде жұмыс істегісі келмейді деп ойлаймын, – деді С.Оразбекова.
Шаруаға ерте араласқан Ұлан Жармұханбетов – көпшілікке өз жолын, кәсібін табуға көмектесіп, жоспармен жүруді егжей-тегжейлі талдап, түсіндіріп жүрген жас кәсіпкер. Оның пікірінше қандай да бір іске жең түріп кіріспес бұрын мақсатты айқындап алу қажет.
– Бір жағынан жастардың жұ­мыс­тары көп, оның бәрін олар жүзеге асырып үлгермей жатыр, екінші жағынан жұмыссыз жүрген жастар да бар. Бұл жерде ең бастысы, мақсат мәселесі және жауапкершілік мәселесі, яғни себеп-салдар. Көп жастар: «нарықта жұмыс жоқ, барлық жұмыс ұсынушылар үлкен талаптар қояды, не істейміз?» деп айтып жатады. «Ал сен өзің нені қалайсың?» деген сұрақ қойылған кезде ең алдымен олар ақша табуды, яғни аз уақыт ішінде өте қомақты қаржыға ілінгісі келетіндерін жеткізеді, – дейді ол.
Бәрі айналып қаражатқа келіп тірелетінін тақырыпқа қарай пікір білдірген қай маман болсын мойындайды. Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты алып шаһарларда 70 мың теңгеге өмір сүрудің оңай емес екенін ескерсек, жастардың уәжі түсінікті. Бірақ тәжірибе жинақтау үшін алдымен бір істен бастау керек екені тағы бар.
Осы орайда: «Жасқа жұмыс ұсынды, 50 мың бола ма, 60 мың теңге бола ма, оған баруы керек, әрі қарай жалақының өсуі әрбір азаматтың өзіне байланысты. Егер ол сапалы, нәтижелі, жақсы жұмыс істейтін болса, ертеңгі күні жалақысы өсетін болады. Қазіргі таңда кәсіби жағынан білікті мамандарды табу қиын. Керек болатын болса екі жұмыс немесе түнде, демалыс күндері жұмыс істеуі керек. Яғни әркімнің жағдайының жақсы болуы тікелей өзінің талпынысына қарай» деп премьер-министердің орынбасары Бердібек Сапарбаев тілге тиек еткен еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды