Екі дүниені еркін суреттеп…

(Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының бір қысқа романы хақында)

0 230

Жұмбағы көп өмірді алып мұхитқа теңеп жүрген адамзат әлі күнге дейін оның барлық тылсым сырларын анықтап, зерттеп болған жоқ. Жарық дүние болған соң, оның жалғасы – о дүниенің де бар екенін, оның өз қарекеті, өз тәртібі болатынын көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Оған терең үңіліп, толыққанды мән бере бермейтініміз де жасырын емес. Бірақ адамзаттың екі дүниесі де бір-бірімен ажырағысыз, тонның ішкі бауындай тас-түйін байланысқан заңдылық екені айдан анық. Тірі пенде мұны қалай ма, қаламай ма Жаратқанның бұлжымайтын заңы солай.

Ислам ғұламалары ежелден-ақ мұны әр­дайым ескертіп, адамдардың зердесіне құюмен келеді. Айту парыз болғанымен, мұның терең түкпірінде шын мәнінде маңызы зор мәселенің қылаң беретінін білудің өзі артықтық етпейді. Тіршілігінде жан-жағына мейірім шуағын шашқан жақсы адамдардың бақилық сапары да жақсы сипатталатынын әулие-әмбиелер өмірі, тіпті о дүниелік жақын-туыс­тарымыздың әрдайым түске кіріп, сол баяғы жайдары мінез-құлқымен, тіпті айтқан ақылымен жақсы әсер қалдыратынын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндай құбылыс, әрине, бақилық адамның тіршілігінде ұлағатты ғұмыр кешіп, ешкімге ұқсамайтын дара қасиетімен өзі өмір сүрген отбасына, былайғы жұртқа қадірлі болуымен ұзақ уақыт есте қалып қоятыны тағы бар. Бұлай деп топшылауымызға себеп те жоқ емес. Белгілі жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының былтыр ғана жарық көрген «Ащы да тәтті өмір» (Қалдан-Жәлден, Нұр-Сұлтан, 2020 ж.) аталатын қазіргі қысқа романдар топтамасына енген «Бақидан келген келіншек» роман-драмасын оқығанымызда тағы да айқын көз жеткізгендей күйге түстік.
Роман-драма бір отбасында ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыпты жандардың жан-күйзелісі мен тебіренісі арқау еткен. Өкініштісі сол, роман желісі отбасы иесі, беделді ер-азамат Байжұманның жастайынан құдай қосқан қосағы Бижамалдың мезгілсіз о дүниеге озуынан туындаған өзекті өртейтін шерлі-мұңмен өрбіп отырады. Дәлірек айтқанда, Англияда оқитын қызын көріп қайтпаққа аттанған отанасы Бижамалдың қапияда ұшақ апатынан қаза тауып, ері Байжұманның сүйікті жарынан айырылып, ауыр мұңлы күйге душар болуы кімді де болса бейжай қалдыра алмайды. Алайда сүйікті жары, балаларының жақсы анасы бақилық болған келіншегі Бижамал мен Байжұманның арасындағы екеуара диалог-әңгімені зерделей келе біз белгілі жазушы Жолтай Әлмашұлы өз шығармасын тек мұң мен қайғырудан емес, адамгершілік иірімдеріне, отбасы игіліктеріне, балаларының болашағына нұрлы бағдар сілтеу сияқты маңызды жағдаяттарға басым көңіл бөлгенін байқаймыз. Тіпті «адамды басыңа іс түскенде байқайсың» деген қағиданы жете түсінгендей боласың?
Айтылар ой тіпті бақилық келіншекке келіп тіреліп тұрған жоқ. Шығарманың айтар идеясы – өмірге құштарлық, сыйластық, қамқорлық, ешкімді ренжітпеу сияқты адами қасиеттердің тіршілікте қаншалықты маңызды екенін жеріне жеткізе баяндау болып табылады. Адам бойында кездесетін жақсы әдеттерді жаңғыртып, жамандарынан арылу жолдарын көрсетуге ұмтылады. Белгілі жазушы сондай-ақ басқа түскен қиыншылыққа күйреп кетпей, қалайда үлкен жүректі адам болып қалудың адал да таза жолын нұсқайды.
Отбасы тіршілігін, балаларының өмірін қалай ұйымдастыру, тіпті отағасы Байжұманның шаңырағын шайқалтпайтын мәселелерді алдағы кезеңдерде қалай іске асыру керек деген өзекті ойлар жиырма жеті түн бойы бақилық әйел мен оның көзі тірі ерінің арасында өрбіп отырады. Бір қарағанда, бақилық келіншектің түн ішінде өзінің өмірде бар жан-жарының үйіне келіп, онымен тіпті өз бөлмесінде тірі адамдай тілдесуі қалай дегендей сұрақ туындайтынын да жасыруға болмас. «Ыңғайсыздау кездесу ғой бұлардікі» деген сияқты суық ойлардан бойыңыздың мұздап, тіксініп қалуыңыз да ғажап емес. Алайда роман-драма оқырманды мұндай пиғылдан дереу арылтып, шығарма оқиғасы одан әрі тапжылмай оқып шығуға жетелеп отыратынын ашық айтқан жөн. Өйткені бақилық келіншек жай ғана әйел емес, тіршілігінде ақылы асқан, парасатты даналық ой иесі. Негізгі мақсат – осындай жандарды әдеби-жағымды кейіпкер жасап, ой бөлісіп, пайдалы іс атқару, жақсыдан өнегелі ғибрат алып қалу. Сол арқылы жаманнан жиреніп, жақсылыққа ұмтылу.
Осы шағын роман-драмада, айта кетерлік өзекті мәселе, жастар тәрбиесі де шет қалмаған. Бақилық келіншек Бижамал мен Байжұман өздерінің әр кездесуінде Англияда оқитын қызы Гүлсайранның болашақ өміріне көп алаңдайтынын үнемі қайталаудан жалыққан емес. Оның да өзіндік сыры бар болып шықты. Студент бойжеткен Гүлсайранның бірге оқитын досы, ұлты грек жігітіне тұрмысқа шығу ниетін Бижамалдан естігенде Байжұманның естен тана жаздауы көпшілік ата-анаға тән жағдай екені даусыз. Әкесінің жалынып ескертуін құп алғанымен Гүлсайран уақыт өте келе грек жігіттен бойын аулақ салады. Бірақ екінші бір шетелдік жапон жігітіне ғашық болып, ақыры оқиға екеуінің тұрмыс құруына әкеп соғады. Мұндағы басты қасірет – қазіргі кейбір жастардың мына жаһандану үдерісін халықтардың бір-бірімен мидай араласуын, жерге, ұлтқа бөлінбеуді дұрыс санайтыны, ұлтсыздануға бастайтын қауіпті құбылысты түсінбеуі еді. Шынында қазіргі жастардың, әсіресе қазақ қыздарының өз ұлтынан жиреніп, шетелдік ерлермен көптеп тұрмыс құруы алаңдатарлық жағдайға әкеп соғып отырғаны жұрттың бәріне белгілі. Ел іші болған соң қазіргі кезде онда тұрған не бар деп, өздерінше пәлсапа түйетіндер де аз емес. Жазушы роман-драмасы арқылы қалың көпшілікті қалай да осы бір қауіпті бетбұрысты тежеу үшін бала тәрбиесін мықтап қолға алуға үндейді, өз ұлтын сүюге баулуды алға тартады. Өз ұлтымыздың қаймағын бұзбай ұрпақтан ұрпаққа таза болмысын сақтап қала беруді көздейді.
Роман-драмадағы ең жағымды кейіпкер Байжұманның жан досы Кенжеханның қандай жағдайда да қол ұшын беріп, көмектесуге дайын тұруы үлкен жүректі адал азаматтың белгісін алға тартады. Мұндай достарың көп болса, жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа деген қағиданы еріксіз еске түсіреді. Жалпы роман-драмада бұдан басқа да жас кездегі қателіктерге ұрыну салдары, есейген шақта соны түзетуге шарқ ұрып жанталасуы – адам баласында жиі кездесе беретін құбылыстар. Дәлірек айтқанда, некесіз балалы болу – ол баланың анасының түрлі себептермен бақиға озып, туыстарының қолындағы аянышты тағдыры қазіргі қоғамның басты қасіреттерінің бірі. Осындай қайғылы әрі ауыр тағдырлы балаларға барынша қамқор болуға ұмтылу іс-әрекеттерінің сөз болуы шығармада адамгершілік құндылықтарға ерекше мән берілгенін бағамдай түсеміз. Мұндай жағдайдың шығарманың басты кейіпкері Байжұманның да басынан өткені, басқадан туған ұлын жанұшыра іздестіруі сенімді суреттелген.
Осы тұрғыдан алғанда, жазушы қиялынан туындаған адами-тәрбиелік тағлымы мол бұл шығарманы шын мәнінде қазақ әдебиетіне қосылған үздік үлес деп айтуға толық негіз бар. Бақилық болғандар мен тірі адам арасындағы диалогқа құрылған шығармалар әлем әдебиетінде, тіпті қазақ әдебиетінде де кездесетіні оқырман қауымға жақсы белгілі. Қаламгер Жолтай Әлмашұлы мұны қысқа да нұсқа әрі тартымды етіп қызғылықты түрде өз оқырманына шеберлікпен жеткізе білген. Бірнеше жүздеген беттен тұратын далиған романдардан гөрі осындай шағын роман арқылы мол ой түюге болатынын белгілі жазушы шын мәнінде тағы бір рет дәлелдеп шықты. Жалпы қазіргі қазақ әдебиетімізде көлемі жүз бетке жетпейтін қысқа-шағын романдар жоқтың қасы. Сондықтан болар, белгілі қаламгердің «Ащы да тәтті өмір» деген кітабына енгізілген бес бірдей шағын романды қазақ әдебиетінде пайда болған тосын жаңалық ретінде қабылдап жатқандар да аз емес. Мұның өзі – жазушыға берілген үлкен баға, шынайы құрмет.
Мәселе бақилық әйелдің түн ортасында өз үйіне келіп, таң ата көзден ғайып болуына келіп тіреліп тұрған жоқ. Оқиға желісі марқұм Бижамал мен көзі тірі бұрынғы жары Байжұманның бірге ғұмыр кешкен кездеріндегі бір-біріне деген терең сүйіспеншілік сыйлас­тығын, екеуара мінез-құлық иірімдерін, бала тәрбиесін, тіпті қателіктің өзін түзеу қажеттілігін алға тартады. Бақилық Бижамалдың ойы мен мақсаты қалайда бұрынғы ортақ шаңырақтың шайқалмауы, бұрынғы ері Байжұманның жаңадан өз отбасын құру қажеттілігі туралы өзекті ақыл-кеңестері жақсы адамның бақида да Жаратқанның сүйікті құлы бола алатынына кәміл сене түсесің. Яғни, роман-драманың арқауы «екі дүние­нің жақсылығын бер» деп отыратын ата-бабаларымыз айтқандай жақсылық атаулының бәрін әуелі өзіңнен, одан кейін отбасыңнан бастап, халыққа қадірлі, елге сыйлы азамат бол дегенге саяды. Осындайда халқымыздың: «қайран, біздің аналар-ай, арды ойлаған» деп келтіретін ғибратты сөздері еріксіз еске оралады.
Байжұманның бақилық жары Бижамал тағы бір келгенінде өзінің үйінде үйқыз­метшісі ретінде жұмыс істейтін келіншек Айсараны жақсы жағынан сипаттап, бұрынғы ерінің сонымен бас қосуын сездірткен болатын. Айсарамен көңіл жарастырсаң мен о дүниеде уайымсыз тыныш болар едім, саған келуді мүлдем доғарар едім деген ойын білдірген-ді соңғы келгенінде Бижамал. Мұндағы айтылар ой – бұрынғы ортақ шаңырақты шайқалтпау, жақсы әйел келіп, өзінің орнын жоғалтпай, сүйіктісінің бақытты болуын тілеген ізгі ниет еді бұл. Мұндай ізгілік-мейірімділік иірімдері мынау қатыгездік жайлаған заманда азайып бара жатқаны көңілге үлкен өкініш ұялатады. Ешкім де бақилық болмай-ақ қойсын, бірақ былайынша бірге ғұмыр кешіп жүрген ерлі-зайыптылардың көпшілігінің өмірі күнде ұрыс-керіс, бірін-бірі тұқыртып, жанын жаралау екенін байқап жүрміз. Бақытты өмір сүрудің жолын нұсқайтын жақсылық атаулыны жанына серік етсе соларға ешкім «мынауың теріс» демес еді ғой. Демек, жақсылық атаулы, адамгершілік қасиеттер сарқылмаса екен, адамдар жақсы ғұмыр кешіп, саналы ұрпақ қалдырса екен деген ойлардың өзекті бола түсуі қазіргі қоғамды ойлантуы тиіс.
Үлкен қаламгер Жолтай Жұмат Әлмашұлының «Бақидан келген келіншек» роман-драмасын оқығандағы түйген ойларымыз әзірше осындай!

Сағындық НҰРЕКЕЕВ,
Қазақстан Журналис­тер одағы
­сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + fourteen =