Екі дос

0 179

Қазақ халқында «Досты періште қосады, құданы құдай қосады» деген әдемі бір мәтел бар. Ал, біз әңгімеге арқау ғып отырған екі адамның пікірлес-достас болуының ең басты себебі – замана арпалысы, дәуір тынысы. «Себеппен сылтау арбаға мінеді» деген сөз осындайда айтылса керек.

Бұл уақытта Кеңес Одағы фашистік Германиямен жаналысып, жанберісіп, шайқасып жатқан кез еді. 1941-45 жылдар дүниедегі тұңғыш социалистік ел үшін ауыр күндер мен түндер болды. Ол тарихқа  Ұлы Отан соғысы болып енді.

Ал, көршілес Қытай елі болса,  Жапонияның шапқыншылық дәуірін бастан кешіп жатты. Кеңес елі соғыста Германияны жеңді, 1945 жылы 8 мамырда сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойылды. 1945 жылдың тамыз айында Кеңес елі Германияның одақтасы Жапонияға соғыс ашты да, қыркүйектің басында Қызыл Армия Квантун армиясын талқандады. Осы кезеңде Қытай елі азаттық алды. Мао ЦзеДун Кеңес елінің басшысы И.Сталинге жеделхат жолдады.

Ал, 1975 жылы тамыз айында Мао ЦзеДун: «Қызыл Армия қытай халқына агрессорларды жою үшін көмекке келді. Қытай тарихында мұндай үлгі ешқашан болған емес. Мұндай оқиғаның әсері баға жеткісіз болды» деп жазады.

Біздің тарихқа үңілген себебіміз, біріншіден, тарихи оқиға арқылы оқырманға ой салу, екіншіден, екі елдің өнер адамының өзара қарым-қатынасының, ақырында достыққа ұласуы дәл осы кезең тұстас келетін еді.

Қазақ елінің алтын шаңырағындағы Бақытжан Байқадамов (1917-1977) өнер жолына өте ерте түсті. Оған әкесі мен анасының өнерпаз болуы ықпал етті. Байқадам Каралдин оқыған жоғары дәрежедегі интеллигент өкілі еді. Кеңес еліне беріле қызмет етті. Торғай ревкомының жетекшісі болды. Ол Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнін жақсы көретін еді. Байғұс әке жаладан істі болып, ақыры шейіт болды. Анасы ҮрзипаСанкт-Петербордағыарнаулы оқу орнын бітірген. Сол замандағы бүкіл қазақ қыздарына үлгі іспеттес. Қадірлі ана ұл-қызының қызығын көріп, өткен дәуірдің 90-жылдарының ортасында қайтыс болды.

Б.Байқадамов музыкалық өнердің барлық саласында қалам тартты. Сюита, симфониялары, әсіресе, әндері жастарды тәрбиелеуге зор ықпал етті. Оның «Айгөлек» әні бүкіл Кеңес еліне тарады десе болады. Ал, Мао ЦзеДун бұл әнді өте сүйіп тыңдаған, оны біз өнер тарихынан білеміз. Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткері Б.Байқадамов артында мол мұра қалдырды. Мен Бақытжан аға жайында «Қазақтың Дунаевскиі» атты мақала жаздым, ол кезінде бұқаралық ақпаратта жарияланды.

Міне, осындай аласапыран кезеңде Алматыға жел қуған қаңбақтай қытай композиторы Сиен Син Хай келіп еді. Бұл 1942 жылдың аяғы  мен 43-жылдың басы еді. Ол бұған дейін Мәскеуде, Ұланбатырда болған. Мәскеуге барған себебі, қытай бейнефильмін дыбыстауды, оған жәрдем алуды мақсат тұтқан.

Осы уақытта Қытайдың 8-ұлт-азаттық армиясының даңқы асып тұрған шағы еді. Әлгі кинолента осы саяси жағдайдан туындаған болатын.

С.Син Хай Алматыға келгенде қалтасында көк тиыны да болмаған. Яғни, барар жер, басар тау қалмай әбден қиналады. «Адамдар, әсіресе, армия әнсіз өмір сүре алмайды, ән болмаса, олар тобырға айналады» деп өзі айтқандай,бірге есімі елге танылып қалған өнер қайраткеріне тап болады. Ол – композитор Бақытжан Байқадамов болатын. «Ән дегеніміз – өмір, өмір дегеніміз – ән» деп пәлсапалайтын Бақытжан аға салған жерден С.Син Хайдың мүшкіл халін бірден ұғып, екі сөзге келместен үйіне ертіп әкеледі. Айналдырған екі бөлмелі қамыс үйде анасымен қоса екі қарындасы, екі інісі тұрып жатқан-ды. Анасы Үрзипа қонақтың жай-күйін бірден байқайды да, ләм-мим деп тіл қатпайды. Оқығандығы көрініп-ақ тұр. Бар айтқаны:

– Мен асты қызғанбаймын ғой, тек жатар орын ғана қинайды… Син Хай көп ұзамай Бақытжанның апасы Данабикенің бір бөлмесіне көшеді. «Еруліге – қарулы» дегендей, осылай ілдалдамен жүріп жатады.

Мен Сиен Син Хайдың шығармашылығын бір кісідей-ақ білемін. Өйткені, қазақтың музыкалық өнері жайында кітап жазып, еліміздің мақтан тұтар композиторлары, олардың шығармаларымен қатар қытай композиторы Сиен Син Хайдың өмірбаяны туралы мағлұмат келтірген едім. («Ғасырдан ғасырға» – Алматы, 2000 ж. «Дәуір» баспасы). «Ұлт азаттығы» симфониясы, «Хуан-Хэ» кантатасы және 500-ге жуық әндері бар, әсіресе, әскерилерге арнап жазған марш сипатты шығармалары көршілес екі елге ортақ мәдени мұра десем, артық кетпеспін.

Сиен Син Хай қазақтың кейбір халық әндерін өңдеп, домбыра ансамблінің орындауына лайықтады. Сиен Син ХайҚостанай облыстық филармониясында қызмет атқарған тұста композитор ұлттық батыр Аманкелдінің бейнесін беру мақсатында көп оқып, зерттеді, ел аралап, дерек жинады. Ақырында «Аманкелді» симфониясын жазып, оны Қостанай театрында 1944 жылдың 17маусымында сахналанды.

Біздің естуімізше, Сиен Син Хай осы симфонияны жазу барысында мың шақырымдай жерді жаяу аралаған (Торғай өлкесі). Сірә, ол қазақтың 1938 жылы шыққан тұңғыш көркем фильмі «Аманкелдіні»төрт-бес рет көрген болар. Бір ғажабы, екі дос бір-біріне шын көңілден аяушылық білдіргендей іштей ұғысатын. Бақытжан әкесінен тірідей айрылып, «халық жауының баласы» атанды, ал,Сиен Син Хай болса, соғыстың лаңынан шекара жабылып, елін, туған жерін көре алмай, кішкентай қызы Ни-Наны емірене сүйе алмай, арып-ашып, жүдеп-жадап, шарасыз күй кешті. С.СинХайдың өмірден ертерек кетуі Бақытжанға тағы да уайым әкелді. Син Хай досының әкесі Байқадамның 1957 жылы толық ақталғанын ести алмаса да, композитор оның Ұлы Отан соғысында Мәскеуді басқыншылардан қорғаған 316- атқыштар дивизиясының командирі генерал И.Панфиловтың қызы Валентинаға үйленуін қуана қарсы алды. Сол тойға қатысып, «екі алтынның сынығы, екі тұлпардың тұяғы» деп тебірене сөз сөйлейді. Бұл 1944 жыл еді. С.Син Хай уақытша жүрсе де, Алматы, Қостанай, Торғай аймақтарын өзінің кіндік қаны тамған Гуан-Дун өлкесі, Пан-уй уезі аймағы тәріздес жанымен сүйді. Көбік шашқан Хуан-хэ өзенін қалай мақтан тұтса, Торғай, Қабырға, Алматы өзендерінің суын да сондай ұнатты.

Қазақта «әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген мәтелге айналып кеткен бір арқау бар. Сол сияқты Б.Байқадамовтың Балдырған, Айгүл, Алуа атты қыздары, композитордың қарындасы, профессор Күнімжан, Данабикенің қызы ҚаламқасСиен Син Хайдың қызы НиНамен туыстай араласып тұрады. Әкесінің жолын қуған Балдырған әкесіне арнап 2000 жылы мұражай ашты. Сол үйге Сиен-СинХайға бағыштап, ескерткіш тақта орнатты. Осы мұражайдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге Қытайдың премьер-министрі ЦзянЦзэМин де қатысты. Ал, қазақ үкіметі Қытайдың ұлы композиторын есте сақтау үшін Алматының үлкен бір көшесіне есімін беріп, қоладан ескерткіш қойды.

Шаймерден ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =