Екі-ақ жыл ма ел өткерген қасірет?!

0 109

Былтыр 31 мамырда Астанада ашаршылық құрбандарына арналып ескерткіш-мемориал ашылды. Керегесі қи­ра­ған қаралы үй, аш­тық қинаған, көкке қа­рап тіленген кейуана, жүгенін сүйреткен қа­ратоз баланың бейнесі көптің көңілінен шыққан сияқты…

Өз басым елордаға келген қонағымды әуелі сол жерге ілестіріп апарамын. Нәубет жылдардың қасіретін сезіндіретін, ет-жүрегіңді езілдіретін ескерткіш деп. Бірақ, бір «әттеген-ай» көкейді тесіп барады. Не дейсіз ғой? Қара тақтаға бәдізделген жазу тарихи баяннан сәл бұрыс кетіп… «1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» деп тұр.

Рас, дәл осы жылдары ұжымдастыру саясаты, қазақтың байы мен орта шаруасын тап ретінде жою науқаны төтенше жүрді. Ал, әлгіндей жазу қазақ даласындағы ашаршылық екі-ақ жылмен түгесіледі екен деген түсінік тудырмай ма? «1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн 700 мың адам, 1932-1933-жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам қынадай қырылғанын айғақтайтын деректер бар» дейді тарихшылар. Мәселен, тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-1922 жылғы аштықта орталықтан келген Дзержинский басқарған 11 мың әскері бар арнаулы отряд Ақмола, Семей губернияларындағы азық-түлікті жинап әкеткенін айтады. Оны қайда қоямыз?
Тіпті, мұны аз көрсеңіз, Бейімбет Майлиннің аштықтан жапа шеккен қазақтың басына қойылған ең құнды ескерткіші – «Күлпәш» әңгімесі 1922 жылы жазылған ғой. Оны қайда қоямыз?

Ал, Қазақстанды Ф.И.Голощекин басқарған 1925-1933 жылдары елдi индустрияландыру және ұжымдастыру саясатының салдарынан тігерге тұяқ қалмай, 40 миллиондай мал басы 4 млн-ға қысқарған, сол кездегi ауа-райының қолайсыздығы мен аштықтан босқан әрбiр төртiншi адам қазаға ұшырап отырған. Оған 1929-1931 жылдардағы аяусыз басып-жаншылған 372 шаруалар көтерiлiсінің, үдере көшкен үркінші жұрттың есепсіз шығынын қоссақ, «қызыл террордың» қылмысын, қаймана қазақтың қасіретін тек екі-ақ жылға таңып қою төл тарихымызды өз қолымызбен тар аяға тықсырып тыққандай болмай ма? Әлде қазақ даласын дүркін-дүркін шарпыған ашаршылықтың әрқайсысына бір-бір ескерткіш қоймақ ниетіміз бар ма?

Және мұны басқа-басқа, тарихшылар жақсы біледі. Былтыр осы тақырыпқа қатысты «Аманат» пікірсайыс клубында өткен басқосуда Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған «Тарихи әділеттілікке жүгінсек, ең дұрысы, «20-30 жылдардағы ашаршылық құрбандары» деп қарастырған жөн» деп анық айтып еді. Талай жыл жабыла жазып, дерек үстіне дерек еселеген ғалымдарымыз, «Голодоморды» жалпыұлттық азаға айналдыра білген украиндарды үлгі қылған ұлтшыл, зиялы азаматтарымыздың осыған келгенде ерік-жігері мұқалып қалғаны қалай? Бүгінгі компьютерге, айпадқа есі кеткен жастарыңыз сіздің мұрағат екшеп жазған етжеңді еңбегіңізді оқымайды. Олар мағлұматты өтіп бара жатып, кетіп бара жатып визуальдық тәрбие құралдарынан алады. Ескерткіш – сондай нысанның бірі. Ендеше, тарихтан мақұрым, тайота мінген жас бала «Қазақ 1932-33 жылдары екі жыл подряд аштан қырылып қалыпты» деп тұрса, таңғалмаңыз.

Әділбек ЖАПАҚ,
adikezh87@gmail.com

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =