Екі адамға – бір көлік. Кептеліс қалай кемиді?

0 126

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Астана қаласы көлік жүйе­сінің дамуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Өзекті мәселелер сөз болған баспасөз мәслихатына Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин мен Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов және ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев пен ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Уваев, «Астана LRT» ЖШС менеджері Әбдіхамит Тамабаев қатысты.
Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов елордадағы көлік кешенін дамытудағы атқарылып жатқан жұмыс­тар жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, 1500-ге жуық қо­ғамдық көлік тәулігіне 450 мың жолаушыға қызмет көрсетеді екен. Ал жекеменшік көліктердің саны жыл сайын он мыңдаған цифрларға ұлға­йып келе жатқан көрінеді. Елордадағы ресми түрде тіркелген көліктердің саны 350 мың болса, қазіргі уақытта қала көшелерінде жүйткіп жүрген темір тұлпарлар саны 400-450 мыңды құрайды екен.

Осының салдарынан бас қаладағы көлік кептелісі орын алатынын айтқан басқарма басшысы бұл мәселені шешу үшін қалалық әкімдік тарапынан тиісті бағдарлама қабылданып, ауқымды жобалардың қолға алынып жатқанын жеткізді.
– Мысалы, автокөліктерге арналған жаңа жолдар, қосымша жаяу өткіншілердің жерасты жолдары салынып, көшелер де кеңейтіліп жатыр. Ағымдағы жылы 11 көше бо­йынша көлік нөпірін жеңілдету мақсатындағы жұмыстар аяқталып, 23-24 шақырым жол ретке келтірілді. Енді жақында Көктал, Өндіріс, Юго-Восток сияқты тұрғын үй алқаптарындағы 54 көшенің жөндеу жұмыс­тары аяқталады, – деген Б.Игенбердинов, – Қоғамдық көліктердің қозғалысын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Автобус жолақтарын да арнайы белгілеп қойдық. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кейбір жол жүру ережелеріне өзгерістер де енгізіп жатырмыз. Мысалы, бағдаршамның қызыл жанғандағы тыйым салынған белгісіне оңға қарай бұрылуға мүмкіндік беру жағы да қарас­тырылуда, – дейді.
Сонымен қатар, бірқатар көшелердегі жүк көліктерінің қозғалысына да тыйым салу көзделіп жатқанын, құрылыс алаңдары мен жанар-жағармай бекеттерінің маңайынан басқа көшелерде жүк көліктерінің қозғалысына тосқауыл қою жіті қадағалауда болатынын жеткізген Б.Игенбердинов «Нұр Отан» партия­сының қоғамдық тыңдауларының бірінде Астана қаласы бойынша елорда тұрғындарына жолақысын тегін қылу мәселесі де ұсынылғанын атап өтті.
– Аталмыш басқосуға қо­ғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысып, бұл мәселені жіті талқылаған болатын. Қазіргі уақытта бұл ұсынысты тұрғындар қызу талқылап жатыр. Жалпы, қоғамдық көлік қызметінің жолау­шыларға жайлы болуын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер қарас­тырылуда. Техникалардың сайманы мен жанар-жағармайдың бағасының артуына, мамандардың жалақыларының өсуіне және басқа да жағдайларға орай қазіргі тариф бойынша автобус парктері шығынын өтей алмауына байланысты басқа да экономикалық модельдер қарастырылуда. Мысалы, алдағы уақытта қаладағы әр пәтер иесі ай сайын 3800 теңге төлейтін болса, соған сәйкес, тұрғындар қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алады, – дейді Бек­мырза Игенбердинов тағы бір сөзінде.
Осы тұрғыда журналистер тарапынан қойылған сауалға «Астана LRT» ЖШС менеджері Әбдіхамит Тамабаев та жауап беріп өтті.
– 3800 теңге көктен алын­ған баға емес. Бұл – автопарк­тер шығынын ретке келтірудегі қаржының Астанадағы тұрғын үйлер мен ондағы пәтерлердің санына бөлгендегі цифр. Есесіне жолаушылар қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады, – деген Әбдіхамит Тамабаев өзі де қоғамдық көлікпен жиі жүретінін тілге тиек етіп, қолындағы талонын да көпшілікке көрсетті.
Жиын барысында журналистер тарапынан жауапты мамандарға теміржол бекеті мен әуежайлардағы ақылы көлік қоятын орындар, қаладағы транспорт жүйесінің дамуы, қоғамдық көліктердің қозғалысы мен тегін жолақы мәселелері тұрғысында сансыз сауалдар қойылды.
Автобустардың интервалы сақталып, уақыт кестесінен ауытқымай, әр аялдамаға дер кезінде келуі жіті қадағаланатынын, бұл ережелер орындалмаған жағдайда, қоғамдық көлік жүргізушілеріне айыппұл салынатынын айтқан Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов көлік жүйесінің дамуындағы барлық мәселелерді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, көпшіліктің пікірімен де санаса отырып шешілетінін жеткізді. Сол
сияқты автобуста тегін жү­руге мүмкіндік беретін, әр пәтер иесіне міндеттелетін 3800 теңге де қабылданған нақты шешім емес. Алдағы уақытта халықтың талқылауына ұсынылған бұл мәселе тұрғындармен ортақ пікірге келе отырып шешілетінін, көпшіліктен нақты ұсыныс­тарды да күтетінін айтты басқарма басшысы.
Көлік санының шамадан тыс көбеюі мен кептеліс мәселесін шешу үшін көліктік кешенді қоғамдық көлік саласын, басқару жүйесін дамыту, шектеулер мен тыйым салуды қолға алу және жол инфрақұрылымын дамыту да ойдағыдай жүзеге асуы үшін тұрғындардың ұсынысы маңызды екенін айтады мамандар.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =