Эйнштейнді өзгерткен әңгіме

0 198

Әлемге әйгілі ұлы физик Эйнштейн бала күнінде ойынқұмар, үй бетін көрмейтін тентектеу болыпты. Анасы оның осындай мазасыздығын көріп, іштей қынжылып, баласының болашағына алаңдайды. Оған бұл ойындардың пайдасыз екенін айтып түсіндіре алмай, біраз әуреге түседі. Қанша айтқанмен де бір құлақтан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді екен. Әрине, балалықтың еркелігі ғой. Он алты жасқа келгенде, Эйнштейн әкесімен өзенге балық аулауға барады. Сол кезде әкесі оған бір әңгіме айтып береді. Осы бір әңгіме Эйнштейннің бүкіл өмірін өзгерткен еді. 

– Кеше, – деп бастайды әкесі әңгімесін, – көрші Джек екеуміз оңтүстік жақтағы зауыт пешінің ысын тазаладық. Зауыт мұржасына тек оның ішіндегі сатымен ғана шығуға болады екен. Джек мырза ал­дында, мен со­­ңында ке­­ле жа­тырмын. Біз бір-бірімізді демеп жү­ріп, мұржа басына зорға шық­тық. Түскен кезде де, Джек аға­мыз алдымен түсті де, мен со­ңы­нан түстім. Ысты таза­лап, әб­ден шаруаны тын­­дыр­ған кезде мен мына­дай жағ­дайды байқадым: Джек ағайың­ның үсті-басы ыс­тан, күйеден көрінбейді екен. – Эйнштейннің әкесі күле сөйлеп, әңгімесін жал­ғастырды, – Джек ағайың­ның кейпін көріп, іш­тей менің кейпім де дәл сондай шығар деп ойладым. Бе­тім кісі көр­гісіз боп тұрған шығар дедім. Сосын жақын маң­дағы кішкентай өзенге ба­рып жуына бастадым. Ал Джек ағайың болса, менің үсті-ба­сымды көріп, өзін де сондай тап-тазамын деп ой­лапты да, өзенге барып қолын ғана ша-йып шыға берген. Көше­де­гі халықтың бәрі Джек ағайың­ды көріп, күлкіден қыран-то­пан бопты. Олар Джек ағайың­ды есі ауысқан кісі деп ой­ла­са керек.

Эйнштейн бұл әңгімені естігеннен кейін, қарқылдап күледі. Сонда әкесі ауыр күр­сініп: «Шындығында, басқа адам сенің айнаң бола алмай­ды, сен өзіңе-өзің айна бо­луың керек. Басқа адамдар­ды өзіңе айна ретінде сана­саң, сен сол сәттен ақымақ бола­сың немесе өзіңді керемет талант иесі деп ойлайсың» дейді.

Эйнштейн әке сөзінен кейін, өзгеріп сала береді. Кешегі ойынқұмар, сотқар бала енді басқаша. Ол әр сәт сайын өзін өзіне айна етіп, ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі нұрландырады.

Кез келген адам өз-өзі­не әрқашан сын көзбен қа­рай білуі керек. «Сын тү­зел­мей, мін түзелмес» де­мек­ші, сынды да дұрыс қа­былдай білуі керек. Бірақ, ең бі­рін­шіден, өзіңе-өзің сын­шы бол. Егер адам өзін жақ­сы көріп, жамандықтан жи­реніп, жақсылыққа үй­ренсе, басқалар да сені солай қа­былдайды.

Ақбота ЗЕТУЛЛА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =